
Ұлысты ұйыстырған ұлық күн
Бақтыбай АБАЙ
28 наурыз, 2014
21-наурыз - Халықаралық Наурыз күні аудан орталығындағы А.Асқаров атындағы стадион таңертеңнен нағыз думан, мереке орталығына айналды. Аудандық Мәдениет үйі дайындаған «Наурыз – ел берекесі» атты мерекелік бағдарлама бойынша арнайы репортаж оқылып, әсем ән мен тәтті күй «құлақтан кіріп, бойды алып», әр жүректе сезім қылын шерткендей.
Жиналған көпшілік театрландырылған көрініс барысында халқымыз Наурызды, көктемнің келуін ежелден қалай қарсы алатынымен, жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізбен ықылас қоя танысып, тамашалады.
...Міне, ортаға бишілер тобы шығып, Наурыз биін билеп, ол аяқталар алдында қобыз даусы шықты. Келе-келе ол дабыл даусына ұласты. Ортаға салтатты жаршы шығып, мерекені бастар кез жеткенін аян етті:
–Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Босқа қарап тұрмаңыздар,
Наурыз тойы басталды,
Салт-дәстүрмен жараса,
Ән-жыр айтып таласа,
Қызық өнер көрсетіп,
Той тойлайық таласа.
Қош келіпсің, Жаңа жыл!
Бағдарламалық көрсетілімді оны жүргізушілер – аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары Мадияр Шалабаев пен Мәдина Оспаналиева одан әрі жалғастырып, көпшілікті құттықтап, мейрамның мәнін-әрін аша білді.
– Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын!
– Ұлы даланың төсінде қызғалдақтар құлпыра өсіп, бел-белестерге табиғат қызылды-жасылды кілем төсегендей дала құлпырады. Көктемнің символы Наурыз Аруын қарсы алайық!
Думан-тамашаны жүргізушілер ара-тұра Наурызға қатысты жақсы ырым, жөн-жоралғыларды да еске салып, назар аударуда.
– Ұлыс келер күні Қызыр бабаға арналып әр үйдің төрінде шырақ жағылатын болған. Үй иелері бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады. Жылдың алғашқы күнінде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған.
– Ұлыстың Ұлы күні қазақтың
сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды.
Осындай қуаныш, мейрамда ортаға шақырылған ол:
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын.
Басыңа бақыт қонсын.
Сапарда жүрген азамат,
Жортқанда жолы болсын.
Береке басы оң болсын,
Әумин! – деп ақ батасын берді.
Наурызды тойлай отырып, жұртшылық қашанда келер күнге үміт артып, ауызбірлікті, игі дәстүрімізді қадір тұтқан, түрлі қырсықтан сақ болуды қалаған. Осының дәлеліндей, мерекеге келген көпке сыйлы Ұмай әже ерте заманнан келе жатқан аластау рәсімін жасады.
Енді бір сәтте ортаға «Береке» әжелер тобы шығып, халық әні «Бей-айдайды» қосыла шырқап думан сәні келе түсті.
Әнші жігіттер тамашаны одан әрі жалғастырып әкетті.
Думанның осылай қыза түскен тұсында меркіліктерді мерекемен құттықтау үшін сөз аудан әкімі Б.Көпбосыновқа берілді.
– Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін қашан да орны бөлек ерекше мереке, – деді Бақтияр Бейсембайұлы, – Жақсылықтың жаршысындай болған Әз-Наурыз ең қымбат асыл қазыналарымыздың бірі. Сондықтан баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Наурызбен бірге тіршілік жанданады, жер-жаһан қайта түлейді. Наурыз – ақтың молаятын, нұрдың молығатын, көңілдің кеңитін кезеңі.
...Қайта оралған Наурыздың тарихы – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы. Осы жылдарда Наурыз жаңа сипатқа ие боп, жаңаша мазмұнымен тойланып келеді.
Бұл мереке халқымызды дін мен тілге бөлмейді. Біз, «бір ел, бір тағдыр» деп өмір сүрудеміз.
Наурыздан наурызға дейін қол жеткізген табыстарымыз да аз емес. Жылдан жылға аудан экономикасы өркендеп, халықтың әл-ауқаты артып келеді.
Осының барлығы көпұлтты халқымыздың бірлік пен ынтымақта атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін.
Құрметті ағайын!
