top of page

Ұстазға демеу болу – міндетіміз

Нұрбану КАМАЛ

04 сәуір, 2014

Сейсенбі күні ауданымыздағы балалар мен жасөспірімдердің «Үміт» сарайында білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің ІІІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Комитеттің өткен 5 жылда атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін саралап, алдағы жоспарларды бағамдаған алқалы жиынға бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 85 делегат пен құрметті қонақтар қатысты. Күн тәртібіне қойылған 6 мәселе түгел қаралып, конференцияда білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің төрайымы сайланды. 

Делегаттардың дауыс беруімен конференция ашық деп жарияланған соң білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің төрайымы Ғалия Қажығалиева конференция қатысушыларын таныстырды. Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлсін Орынбаева, оның орынбасары Виктор Беженаров, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының аппарат жетекшісі Ерұлан Мағзымбеков тағы да басқа аудандық, Тараз қалалық комитеттерінің төрағалары, аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов, аудан әкімінің орынбасары Қамбар Смайлов (суретте), кәсіподақ ұйымының ардагерлері мен ұлағатты ұстаздары таныстырылған соң, президиум мүшелері сайланып, конференция тізгіні №18 А.Қосанұлы атындағы орта мектептің директоры Бауыржан Қылышбековке берілді. Жұмыс тәртібі бойынша конференцияның секретариат құрамы, мандат комиссиясы, редакция және есеп комиссиялары жасақталды. Күн тәртібіне қойылған негізгі мәселе – білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің 2009-2013 жылдар аралығындағы жұмысы туралы есебі бойынша баяндама оқыған Ғалия Қажығалиева ауданымызда кәсіподақтар қозғалысының жылдан жылға өркендеп келе жатқандығын атап өтті. «Мұғалімнің шығармашылық еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік жағдайына назар аудару, белсене еңбек етуіне мүмкіндік туғызып, ұстазға рухани демеу болу – кәсіподақ ұйымының парызы екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қызметкер мен жұмыс берушінің негізгі еңбек қатынасын реттейтін құжат – 2012-2014 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Келісім арқылы осының барлығының іске асуына қол жеткізіп отырмыз», – деген ол, ұжымдағы жұмысты ұйымдастыруда заңға сай талапты дұрыс түсіне біліп, әлеуметтік әріптестік шарттарын толығымен орындауға ерекше мән берген білім мекемелерін атап өтті. «Білім беру ұйымдарында еңбек заңдылығын сақтау, еңбек, жалақы төлеу мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық актілердің орындалуы кәсіподақтың басшы органдарының үнемі назарында», – деді Ғалия Қажығалиқызы өз сөзінде. Бұдан соң баяндама оқыған №12 Қ.Сарымолдаев атындағы орта мектептің кәсіподақ комитетінің төрағасы Шымыржан Кәрібаев тексеру комиссиясының жұмысы туралы есеп берді. Ол өз сөзінде комитеттің білім қызметкерлерінің денсаулығына аса мән беретіндігін атап өтті. Осы 5 жылда білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің көмегімен ауданымыздағы «Меркі», «Ақ ниет» шипажайлары, Сарыағаш, Манкент, Т.Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласындағы «Самал» т.б. шипажайлар мен сауықтыру орталықтарына барлығы 688 жолдама берілген. 

Жарыссөзге шығып сөйлеген аудандық білім бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиев аудан ұстаздарының облыс, республика көлеміндегі жетістіктерінде кәсіподақ ұйымының үлесі зор екендігін атап өтті. Жарыссөзде балалар мен жасөспірімдер «Үміт» сарайының бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы Ирада Мамедова, аудандық оқу бейімдеу орталығының директоры Үрияхан Мамикова, Меркі, Т.Рысқұлов ауданаралық кәсіподағының құқықтық инспекторы Берік Баймағамбетов, №11 Ә.Хасенов атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ комитетінің төрайымы Мадина Қоңырбаева, №6 «Кеңес» орта мектебінің директоры Рахат Сейітқазиев, №17 орта мектеп гимназиясының кәсіподақ үйірмесінің жетекшісі Мақпал Айнақұловалар сөз алып, комитеттің қазіргі таңда атқарып отырған істеріне оң баға берді және кәсіподақ жұмысын одан әрі жетілдірудегі ойларын да айтты. 

Сөз кезегі Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлсін Орынбаеваға берілді. 

«Біз бүгін комитет жұмысына баға беріп, төрағасын сайлау үшін жиналып отырмыз. Сондықтан да бұл – өте маңызды сәт. Меркі – жауапкершілігі мол, белсенді аудандардың бірі деп айта аламын. Есепті кезеңде көптеген жұмыстар атқарылды. Комитет білікті басшының көмегімен көптеген жетістіктерге жетті», – деген Гүлсін Орынбаева облыстық кәсіподақ комитетінің алдағы жоспарларына да тоқталды. 

Сондай-ақ, ол білім мекемелеріндегі еңбек заңдылығының бұзылуы, жұмыс берушінің қызметкерге ескертпестен қызметін ауыстыруы, сыйақы беру мәселелері, білім қызметкерлеріне коммуналдық төлемдер үшін берілетін қаржыны келісімде көрсетілгендей 8 мың теңгеге жеткізу, тағы да басқа тек қана біздің ауданда емес, жалпы білім қызметкерлерінің кәсіподақ жүйесінде орын алып отырған бірқатар кемшіліктерді кезек күттірмей шешу керектігін айтып, кәсіподақ ұйымдарының басшыларын алдағы уақытта осы мақсатта жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Жарыссөз тоқтатылып, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қаулы қабылданды. Конференция делегаттары комитеттің 5 жылда атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің төрағасын сайлау. Гүлсін Орынбаеваның төрағалық етуімен қаралған екінші мәселеде делегаттардың ашық түрде дауыс беруімен бірауыздан Қажығалиева Ғалия Қажығалиқызы білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің төрайымы болып қайта сайланды. Комитет жұмысын алдағы 5 жылда бұдан әрі жандандырып, еңбек адамдарының құқығын қорғауда жемісті еңбек етеді деген сенімге ие болған Ғалия Қажығалиқызы делегаттарға алғыс білдіріп, сенімдерін ақтауға тырысатынын жеткізді. Аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов, ардагер ұстаздар Бақыт Төлетбек пен Фатима Манатовалардың құттықтауларынан соң, конференция өз жұмысын жалғастырып, тексеру комиссиясының құрамы, білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің құрамы және комитеттің Кеңес құрамы, сондай-ақ, ҚР Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының кезекті есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды. Білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитетінің құрамына – 45 адам, Тараз қаласында өтетін конференцияға делегаттыққа 9 өкіл сайланды. 

Конференция жабық деп жарияланған соң, марапаттау рәсіміне кезек берілді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиев пен №14 орта мектептің директоры Қошқарбай Намазов ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, саланы дамыту мен жетілдіруге қосқан үлестері үшін білім саласының бір топ қызметкерлері – мектеп директорлары, мұғалімдері, кәсіподақ ұйымдары төрайымдары Жамбыл облысы кәсіподақтар федерациясының, Жамбыл облыстық білім департаментінің, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайының директоры Гүлнұр Шойбекова «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, кәсіподақта жемісті еңбек еткен қызметкерлер мен мерейжасына келген білім саласының өкілдеріне аудандық кәсіподақ комитетінің сыйлықтары табыс етілді.

 

Please reload

bottom of page