top of page

Қанеки, тілім сөйлеші!

Нұрбану КАМАЛ

19 наурыз, 2014

Өткен сенбіде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде «Қанеки, тілім сөйлеші!» атты аудандық байқау өтті.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақтың шешендік өнерін насихаттау, ауданымыздағы сөз өнеріне жақын, тілге шешен, ділмар азаматтарды іздеп табу мақсатында өткізілген байқауға қатысушылар өздерінің өнерлерін ортаға салып, «Сәлемдесу – салтымыз», «Таза, мінсіз, асыл сөз ой түбінде жатады», «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы», «Шешендік – шеберлік» кезеңдері бойынша бақ сынасты. Қатысушылардың шешендігі мен тапқырлығын, өнерлерін қазылар алқасы – «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» оқытушысы Сәткен Кокамбаева, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Лола Мырсадықовалар бағалап отырды. Байқауды ұйымдастырушы – аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дана Шонатаева. 

Байқауды ашып, шарттарын таныстырған аудандық мәдениет үйінің әншісі Мадияр Шалабаев ортаға қатысушыларды шақырды. Қатысушылар – Ақтоған ауылдық округінен №4 орта мектептің оқушысы Райхан Жұпай, Т.Рысқұлов ауылдық округінен №28 мектептің мұғалімі Аян Мәдиев, Ақермен ауылдық округінен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Нұркен Пернебаев және Меркі ауылдық округінен №17 орта мектеп гимназиясының мұғалімі Еркебұлан Базарбаевтар бірінші кезеңде әдемі өлең жолдарымен өздерін таныстырып, көрермендерге сәлем жолдады. Екінші кезеңнің шарты – алдын- ала дайындалған тапсырмалардағы шешендік сөздердің астарын ашып, мән-мағынасын түсіндіру. Балаби шешен мен Жәнібек хан, Бөкен би мен Сырым Датұлы сияқты дара тұлғалардан қалған аталы сөз, ұтымды жауаптарды түсініп, әйгілі шешен, билер сияқты сөз саптау біраз қиындық тудырса да, ойы жүйрік, қиялы ұшқыр қатысушылар өз ойларын әдемі жеткізе біліп, қазылар алқасының бағаларына ие болды. Өз өнерлерін ортаға салу міндеті жүктелген үшінші кезеңде Меркі ауылдық округінің қатысушысы Еркебұлан Базарбаев пен Т.Рысқұлов ауылдық округінің намысын қорғаған Аян Мәдиевтер Отан тақырыбындағы ән, термелерді орындаса, Райхан Жұпай мен Нұркен Пернебаевтар көркемдеп оқу өнерін көрсетті. Әсіресе, Төлеген Айбергеновтың «Ана» атты өлеңін үлкен тебіреніспен оқыған Нұркеннің өнері көрерменнің де, қазылар алқасының да ыстық ықыласына бөленді. Соңғы «Шешендік – шеберлік» кезеңінде де қатысушылар берілген тапсырмалар бойынша өз пікірлерін шешендік сөздер, мақал-мәтелдер арқылы жеткізе білді. Шара барысында сергіту сәті де жүргізіліп, «Меркі әуендері» ән- би ансамблінің өнерпаздары көрермен назарына әдемі әндерін ұсынды. 

Жарыс нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен І орынды Ақермен ауылдық округінен келген қатысушы Нұркен Пернебаев, ІІ орынды Меркі ауылдық округінің қатысушысы Еркебұлан Базарбаев иеленсе, ІІІ орынды Ақтоған ауылдық округінен Райхан Жұпай жеңіп алды. Жеңімпаздар Дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Please reload

bottom of page