Наурыз имандылық пен жақсылыққа, еңбек пен молшылыққа үндейтін мереке. Ендеше, баршаңызды Жер-Ананы аялап, туған өлкені түрлендіру мен көгалдандыруға шақырамын.
Мереке құтты болсын!
Құттықтау сөзден соң «Тұсау- кесер» рәсімі жасалып, мерекеге жиналғандар одан әрі концерттік бағдарламаға ден қойды.
Жалпы Наурызды мейрамдау барысында көптеген ән-күй, орындаушылар көпшілікті тәнті етіп, бұл күн шын мәнінде Ұлық күн екеніне көз жеткізе түсті. Жұмабай Сексеновтің «Мереке» күйі, М.Шалабаевтың орындауындағы «Наурыз» әнінің өзі неге тұрады. «Меркі әуендері» ән-би ансамблі іс-шараға жақсы дайындықпен келіпті. Ал, өзіміздің жерлес, бұл күнде облыс орталығының мерейін көтеріп жүрген күміс көмей әнші Оңал Азаматованың, «Мирас» тобының өнерлері шын мәнінде мерекелік тарту болды.
Халық көңілін көтеріп, мейрамды қыздыра түсуде ауданымыздағы этно-мәдени орталықтар да қалыс қалған жоқ. «Ахысқа» фольклорлық тобы мен «Ахысқа қызлары» тобы түрік әндері мен билерін ұсынса, «Арзу» өзбек ұлттық ансамблі әншілерін сүйемелдеген кәрней, сүрнәй, дағара саз аспаптарының үні әркімге түсінікті, жылы қабылдаған әуендерді толықтырып жатты. Қарашай-балқар, әзірбайжан, басқа да этно-мәдени орталықтар да мерекеге тиісті мән беріп, өз дәрежесінде өткізуге атсалысты.
– Мейрам бәрімізге ортақ, – деді бізбен әңгімесінде облыстық «Туран» әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің вице-президенті Камал Гасанов, – Қазақта «Бірлік түбі - тірлік», «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Ынтымақта тұрсақ думан тойымыз да берекелі, тек қуаныш сыйламақ.
Осы күні стадионда тігілген жеті боз киіз үй мереке әрін аша түсті. Атап айта кетсек, Меркі ауылдық округі, денсаулық, білім беру салалары, №9 колледж – әрқайсысы бір-бір киіз үйден, қорғаныс, шекара қызметі – 1, аудандық электр жүйесі, гидрокомпания, аудандық газ, телекоммуникация, Қазпошта мекемелері бірлесіп – 1, орман шаруашылығы, аудандық статистика басқармасы, А.Асқаров атындағы колледж, салық басқармасы, жұмыспен қамту орталығы мекемелері бірлесіп – 1 киіз үй тігіп, қонақтарды күтіп, Наурызды кең пейіл, ізгі ниетпен өткізуге үлестерін қосты.
Ал, түрік этно-мәдени орталығының бір үлкен палаткада, өзге этно-орталықтардың бір шаңырақ аясында бірігіп дастархан жаюы да қонақтардың зор ризашылықтарын тудырды.
Мерекеге орай осы күні Меркіде шағын спорт алаңдарында волейболдан, кіші футболдан жарыстар, орталық алаңда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болды.
Аудан әкімі Б.Көпбосыновтың ұсыныс-қолдауымен ұйымдастырылған жәрмеңкеде ауылдық округтерден әкелінген жеміс-жидек, көкөніс-бақша, сүт өнімдері, жылқы, сиыр, қой еті, қант зауытының қанты, жеміс ағашы көшеттері, т.б. сатылды. Базардағыдан төмен бағадағы тауарларға сұраныс үлкен болды. Жалпы бұл күні жәрмеңкеге 2-млн-нан астам теңгенің тауарлары
жеткізіліп, оның 80 пайыздан астамы өткерілді. Мереке күні жәрмеңкеде арзандау азық-түлікті көптеп алып, дастархан мәзірін түрлей түскен меркіліктер мұндай сауда-саттықтың жиі болуын қалайтындықтарын білдірді.
Мереке, міне, артта қалып барады. Ал, одан алған әсер, көтеріңкі көңіл-күй, жан ләззаты бәрімізді бұдан былай да түсіністікпен, келешекке деген зор үміт, сеніммен өмір сүруімізге септігін тигізері анық. Наурыздың маңызы да осында.

Жәрмеңке

Алтыбақан


