top of page

Ардагер әншілер аудан әкімінің қабылдауында болды

Айдар ОСПАНАЛИЕВ

28 наурыз. 2014

Кез келген мерекенің әнші, жыршы, термеші сияқты өнер адамдарынсыз өтпейтіні белгілі. Меркі ауданында да осындай мерекелермен қатар қуанышты іс-шараларда, салтанатты рәсімдерде қалың көпшілікті әсем әндерімен тамсантып, мерекелік көңіл-күй сыйлап жүрген өнер ұжымдары аз емес. Солардың ішінде ауданымызға көптеген жылдардан бері танымал, жергілікті тұрғындар мерекелік концерттерге бара қалса, өнерін тамашалауды тағатсыздана күтіп отыратын өнер ұжымдарының бірі – әжелерден құрылған «Береке» тобы мен «Естелік» ардагерлер хоры.

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов Наурыз мейрамы сияқты көктемнің тамаша мерекесінің тұсында осы ұжым өкілдерімен кездесіп, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, өнер ұжымының жұмысын бұдан әрі жетілдіруге қатысты ой-пікірлерін тыңдады. Ардагер аналарды Наурыз мерекесімен құттықтаған аудан әкімі: «Мен сіздердің өнерлеріңізді ауданда өтетін мерекелер кезінде бірнеше мәрте тамашаладым. Өнерге жақын адам болғандықтан ба, маған сіздердің әндеріңіз қатты ұнады. Ауданымызда осындай өнер ұжымдарының барлығына қуандым да. Өйткені, білімді елде ғана осындай дамыған өнер болады. Сіздер кез келген әнді нақышына келтіре орындайсыздар. Бұл – тамаша. Енді осы өнерді ұдайы жетілдіріп отыру керек әрине. Өйткені, шығармашылық үздіксіз дамуды қажет етеді. Бүгінгі біздің кездесуіміз де осындай мақсаттан туындап отыр», – дей келе аудан басшысы сөз кезегін бүгінгі кездесуді ұйымдастырушы – аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қамбарбек Иманалиевке берді. 

Өз кезегінде ардагерлер ұйымының төрағасы ардагерлерден құрылған хор ұжымдарының тарихына тоқталды. «Бұл кезінде ауданға адал еңбектерімен даңқы шыққан Төлендиев, Горащенко, Тутокин сияқты азаматтардың бастамасымен қолға алынған ұжымдар болатын. Сонау 1985 жылдан бастап жергілікті халықты әсем әндерімен тәнті еткен «Естелік» ардагерлер хорында 30-дан астам адам болды. Ауданда қолға алынған кез-келген мереке олардың қатысуынсыз өтпейтін. Сондай бір керемет ұжым болатын. Бұл бастаманың ерекше ұтымды болғаны соншалық, осы ұжым күні бүгінге дейін Меркі халқын әсем әндерімен тербетіп, жергілікті халыққа қуаныш сыйлаумен келеді. Осы бастаманың негізінде, өздеріңіз білесіздер, әжелерден «Береке» тобы құрылды. Бұл топ та бүгін ауданымызда кеңінен танымал. Мен бүгінгідей тамаша мереке тұсында осы ұжым өкілдеріне ардагерлер ұйымының атынан ерекше ризашылығымды білдіріп, алғыс айтқым келеді. Сіздер зейнеттік демалысқа шыққандарыңызға қарамастан, елдің көңіліне қуаныш сыйлап, өскелең ұрпаққа үлкен үлгі болып келесіздер. Ылғи да жүздеріңізден күлкі кетпей, жақсылыққа кенеле берулеріңізге тілектеспін», – деді Қ.Иманалиев. 

Сондай-ақ, ол бүгінгі кездесуге қатысушыларды Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Қазақстан Республикасы ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің арнайы қаулысы шыққанынан хабардар етті. Аталмыш құжат талаптарына сәйкес, республиканың барлық аймақтарындағы ардагерлер ұйымдарының өнер ұжымдарында ән және өзге де бағыттағы өнер байқауларын ұйымдастыру қажет. «Бүгін біз осындай байқауларда ауданымыздың атынан «Береке» әжелер тобы мен «Естелік» ардагерлер хоры өнер көрсетеді деген тоқтамға келіп отырмыз. Жалпы, өнер саласы бойынша Меркі ауданы облыс көлемінде үздіктердің қатарында болып келген. Сондықтан мен сіздерді осы дәрежеге әлі де лайықты болады деген ойдамын», – деді ардагерлер ұйымының төрағасы. 

Оның сөзінше, ардагер азаматтардан құрылған ұжымдардың арасындағы өнер байқауы ауданымызда мамыр айында басталып, әрі қарай облыс және республика көлемінде өтетін болады. Кездесуде өнер ұжымдарының өкілдері аудан әкіміне өтініштерін білдірді. «Біздің шығармашылық өнерімізді шыңдау үшін қажетті жағдайлардың барлығы бар. Ол үшін рахмет. Енді тек үлкен сахнада өнер көрсету үшін біркелкі киім үлгілерін алуға қолғабыс етуіңізді сұраймыз», – деді. Аудан әкімі бұл мәселенің шешілетіндігін және киім үлгілерін алу үшін қанша қаражат қажет екендігі анықталатын болса, оны бөліп беруге дайын екендігін жеткізді. 

Кездесуде ардагерлер ұжымдарының жұмысына аудандық Мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов та ізгі тілектерін жеткізіп, сәттілік тіледі.

Please reload

bottom of page