
Жасөспірім боксшылар бақ сынауда
Айдар ОСПАНАЛИЕВ
28 наурыз, 2014
Наурыздың 25-і күні ауданымызда Қазақстан Тәуелсіздігінің 23 жылдығына және Жамбыл облысының құрылуының 75 жылдығына арналған 2000-2001 жылғы жасөспірімдер арасындағы бокстан Қазақстан Республикасының Оңтүстік аймақтық іріктеу біріншілігінің ашылу рәсімі өтті.
Халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Ермек Сүйенішовтің айтуынша, спорт бәсекесіне еліміздің Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда сияқты облыстары мен Алматы қаласынан барлығы 150 спортшы қатыспақ. Жарыс 25-28 наурыз аралығында аудандық Мәдениет үйінде өтеді. Осы бәсекеде 1-ші және 2-ші орындарды жеңіп алған спортшылар мамыр айының 15-20 аралығында өтетін Қазақстан Республикасының ақтық чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Аймақтық жарыстың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Жолдасбеков спорт бәсекесінде өнер көрсетушілерге сәттілік тілеп, жарыстың басталуымен құттықтады. «Жамбыл облысы спорттың қай түрі болса да дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Соның ішінде бокс спортына деген ықылас өңірде ерекше. Мұнда қазір облыстық боксқа мамандандырылған спорт мектебі мен Жамбыл облыстық спорт клубы бар. Ал, облыстың Меркі, Шу, Талас аудандарында арнайы бокс мектептері жұмыс істеуде. Осы мектептердің жұмыстарының оңды жолға қойылуының арқасында облыстың былғары қолғап шеберлері биылғы 2014 жылдың өзінде үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді. Соның бір мысалы биылғы жылы Қазақстан Республикасы жастары арасында бокстан өткен бәсекеде Жамбыл облысының спортшылары командалық есепте бірінші орынды жеңіп алса, жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс спортшылары тағы да үздік шықты. Осының барлығы Жамбыл спортшылары мен бапкерлерінің біліктілігі мен еңбектерінің арқасы», – деді басқарма бастығының орынбасары.
Оның сөзінше, соңғы жылдары Жамбыл өңірінде бокс спортына баулитын орындар артып келеді. Ал, жуырда ғана қалың көпшіліктің көзайымына айналған «Тараз-Арена» спорт кешені облысымыздың мақтанышы. Жарыстың ашылу рәсімінде спортшыларды Меркі ауданы әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков те құттықтап, жасөспірімдерге сәттілік тіледі.


