top of page

«Би әлемі» нағыз таланттарды танытты

Нұрбану КАМАЛ

02 сәуір, 2014

«Ел іші – өнер кеніші» деген дана халқымыз. Халық арасынан өнерлі жастарды іздегенде небір таланттардың жарқырап шығатыны белгілі. Өткен аптаның сенбісінде аудандық мәдениет үйінде өткен «Би әлемі» атты би ұжымдарының облыстық байқауында осындай бірі бірінен асқан өнерлі жастар киелі сахна төрінде бар өнерлерін ортаға салды.

Байқау Жамбыл облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтті. Алдымен аудандық мәдениет үйінің алдына сахналық костюмдерін киіп, сайысқа сақадай сай болып келген би ұжымдары көрермендер қошеметімен сахнаға шақырылды. Байқауға Тараз қаласынан 4 би ұжымы, Шу, Талас, Байзақ, Мойынқұм, Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу, Жамбыл аудандарынан бір- бірден би ұжымдары және өзіміздің Меркіден «Меркі әуендері» би ансамблі мен «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайының «Жібек жолы» би ұжымы қатысты. Қатысушылар мен байқау ережелерін, қазылар алқасын таныстырған жүргізушілер – аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Мәдина Оспаналиева мен Мадияр Шалабаевтар сөз кезегін байқауды ұйымдастырушы, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ақылдос Тәжиевке берді. 

«Біз осынау ауылдық жерлердегі, шалғай жатқан елді мекендердегі өнерлі ұл-қыздарымызды үлкен сахналарға шығару ниетімен облысымызда алғаш рет осы байқауды өткізіп отырмыз. Байқаудың негізгі мақсаты – жастарды өнерге баулу, бос уақытын тиімді пайдалансын деген ой. Бүгінгі байқауды ойдағыдай өткізген соң, өзге аудандарда да көптеген іс-шаралар өткізілмек. Мойынқұм ауданында Шәмші әндерін орындаушылардың ән байқауы өтпек. Сонымен қатар, халық театрларының байқауын өткізу жоспарымызда бар. Киелі Қордай жерінде Кенен Әзірбаевтың әндерін орындаушылардың дәстүрлі ән фестивалі де өтпекші. «Би әлемі» байқауын алдағы уақытта жыл сайын өткізетін боламыз. Осы орайда айта кететін жәйт, Тараз қаласының би ұжымдары да ауданнан келген ұжымдар сияқты халықтық атағын қорғаған бишілер, кәсіби бишілер емес. Сондықтан, бүгінгі байқау қатысушыларына сәттілік тілеймін», – деді Ақылдос Тәжиев. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков те байқауды ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, би ұжымдарына сәттілік тіледі. 

Ереже бойынша қазақтың ұлттық билері ғана ұсынылуы тиіс бірінші айналымды бастап берген Шу ауданының «Ерке сылқым» би ұжымы қазақтың «Жас екпін» биін көрермен назарына ұсынды. Бірінші айналым қазақ халқының көркем де, нәзік, ойлы, мазмұнды ұлттық билерге бай екенін паш етті. Талас ауданының «Ұлбике» бишілер тобы «Шаттық» биін, Байзақ ауданының «Нұрай» би тобы «Нәзік» биін, Мойынқұм ауданының «Айгөлек» бишілер тобы «Шашу» биін, ал Жуалы ауданынан келген «Қызғалдақ» бишілер тобы «Өрлеу» билерін билеп, көрермен көзайымына айналды. Сарысу ауданының «Айжанқыз» тобының бишілері билеген «Шолпы» биі қазақ қызының нәзіктігі мен әсемдігін көрсетсе, Тараз қаласының «Тарлан» тобының жігіттері билеген «Селт еткізер» биі қиын да, қызықты көріністерімен есте қалды.

Жамбыл ауданының «Алтын-ай» бишілер тобы ұсынған «Айша бибі» композициясы мазмұнға, көрініске құрылдыбай болды. Тараздың «Ханзадалары» билеген «Батыр Ертұран» биі ұлттық рухты көтеріп, осы Тараз қаласының тағы екі би тобы – «Шолпы» және «Жас дәурен» топтарының бишілері «Көркем», «Көңілді бикеш» билерін орындады. Ал, ауданымыздың намысын қорғаған «Меркі әуендері» би ансамблі, «Дала думаны», «Жібек жолы» би тобы «Наурыз» билерін нақышына келтіре мың бұрала билеп, бірінші айналымды аяқтап берді. 

