top of page

Өрт: үлкен өкініш, үлкен сабақ

Нұрбану КАМАЛ

27 тамыз, 2014

Биылғы жылы ауданымыздың тау шатқалында екі рет алапат өрттің шыққаны белгілі. Алғашқысы 26-28 шілде күндері болып, онда ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің 2 қызметкері қаза тапса, кейінгісінде өрт сөндіруге көмекке келген Т.Рысқұлов ауданы, Абай ауылдық округі әкімінің орынбасары көз жұмды.

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі, оның орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы мен ауылдық округтердің әкімдері және өзге де мекеме, шаруашылықтар басшыларының қатысуымен жиын өтіп, осы алапат өрттің себеп-салдары, оны сөндіру барысында жіберілген ағаттықтар сараланды. Сондай-ақ, жиында алдағы уақытта мұндай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін қабылдануы тиіс шұғыл шаралар жайы да талқыланды. 

Иә, «Өрт – тілсіз жау, табиғи апат» десек те, биылғы жылғы бұл өртке қатысты ойландырар жәйттер аз емес. Мәселен, аудан әкімінің орынбасары Қамбар Смайловтың баяндамасына сүйенсек, тамыздың 10-ы күні тұтанған өрт тамыздың 11-ы күні таңда сөндірілген. Алайда, сол күні түске жақын өрт қайта тұтанған. Бұл өрт кешке сөндірілгенімен, ертеңіне, тамыздың 12-і күні аудан әкімдігіне өрт шықты деген хабар тағы да жеткен. Бұл жолғы тұтанған өрттің ауқымы үлкен, салдары сойқан болғаны баршамызға мәлім. Өрт тамыздың 14-і күні кешке дейін жалғасып, 2700 гектар жерді шарпыған. Тау аумағындағы объектілер өрт сөндіру жасақтарының жан аямай күресуінің арқасында ғана аман қалған. 

Жиында баяндама оқыған Қамбар Атыханұлы өртті сөндіруге жұмылдырылған адамдар мен техникалар туралы мәлімет берді. Аудандық, ауылдық әкімдіктер, аудандық ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, «Жасыл Меркі» ЖШС, аудандық ветеринарлық инспекция тәрізді мекемелер, аудандық ішкі істер бөлімінен, өрт сөндіру мекемесінен, 11971 әскери бөлімінен және №18, 35, 44, 39 орта мектептерден, аудандағы ірі шаруашылықтардың мамандарынан өрт сөндіру жасақтары құрылып, техникалар жұмылдырылғанымен алапат өртті сөндіруге бұл аздық етіп, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм аудандарынан және Тараз қаласынан көмекке өрт сөндіру жасақтары келген. Барлығы 841 адам, 123 техника жұмылдырылыпты. 

Жиында аудандық ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің жұмысына қатысты көптеген сын айтылды. Олай болуы заңдылық та. Өйткені, таудың 105213 гектар жері осы мекеменің иелігінде. Әрине, қазіргі таңда өрттің нақты қайдан, қалай шыққаны зерттелуде. Бірақ, бұған дейін өрттің шығуы туралы мәліметтің бірнеше нұсқасы тарап кеткен. Республикалық телеарналарда тілсіз жау Қырғызстаннан келді делінсе, жиында сөз алған ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі басшысының орынбасары «өрт арнайы қордағы жерден басталды» деді. Бірақ, бұған дейін аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбековке осы мекеменің басшысы Қанат Бүркітбаев өрттің осы орман қоры аумағынан шыққанын айтыпты. 

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ормандар және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі басшысының орынбасары Даныш Мұқашевтен қорықтағы жерлердің қалай қорғалатыны туралы сұрады. Өкінішке орай, бұл сауалға берілген жауап ешкімнің де көңілінен шықпады. Даныш Мұқашевтің айтуынша, мекемеде 44 адам жұмыс істейді, әрбір бекеттерге қорықшылар қойылған, бірақ бір қорықшыға 5200 гектар жер бекітілген. Яғни, бұл сөздерден біздің ұққанымыз – мекемеде штат аз, жұмыс көп, таудағы жерлерді қарап, қорғауға мекеме қызметкерлерінің шамасы келмейді. Осы орайда облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Совет Қалмамбетов сөз алып: 

– Егер жерді қарай алмасаңыздар неге арнайы қорға өткізбейсіздер? Осы жердегі шаруа қожалықтары жайылым таппай, бізге – депутаттарға сауал тастап, біз оны жоғарыға жазып, осы жердің үстінде сіздермен текетірес болып, жерді қайтара алмап едік, – деді. 

