
Қазақ күресінің шеберлері бақ сынасты
Бейбіт СЕРІКБАЙ
31 қаңтар, 2014
Биыл Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 23 жыл толады. Осы жылдар аралығында еліміз қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткере отырып, даму бағытына бет алды. Әрине, бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен көрегендігінің, қазақстандықтардың еңбекқорлығы мен ыждаһаттылығының арқасында іске асты. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2050-жылға қарай ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды басты мақсат етіп қойды.
Жолдауда спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі екені де айтылды. Осы орайда, ауданымызда да ұйымдастырылып өткізіліп жатқан спорттық шаралар ауқымы өсуде. Ұлттық спортымызды дамытуға ден қойылып, жаңа үйірмелер ашылуда.
Ұлттық, атадан балаға мирас болып қалған Қазақ күресі қайта жаңғыртылып, әлемдік деңгейде әйгілі болды.
Соңғы уақытта елімізде жылда дәстүрлі түрде «Қазақстан барысы» Республикалық турнирі ұйымдастырылса биыл облыс орталығы Тараз қаласында жаңадан бой көтерген «Тараз-Арена» спорт кешенінде алғаш рет «Еуразия барысы» халықаралық жарысы өтті. Бұл додада қазақ балуандары айқын басымдылық көрсетіп, командалық есепте бірінші орынды иеленіп, «Еуразия барысы» атағын жеңіп алды.
Ауданымызда да қазақ күресі үйірмесі «Аула клубында» ашылып, меркілік балалар қызығушылық танытып, көптеген жастар ұлттық спорт түрімен айналысуда.
Өткен аптаның сейсенбісі күні "Аула клубының" спорт залында Қазақ күресінен 1997-1998 жылы туылған жасөспірімдер арасында Жамбыл облысының іріктеу жарысы өткізілді. Дүбірлі додада облыстың Жамбыл, Шу, Қордай, Байзақ, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Меркі аудандары мен Тараз қаласынан барлығы 180 спортшы қатысып бақ сынады.
Салтанатты жағдайда өткен жарыстың ашылу салтанатында спортшылар шеруі болып, ҚР Әнұраны орындалды.
Сондай-ақ, спортшыларды жарыстың қонақтары: аудан әкімінің орынбасары, аудандық «Қазақ күресі» Федерациясының президенті Ж.Атабеков, ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы, «Белбеу» күресінен Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы С.Қапалбаев, аудан әкімдігі спорт бөлімінің басшысы А.Османов, «Аула клубының» директоры, самбо күресінен Әлем чемпионы Н.Жарашуев пен спорт мектептерінің директорлары жарыстың ашылуымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Балуандар екі кілемде бірнеше салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, баптары мен шеберліктерін көрсетті.
Әр өткізілген кездесулерде қазақ күресін жетік меңгерген өнерлі де айлалы спортшылар жеңіске жетіп, келесі айналымға жолдама алып жатты. Сайыстарда бас төреші М.Ізтлеуов бастаған облыстан келген төрешілер қазылық жасады. Кезек ақтық сындарға да жетіп, чемпиондық атақ үшін белдесулер де өз мәресіне жетті. Айта кетерлігі, осы жарыста 1, 2 – орын алған балуандар Жамбыл облысының құрама командасына алынып, биыл наурызда Шығыс Қазақстан облысындағы Аякөз қаласында өтетін «Қазақ күресінен» ҚР біріншілігіне қатысу құқығына ие болатындығы.
Сонымен, жарыстың нәтижесі бойынша 46 келі салмақ дәрежесінде Е.Үсіпұлы (Байзақ ауданы), 51 келіде Б.Жармұханбет (Жамбыл ауданы), 57 келіде Р.Махмұт (Жамбыл ауданы), 64 келіде Т.Насредин (Меркі ауданы), 72 келіде А.Анафияев (Тараз қаласы), 81 келіде Р.Байеш (Т.Рысқұлов ауданы), +81 келіде А.Ақберді (Т.Рысқұлов ауданы) 1-орынды жеңіп жарыстың чемпионы атанды. Барлық жеңімпаз, жүлдегер атанған спортшылар тиісті дәрежедегі диплом, медальдармен марапатталды.