Екінші айналым осы күні түстен кейін өтіп, онда әлем халықтарының билері орындалды. Шу ауданының би тобы «Хорезм» биін билесе, Талас, Байзақ, Жамбыл аудандарының би ұжымдары, Тараз қаласының «Тарлан» тобы «Андижан полькасы», «Хорезм биі», өзге де өзбек халқының билерін нақышына келтіре орындады. Жуалы ауданының би ұжымы мен Тараз қаласының «Шолпы» би тобы Испан билерін билесе, Мойынқұмның қыздары араб биін, Сарысудың бишілері көңілді Татар биін көрермен назарына ұсынды. Тараз қаласының «Ханзадалар» тобының жігіттері түріктің «Халай» биін билесе, «Жас дәурен» тобы орыс биін әдемі орындап шықты. Әсіресе, Т.Рысқұлов ауданының 18 бишісі бірдей билеген Солтүстік биі мен Меркінің «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайы тәрбиеленушілерінен құрылған «Жібек жолы» тобының бишілері ұсынған Египет биі – «Мысыр толқындары» ерекшелігімен, көркемдігімен және сахналық киімдерінің әдемілігімен көрермен қауымның айрықша ықыласына ие болды. 

Қазылар алқасы бір шешімге келгенге дейін жарты сағаттық үзіліс жарияланып, онда Тараздан келген өнерпаздар – Ақан Сыдықов, Ақтан Марғұлан, аудандық мәдениет үйінің әншісі Мадияр Шалабаев, аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарынан құрылған «Ару» тобы әдемі әндерін ұсынып, көрерменнің сұрауы бойынша байқау барысында жақсы өнер көрсеткен би топтары өнер көрсетті. 

Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрайымы Оңтүстік Қазақстан облысының «Ерке сылқым» хореографиялық студиясының директоры Ардақ Өмірбаева, мүшелері М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің аға оқытушысы Хадия Караматуллаева мен «Шашу» би ансамблінің хореографы Ләззат Есбергеновалар сөз алып, би өнерін бағалаудағы негізгі көрсеткіштер туралы кең түрде айтып өтті. Бағалау барысында сахналық костюмдердің, музыканың биге сәйкес келуі, сахна мәдениетін сақтау, өзге де хореографиялық талаптарға баса назар аударылған. Сондай-ақ, Ардақ Өмірбаева өз сөзінде байқаудың алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан жоғары дәрежеде өткенін, би ұжымдарының өте жақсы дайындықпен келгенін атап өтіп, алғыс білдірді. Облысымыздағы үздік би ұжымдарын анықтап, олардың өнер айдынында одан әрі жүзуіне қанат байлаған «Би әлемі» байқауында ауданымыздың намысын қорғаған балалар мен жасөспірімдер «Үміт» сарайының «Жібек жолы» би ұжымы бас жүлдеге ие болды. Осы «Үміт» сарайының хореографтары Жазира Өмірәлиева мен Гаухар Әбдірахмановалар жетекшілік ететін би ұжымын марапаттаған облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ақылдос Тәжиев бишілерге де, жетекшілеріне де алғыс білдіріп, 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты табыс етті. Ал бірінші орынды Т.Рысқұлов ауданының «Әдемі- ау» би тобы иеленіп, 300 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. ІІ орын Байзақ ауданының «Нұрай» және Шу ауданының «Ерке сылқым» би ұжымдарына бұйырып, олар 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ал, ІІІ орынды өзара бөліскен Жуалы ауданының «Қызғалдақ», Тараз қаласының «Жас дәурен» топтары 75 мың теңге сыйлыққа ие болса, ІІІ орыннан көрінген тағы бір топ – Тараздың «Тарланына» 50 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Ал, қалған қатысушылар 20 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды.

 

«Жібек жолы» би ұжымы

Please reload

bottom of page