
Жас шеберлер хас шеберлерге айналса екен
Мейіркүл ҚАЛДЫБЕКОВА
14 наурыз, 2014
Осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық орталық кітапханада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жастар арасында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің дәстүрлі аудандық байқауы өтті.
Байқаудың талапқа сай, өз дәрежесінде өткізілуіне үлестерін қосқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас мамандары Л.Мырсадықова және Д.Шонатаева кітапхананың оқу залына жиналған көрермендерді байқау ережесімен таныстырды. Байқау шарты бойынша үміткер Оралхан Бөкейдің шығармашылығынан бір прозалық, бір драмалық шығарма орындап, мәнерлеп өлең оқуы міндет.
Жүргізуші, аудандық мәдениет үйінің әншісі Мадияр Шалабаев сахна төріне үміткерлерді шақырып, таныстырып өтті. Олар – №3 орта мектебінің оқушысы А.Рахымбаева, №4 орта мектептен Райхан Жұпай, А.Асқаров атындағы экономика және құрылыс колледжінің білімгері Райхан Сатыбалды, №2 Аспара орта мектебінің оқушысы Сымбат Айдархан. Сондай-ақ, бүгінгі байқаудың әділқазылары – мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы С.Қоқамбекова, «Меркі тынысы» газетінің бөлім меңгерушісі М.Қалдыбекова және Л.Мырсадықовалар таныстырылып, өз міндеттеріне кірісті.
Үміткерлердің барлығы да байқау жауапкершілігін сезініп, үлкен дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Райхан Жұпайдың орындауындағы «Айналайын Алтайым» прозалық, «Қайдасың қасқа құлыным» драмалық және Абай Құнанбаевтың «Өлсем орным қара жер болмай ма» өлеңін көрермен жылы қабылдады.
Осы байқауда Райхан Сатыбалдының өнеріне тәнті болмаған жан қалмады. Прозалық «Күлпәштың ұрлығы», драмалық «Бармысың махаббат» шығармаларын театр актерларынан бірде-бір кем орындамаған Райхан Фариза Оңғарсынованың «Мен онымен қай кезде көрісемін» атты өлеңін мәнерлеп оқығанда, көз алдымызға поэзия патшайымы атанған, жыр саңлағы Фариза апамыздың бейнесі елестеп, көзімізге жас үйірілді. Жалындап тұрған жауқазын талантты үлкен сахнадан көргім келетінін жасырғым келмейді.
«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші шын таланттар осындай байқаудан табылып, жолдары ашылып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!
Аспаралық Сымбат Айдархан «Айпара-Ана» прозалық шығармасын және «Еңлік-Кебек» шығармасындағы Еңлік монологын нақышына келтіре орындады. М.Шахановтың «Желтоқсан алаңы» өлеңін мәнерлеп оқыған Сымбаттың көзінде де бір ұшқын бар. Жалпы, үміткерлердің бәрі де образға кіріп, шығармаларды мүдірмей жатқа оқығаны қуанарлық. Осы байқаудан көрермендер де қатысушылар да үлкен әсер алды. Әр бөлімнің ортасында аудандық Мәдениет үйінің әншісі С.Қоянбаева әсем, әуезді әндерін орындап, қошеметке бөленді.
Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды Райхан Сатыбалды, 2-орынды Сымбат Айдархан, 3-орынды Райхан Жұпай иеленіп, арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ендеше, соңына өлмес, өшпес өнерін қалдырған, талантты жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларына өздерінің жүрек лүпілдерін қосқан жас көркемсөз шеберлеріне ізденіс, сәттілік және ақ жол тілейміз.



