
Ауданымызда аймақтық семинар-практикум өткізілді
Бейбіт СЕРІКБАЙ
02 сәуір, 2014
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласына басты назар аударып: «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», – деді.
Жалпы соңғы уақытта Үкімет тарапынан білім саласына көп көңіл бөлінуде және білім деңгейін көтеруге көзделген бірнеше бағдарламалар қабылданды. Біздің облысымызда да осы орайда көптеген шаралар қолға алынуда.
Наурыз мерекесі қарсаңында ауданымыздағы №39 орта мектеп гимназиясында «Тарих пәнін оқыту барысында оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің өзекті мәселелері» тақырыбында аймақтық семинар-практикум өтті. Семинар-практикумды Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырды. Бұл іс-шараға облысымыздың Т.Рысқұлов, Қордай, Шу, Байзақ, Мойынқұм, Меркі аудандары мен Тараз қаласы орта мектептерінің тарих пәні мұғалімдері мен әдіскерлері қатысты.
Семинардың ашылуында алғы сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу- әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Б.Тәжібаев семинар- практикумның күн тәртібімен таныстырып: «Бүгінгі семинарды өткізуіміздің басты мақсаты – тарих пәнін оқытатын мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру мен оқытудың заманауи әдістерін қолданудың озық тәжірибесін жинақтау және тарату» – деді. Сондай-ақ, оқу үрдісінде оқыту мен оқу тәжірибесіне сын тұрғысынан ойлау тәсілдерін енгізудің ерекшеліктерін анықтау. Қоғамдық пәндерді оқытудың мазмұнын жетілдіру жолдарын көрсету, тәжірибе алмасу деп атап айтты.
Сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев те бұл семинар-практикумның тарих пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктіліктерін көтеру, білім деңгейін дамытуда қосар үлесі зор екендігін жеткізді. Сонымен қатар барлық қонақтар мен қатысушыларды семинардың ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Республика, облыс бойынша ұйымдастырылған байқауларда жетістіктерге жетіп жеңімпаз, жүлдегер атанған ауданымыздағы тарих пәні мұғалімдері кабинеттерге бөлініп, ашық сабақтар өткізді. Семинар-практикумның бірінші бөлімінде «Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасын қолдану арқылы ұйымдастырылған ашық сабақтар топтамасын» 7, 10, 11 сынып оқушыларымен №39 орта мектеп гимназиясының тарих пәні мұғалімі А.Сұлтанова, №17 ОМГ мұғалімі М.Айнақұлова, №4 ОМ мұғалімі А.Оңалбаева, №21 ОМ мұғалімі С.Қайырбеков, №44 ОМ мұғалімі А.Смағұлова, №39 ОМГ мұғалімі Г.Баубековалар әр тақырып бойынша өткізді.
Екінші бөлімінде облыстан келген қонақтар мен аудандық білім бөлімінің бас маман, әдіскерлері және тарих пәні мұғалімдері баяндамалар оқып, шеберлік сабақтар, тұсаукесер рәсімдер өткізді. Семинар соңында «Мерейлі Меркі» жерінде өткізілген «Тарих пәнін оқыту барысында оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы аймақтық семинар-практикумнан тәжірибе жинаған аудандардан келген тарих пәні мұғалімдері алғыстарын айтып, семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.