Жанатын тау жанып, күйетін дүние күйіп болған соң, «бұл қалай болды?» деген сауалға жауап іздеген аудан басшыларының негізгі мақсаты – алдағы уақытта осындай жағдай орын алса, дайын болу, бұл жолғы қателіктерді екінші рет қайталамау. Бірлік пен ынтымақ, жанашырлық сезім қай істе де керек. Алайда, осындай төтенше жағдай орын алып, елге қауіп төнгенде адамдардың, елге бас болар азаматтардың ұйымшылдығы бәрінен де маңызды. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ел болып өртпен күресіп жатқанда кейбір ауыл әкімдері мен мекеме басшыларының селқостық танытқанын ашына жеткізді. Кейбір мекеме басшыларының өрт сөндіруге көмек береміз деп айтуын айтса да, іс жүзінде киімдері ешқандай талапқа сай келмейтін 4-5 адамды көмекке жіберуін елге, жерге жаны ашымағандық деп бағалады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов та өрт сөндіру жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен ағаттықтарды тарқата айтты. Ол аудан әкімінен бастап, барша әкімшілік қызметкерлері, тіпті, облыс басшылары мен әскерилер, бір сөзбен айтқанда бүкіл ел жұмыла күрес жүргізсе де, өрттің ұзаққа созылуын мобильдік, ұйымдастырушылық жұмыстардың ақсауының салдары деп түсіндірді. Сондай-ақ, ол аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы мен қызметкерлерінің өртпен күресте белсенділік танытқанын ерекше атап өтті. Әкімшілік қызметкерлері мен «Сыпатай батыр» ЖШС, «Айя сервис» ЖШС, техника жағынан көп көмек берген аудан әкімдігінің ветеринария қызметі шаруашылық жүргізу құқығындағы КММ тәрізді бірқатар мекемелердің өртті сөндіруге қосқан үлесі де мақтауға лайық. Ауданымызды ұятқа қалдырған – өртке қарсы құрал-жабдықтардың тапшылығы болыпты. 

Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков сөз алды. «Мыңға жуық адам күрессек те, тау өртеніп кетті. Бұл – тау өртінің аса қауіпті болғанының көрінісі. Осының бәрін ойластыра келгенде, айтарым, біз алдағы өртке дайын болуымыз керек. Әлі де шөбі қалың таулар бар, олар өртенсе, бұдан кем болмайды. Ал құмның шөбі одан да қалың, сондықтан біз осы кезден әрекет етіп, алдын алу шараларын қарастыруымыз керек. Әр ауылдық округтің әкімінде құмда отырған шаруашылықтар мен малшылар туралы толық мәлімет болуы керек. Біз алдымен адамды өрттен қорғауымыз керек», – деп атап өтті. 

Мұндай қайғылы жағдайдың қайталанбауы үшін жиынға қатысушылар көптеген ұсыныстарын айтты. Таудың, құмның қай жерінде адамдар қоныстанғаны, ауданымыздағы шаруашылықтарда қанша техниканың бар екендігі туралы нақты мәліметтер әрбір ауылдық округ әкімінде болуы керек. Аудандық, ауылдық әкімдіктерде күректер мен шартылдақтар, респиратор, противогаз тәрізді құрал-жабдықтардың да үлкен қоры болуы тиіс.

Жиында таяқтың бір ұшы аудандық өрт сөндіру бөліміне де тиді. Бақтияр Бейсембайұлы өрт туралы хабар келгенде дала өртін сөндіру міндетімізге кірмейді дегенді алға тартқан аудандық өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің бейжайлығын қатты сынға алды. Бұл мәселенің де ақ-қарасы алдағы уақытта анықталатын болады. Ал аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Мақсат Ережепов мұндай төтенше жағдайларға қарсы тұру үшін арнайы дайындалған мамандардың қажет екенін айтты. Ол: «Әр ауылдық округтен мейлі, 2 адам шықсын, бірақ, дайындалған, шыныққан, киімдері сәйкес келетін азаматтар болсын», – деп атап өтті. 

Жиында бұдан бөлек, аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Қамбар Иманалиев, Аспара ауылдық округінің әкімі Мекен Оңғарбев, Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Жұмахан Абдуллаев т.б. сөз алып, жан-жақты пікірлерін, ұсыныстарын айтты. Қорытынды сөз алған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов орынбасарларына осы жиында айтылған ұсыныс- пікірлердің бәрін ескеріп, тез арада арнайы іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды. Өртке қарсы барлық шараларды қабылдап, ауылдық округтер мен мекемелерде төтенше жағдай орын алғанда қалай әрекет ету керектігі туралы оқу-жаттығу жұмыстарын өткізу керектігін де айтты. 

– Шындығын айтқанда, біз осы уақытқа дейін ұйықтап жүрген екенбіз. Биылғы өрт баршамызға үлкен сабақ болды. Енді бұл бағыттағы жұмыстардың бәрі басқаша болады. Өз халқымызды, өз жерімізді өзіміз қорғай алмасақ, бұл қалай болғаны? Бір халық, бір ел болып жұмылайық. Сонда мұндай жағдай орын алмайды. Мұндайда әрбір ауыл, әрбір мекеме «сенікі-менікі» демей атсалысуы керек. Өйткені, ертеңгі күні кімнің басына қандай күн туары белгісіз. Өртті сөндіруге атсалысқан барша азаматтарға рахмет айтамын. Тек қана жақсылық болсын! – деді аудан әкімі.

Please reload

bottom of page