top of page

Поляктар сарбаздар рухына тағзым етті

Нұрбану КАМАЛ

09 сәуір, 2014

Қазақ халқына тән өзіндік қасиеттердің бірі – бауырмалдық пен қонақжайлылық. Тарихи себептермен өз отанынан алыстап, жерімізді мекен еткен көптеген өзге ұлт өкілдері қазақ халқына деген ризашылығы мен алғыстарын аяған емес. Осындай өзара татулығы мен келісімі жарасқан Польша Республикасы мен Қазақ еліне ортақ тарихи оқиға екі ел арасындағы бауырмалдықтың одан сайын арта түсуіне себеп болып отыр.

Фашистерге қарсы күресу үшін құрылған генерал Андерс армиясының 300-ге жуық сарбазы сол кездегі солақай саясаттың салдарынан қазақ жерінде қаза болған-ды. Поляк ұлты үшін орны толмас бұл қасіретті бірге бөлісіп, бауырлас елдің отан үшін жан берген азаматтарын ел есінде мәңгі сақтауға үлес қосқан қазақстандықтардың қатарында меркіліктер де бар. Сыпатай батыр ауылындағы бауырластар зиратында генерал Андерс армиясының сарбаздары мен қарапайым азаматтар болып табылатын 19 поляк ұлтының өкілдері жатыр. Өткен сенбіде Польша Республикасының делегациясы осы бауырластар зиратында болып, азаттық жолында мерт болған азаматтарының рухына тағзым етті. 

Польша Республикасының сенаторларынан бастап, қарапайым тұрғындар, соғыс жылдарында осы Меркіде өмір сүріп, кейіннен тарихи отанына оралған зейнеткерлер, жастар мен басқару органдарының өзге де өкілдерінен құралған 85-ке жуық делегатты облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков құрметпен қарсы алды (суретте). Бауырластар зиратында өткен салтанатты жиында сөз алған Бекболат Орынбеков Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасында сенім мен достықтың берік орнағанын атап өтті. Өз азаматтарын іздеп, құрмет көрсетуде үлкен жұмыстар атқарған Польша елінің делегациясына және халықтар арасындағы достықтың нығаюына үлес қосқан барша азаматтарға алғыс білдірді. Екі ел арасындағы келісімнің нәтижесінде Польша Республикасы Қазақстан аумағындағы поляк сарбаздары жерленген орындарды қоршап, ескерткіштер орнатып, көріктендіріпті. Былтырғы жылы осы Сыпатай батыр ауылындағы бауырластар зиратынан топырақ алу рәсімі өтіп, поляк сарбаздарының топырағы салынған арнайы капсула Варшаваға жеткізілген болатын. 

Жиында сөз алған Польша Республикасының ардагерлер мен репрессияға ұшырағандар жөніндегі басқармасының басшысы Янь Чихановский жүрекжарды лебізін қазақ тілінде жеткізді. «Құрметті қазақ достарым! Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде отандастарыма көрсеткен көмегі үшін Польша Республикасы атынан қазақ халқына алғыс айту – мен үшін абырой. Өзі де аса қиын жағдайда болған бекзат қазақ халқы әлем тарихында адамгершіліктің керемет үлгісін көрсетті. Поляктарға көмек аса қажетті кезде берілді. Польша бұл қонақжайлылық пен мейірімділікті ешқашан ұмытпайды», – деді ол өз сөзінде. 

Бұдан соң Польша Республикасының Қазақстандағы бас консулы Анджей Папеж, Польша Республикасының қуғын-сүргінге ұшырағандар және фашизмге қарсы күрескендер туралы естелікті қорғау кеңесінің басшысы Анджей Кунерт, т.б. сөз алды. 

Бауырластар зиратын әрдайым күтіп, қарап келген Сыпатай ауылының тұрғындары Аслан және Амеля Кикинадзелерге алтын медаль табыс еткен Анджей Кунерт: «Бұл медаль қазақ еліне, қазақ халқына деген алғысымыздың тағы бір белгісі» деп атап өтті. 

Сөз кезегін алған Аслан Кикинадзе: «Біз 1944-жылдан бері осында өмір сүрудеміз. Әке-шешеміз «қазақ – өте қонақжай халық» деп айтып отыратын. Қазақ халқы соғыс жылдарында көмекке зәру жандармен алдындағы нанын бөлісті. Жылу мен мейірім сыйлады. Мұнда Польша сарбаздарымен бірге, қарапайым халық та өмір сүрді», – дей келе, Польша елінің делегациясына алғыс білдірді. Бұдан соң, сарбаздардың есімі жазылған ескерткіш тақтаға Польшадан келген делегаттар әдемі гүл дестелерін қойды (суретте). Дұға оқып, сарбаздардың рухына тағзым еткен бауырлас елдің азаматтарына құрмет, ілтипат танытқан облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков пен аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов та сарбаздар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ортағасырлық Меркі қаласы» атты кітаптарды делегация өкілдеріне Меркі жерін тани түссін деген ниетпен тарту етті.

 

Please reload

bottom of page