
Экологиялық тәрбие беру мақсатында
Нұрбану КАМАЛ
16 мамыр, 2014
Қазіргі таңда экологиялық проблемалардың ғаламдық сипат алуы қоршаған ортаға деген жаңаша көзқарасты талап етіп отыр. Балаларды табиғатты қорғауға, айналаны көгалдандыруға баулудың, олардың экологиялық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Бұл бағытта еліміздің білім саласында қажетті шаралар жүзеге асырылуда.
Облысымызда 2010 жылдан бастап экологиялық тірек мектептерінің ұйымдастырылуы, жыл сайын өткізілетін «Мектеп ауласы» акциясы, «Экология және балалар» байқауы тәрізді іс- шаралардың өткізілуі сөзіміздің дәлелі. Жуырда ауданымыздағы №18 А.Қосанұлы атындағы орта мектепте өткен «Жаратылыстану білім мазмұнын экологияландыруда жергілікті материалды қолданудың ерекшеліктері» тақырыбындағы семинар-практикумда да балаларға экологиялық білім берудің маңызды тұстары талқыланып, ұстаздар қауымы өзара тәжірибе алмасты.
Республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналының РR менеджері, «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры, доцент Батима Қабдолданова, Жамбыл облыстық білім басқармасының оқу- әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Усерова, осы кабинеттің «Мониторинг және ұйымдастыру-талдау жұмыстары» бөлімінің әдіскері Алтынкүл Жапбасбаева, облысымыздағы барлық аудандар мен Тараз қаласының мұғалімдері, мектепке дейінгі білім мекемелерінің қызметкерлері мен білім бөлімі әдіскерлері қатысқан ауқымды шара «Қоршаған орта – болашақ ұрпақ үшін» тақырыбындағы шығармашылық жұмыс көрмесімен басталды. Қажетсіз заттардан неше түрлі әдемі ойыншықтар жасаған оқушылардың еңбектері, шынында көздің жауын алады. Оған он ауданның мектептері қатысып, «ЭКСПО – 2017» көрмесінің тақырыбына арналған туындыларды ұсынды.
Аудан әкімдігінің білім бөлімі аудан әкімдігімен бірлесіп, мектептердегі экологиялық жұмыстарды жақсы жолға қойған. Бұл туралы семинардың ашылуында сөз алған Жамбыл облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің «Мониторинг және ұйымдастыру – талдау жұмыстары» бөлімінің әдіскері Алтынкүл Жапбасбаева атап айтты. «Бүгінгі семинар-практикумның мақсаты – пән мұғалімдерінің оқушыларға экологиялық тәрбие берудегі жұмыстарын жүйелеу. Бүлдіршіндерде экологиялық сана қалыптастыру. Тек жаратылыстану бағытындағы ғана емес, барлық пәндерде экологиялық білімді қалыптастырудың маңызы зор», – деді ол өз сөзінде. Бұдан соң сөз алған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиев ауданымызда экологиялық тәрбие беруде атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтты. Жуырда ғана аудан әкімдігімен бірлесіп, мектеп аулаларына 1500 алма ағашы отырғызылғанына, аудан мектептерінің облыстық, республикалық байқаулардағы жетістіктеріне де тоқталды.
Семинардың ашылуында сөз алған республикалық ғылыми- танымдық көпшілік «Гүлстан» журналының РR менеджері, «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің директоры, доцент Батима Қабдолданова: «Гүлстан» журналы көпшілігіңізге рухани азық болғанының куәсі болып отырмын. Бұл журналды тұтас әдістемелік құрал ретінде пайдаланып отырған мектептер де бар екен. Жамбыл облысының білім қызметкерлерімен тығыз байланыс жасауымыздың нәтижесінде екіжақты нәтижеге қол жеткізудеміз. Бүгінгі көрме де соның бір айғағы. Астанада осындай «Әлеуметтік идеялардың жәрмеңкесі» өтетін. Сондай жұмыстар облыстарда өтсе деген ойымыздың бүгін алғаш рет осы семинар-практикумда жүзеге асып отырғанына қуаныштымын», – деп атап өтті. Сонымен қатар, ол осындай пайдалы жобаларды жүзеге асыру арқылы мектеп оқушыларын жетістіктерге жетуге, әртүрлі стипендияларды жеңіп алуға тәрбиелеудің маңыздылығын да айтты.
Осы орайда айта кету керек, аталмыш журналдың «Өсімдіктер әлемі» атты әдістемелік кешені ҚР білім министрлігімен бекітілген. Онда оқушыға бірінші сыныптан бастап гүлдердің, бұта, ағаштардың түрлері үйретіледі. Нәтижесінде бала бастауыш сыныпты бітіргенде 100 гүлдің түрін біліп шығатын көрінеді. Жамбыл облыстық білім басқармасының оқу- әдістемелік кабинетінің «Мониторинг және ұйымдастыру-талдау жұмыстары» бөлімінің әдіскері Алтынкүл Жапбасбаева бұл әдісті бірте-бірте барлық мектептерге енгізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Семинарда жаратылыстану пәнінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері және мектепке дейінгі білім мекемелерінің қызметкерлері үш секцияда өз білім-тәжірибелерімен бөлісті. Семинар соңында жоғарыда аталған көрме қорытындыланып, Жамбыл ауданының «Сәуле» балабақшасы мен ауданымыздағы №44 орта мектеп І дәрежелі дипломмен марапатталды. ІІ дәрежелі дипломмен Тараз қаласы, Талас, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарымен бірге ауданымыздағы №48 орта мектеп марапатталса, №20 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің ұсынған көрмесі ІІІ дәрежелі дипломмен марапаттауға лайық деп табылды.
Семинар соңында мектеп ауласына 20 түп алма, 4 түп шырша ағаштары отырғызылды.


