
Асқаров стадионы заман талабына сай жаңара түсуде
Бақтыбай АБАЙ
16 мамыр, 2014
Аудан орталығындағы А.Асқаров атындағы стадионда құрылыс- жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бұл шаруаны тендерден тараздық «Даяна» фирмасы ұтып алған болатын. Жөндеу жұмыстарымен субмердігер «Строители века» ЖШС (директоры С.Титоренко) – бұлар да Тараздан, айналысуда.
– Жалпы мұнда барлығы 128 млн.-нан астам теңгенің жұмысы атқарылмақ, – дейді бізбен әңгімелескен серіктестіктің прорабы Болат Шажаев, – Іске 10-сәуірден бастап кірістік. Алдағы тамыз айының басына қарай стадионды толық пайдалануға беруді көздеудеміз.
Белгіленген жұмыс көлемі бойынша құрылысшылар стадионның негізгі бас ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, шығыс жағынан басқа үш жақтан құмдыблокпен (пескоблок) қоршау жүргізеді. Футбол алаңы түгелдей қайта тегістеліп, голландиялық газон шөбі егілмек. Стадионның алды, іштегі жүгіру жолдары тегіс асфальтталады. Көрермендер үшін 1400 орындық трибуналар орнатылмақ.
Айнала қоршау үшін құйылатын іргетастың үштен екісі бітті. Сол сияқты осындағы бас ғимараттың шатыры қайта жабылып, негізгі жөндеу-әрлеу жұмыстары аяқталған.
Бұрын стадионда спортшылардың жуынып-шайынуы үшін жағдай жоқ-ты. Құрылысшылар қосалқы жайда 4 душ орнатып, 2 шешініп, киінетін орынды әзірлеп үлгеріпті.
Стадионға бұрын су құбыры кіргізілген жоқ еді. Бұл шаруа да енді реті келіп тындырылмақ. Футбол алаңын айналдыра орнатылған жарық та түгел жанбайтын. Бұлар да жөнге келтіріліп, кешкі спорт
бәсекелері кезінде самаладай жарқырап, стадионның сәнін келтіретін түрі бар.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында, тапсырмаларында спортты дамытуға, денешынықтырумен жаппай айналысуға баса көңіл бөліп келеді. «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кепілі болып табылады. ...Үкімет пен жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет», – деп көрсетті «Қазақстан-2050» стратегиясында. Осы міндеттерге орай ауданымызда спорт залдары, спорт алаңдары, үйірмелер көбейіп, соңғы 1-2 жылдың өзінде үлкен игілікті өзгерістерге қол жеткеніне бәріміз куәміз. Алысқа ұзамай-ақ осы орталық стадионның алдын алайық. Кіші футбол, волейбол, баскетбол алаңдары іске қосылып, табанына жасанды көгеріш төселіп, онда жастарымыз күні бойы қалаған спорт түрлерімен айналысуда. Стадионда жөндеу, әрлеу толық аяқталған соң бұл ара спорт сүйермендері ең көп келетін, жақсы демалып қайтатын өзінше тамаша бір кешен болғалы тұр.
Құрылысшылар құрамында қазір 45 адам еңбектенуде. Бәрі де серіктестіктің өз адамдары, мұндай жұмыстарда тәжірибе жинақтаған. Стадионды мезгілінде толық пайдалануға беруге мүмкіндіктері бар. Айына орта есеппен 70-80 мың теңге табатын олардың уақытпен санаспай тынымсыз жұмыс істеп жатқанын бәріміз де көріп жүрміз.
Прораб Болат Бейсенбекұлы барлық жұмыстың сапалы атқарылатынына сендіріп отыр. Мәселен құмдыблокты бұл материалды шығаруға сертификаты, құжаты бар жерден ғана алмақ.
Стадион аудандағы маңызы бар, ірі нысан. Оны реттеу дұрыс жүргізіліп, уақтылы аяқталуын аудан басшылығы, спорт саласы мамандары, күнделікті қадағалап отыр. Біз болғаннан бір күн бұрын аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков мұнда болып, су құбырын қайдан тарту мәселесін шешіссе, стадион бекітілген балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жұмабай Сейітқұлов та біздің көзімізше келіп, құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысынан хабардар болып қайтты.
Құрылысшылар негізгі жұмыстарымен қатар стадионның екі жағынан ағып өтетін жылға- өзеншенің кейбір үймелеп тоқтап ағатын жерлерін тазартты. Жайылып ақса қоршаулардың астын кеулей, ішке қарай сіңіп ірге тасқа айтарлықтай зиян тигізеді екен. Сауапты істеріне, әрине, үлкен рахметімізді айтамыз.
Енді бірер айдан соң жұмыс бітіп, орталық стадионымыз әрленіп, сәнденіп, ине жіптен жаңа өткендей көз қуантайын деп тұр. Бұл да ауданымызда жүріп жатқан жаңарудың бір нышаны, ілгері басқанымыздың бір дәлелі болмақ.


