
Халықаралық музей күні
Айдар ОСПАНАЛИЕВ
21 мамыр, 2014
Мамырдың 18-і күні аудандық өлкетану музейінде Халықаралық музей күніне орай «Музей түні» іс-шарасы өтті. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш шараны аудандық өлкетану музейінің өкілдері осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Аудандық өлкетану музейінің директоры Маржан Әмиеваның сөзінше, «Музей түні» сонау батыстың музей құндылықтарын насихаттау, қалың көпшілікті музейдің тыныс- тіршілігімен барынша кеңінен таныстырып, рухани құндылықтардың мән-маңызына үңіле білуге үйрету мақсатындағы жұмыстардың негізінде қолға алынған дүние деуге болады. Осыған қарай 2013 жылдан бастап ұйымдастырыла бастаған аталмыш шара, биыл өткен жылғыдан да кеңірек атап өтілді.
Мерекелік іс-шаралар кешкісін сағат 19-00-де басталды. Әсем де әрлі етіп безендірілген аудандық өлкетану мұражайының қызметкерлері жиынға шақырылған қонақтарды қарсы алып, бүгінгі мерекенің мақсат- міндеттерімен, оның барысында тамашаланатын көріністердің барысымен таныстырды. Мерекенің жүргізушісі Айман Жүрсіналиеваның сөзіне қарағанда, бүгінгі шара «Мәңгілік ел» тақырыбы негізінде ойластырылып, ұйымдастырылған. Мерекеге жиналған қауым осы күні алдымен ортағасырлық Меркі қаласы орналасқан залға келіп, ондағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған экспонаттарды тамашалады. Тап осы экспонаттардың бүгінгі күнгі нұсқасын Алматыдан «Музей күні» шарасына арнайы ат арылтып келген елге танымал мүсінші, Марат Сәрсебаев көрсетті. Ол өзінің арнайы құрылғысын пайдалана отырып, қыштан, батпақтан жасалатын бұйымдардың қалай дайындалатындығын, бұйым пайдалануға дайын болғанша, оның қандай процестерден өтетіндігі жөнінде әңгімелеп, оны іс жүзінде көрсетті.
Марат Сәрсебаев бүгінгі таңда өнерсүйер қауымға жақын таныс, хас шеберлердің бірі. 1950 жылы Меркі ауданының Ойтал ауылында дүниеге келген ол, сол жылдардан бері аудандағы Қант зауыты, «Алатау» кинотеатры сияқты ұйым, мекемелерде ұзақ жылдар қызмет еткен. Әскерден келген соң бейнелеу өнеріне деген құштарлық маза бермей, дарынды жасты өнер жолына қарай жетелей берген. Сөйтіп, түбінде ол мүсіншілік өнерді біржолата қолға алған. «Содан бері міне 30 жылға жуық уақыт болыпты, мүсіншілік менің өмірімнің бір бөлшегі іспеттес», – дейді шебер. Оның сөзінше, өзі дайындаған керамикалық бұйымдардың көрмесі республиканың барлық аймақтарында дерлік ұйымдастырылған. Ал, «Музей түніне» ол «Ғарыш экспозициясы» тақырыбында 40-қа жуық экспонат алып келген. Бұл экспонаттар «Музей түнінің» «көзайымы» болды деуге болады. Мерекелік шараға жиналған қауым сонымен қатар қазақтың әйгілі батыры Жауғашқа арналған, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған, ауданнан шыққан зиялы қоғам қайраткерлері мен ғалым, өнер саласының майталмандарына арналған залдарда болып, ондағы мәліметтермен танысты. Әрбір залдың материалдарын аудандық мәдениет үйі мен №2 саз мектебінің және музей қызметкерлері арнайы костюмдер киіп шығып, тірі сахналық көріністермен әрлеп отырды. Айталық №2 саз мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Е.Бекасылов Жауғаш батырдың бейнесін сомдаса, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Ербол Салтаев әйгілі сазгер, Алтынбек Қоразбаевтың әндерін айнытпай орындады.
Ерекше айтып өтетін мәселе – «Музей түніне» қуыршақтар арқылы қазақтың киім үлгілерін насихаттап жүрген әйгілі қолөнер шебері Роза Сәрсебаева да өзінің бұйымдарын қалың көпшілік назарына ұсынды. Роза Сәрсебаева Марат Сәрсебаевтың жұбайы. Ол дайындаған бұйымдар республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанған. Бүгінде қазақ қыздарының киім үлгілерінің негізінде дайындалған қуыршақ бұйымдар әлемнің 15-ке жуық мемлекетіне жөнелтілген көрінеді. Роза Бегімжанқызының бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асқан.
«Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда елімізді шетелдіктер көп біле бермейтін. Кей жағдайда тіпті қазақтарда мәдениет деген болмаған, өйткені олар туралы ешқандай дерек жоқ деген сыңайда пікірлер де айтылды. Бұл әрине әр қазақтың намысына тиетін ауыр сөз. Осы пікірдің ешқандай шындыққа жанаспайтындығын, қазақ деген елдің өте мол мәдени мұрасы бар іргелі ұлт екендігін дәлелдемек болып, осындай кәсіппен айналысуға бел будым. Қазақ әйелдері кезінде киіз басып, алаша тоқып, неше түрлі киім үлгілерін де дайындай білген және олардың әрқайсысының өмірі, киім үлгілері, өзінше бір әлем. Міне, қуыршақтарым арқылы, олардың киімдері арқылы мен осы мәселелерді қалың көпшілікке көрсетуге тырыстым. Бұл менің дайындаған бұйымдарымды шетелдіктердің өздері арнайы тапсырыс беріп, дайындатып алып кетеді», – дейді қолөнер шебері. «Музей түніне» ол 24 экспонат алып келіпті. Бұл экспонаттар да кешке жиналған қауым ерекше ықыласпен тамашалаған дүниелер болды.
Осылайша, бір отбасының түтінін түтетіп отырған қос шебер, мерекелік кештің көрігін қыздырды. Аудандағы №18 спорт мектебінің өкілдері бүгінгі шараға қыран бүркіт, құмай тазы мен қаршығаларын да ала келіпті.
«Музей түні» осы күні аудандық этномәдени орталық жетекшілері дайындаған концертке ұласты. Олардың әрқайсысы бүгінгі кешке өздері дайындаған әндерін салып, билерін биледі.
Сондай-ақ, орталық жетекшілері тарихи өлкетану музейінің директоры мен бірқатар қызметкерлеріне Бүкіләлемдік түрік халықтары конгресінің президенті, профессор, академик, доктор Яхьия Юсиф Джаниярдың Бакуден арнайы жолдаған Құрмет грамоталарын табыс етті. Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков, аудандық мәдениет басқармасының басшысы Қыдыралы Бөрібаев, мерекелік кеште өнер көрсеткен ұжым басшылары мен қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Ал осы музейді ауданымызда ұзақ жылдар бойы басқарған ардагер, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Шырын Мамасерікова мерекеге арнайы қонақ ретінде шақырылды. Мереке соңында бүгінгі кешке жиналған қауымға арнайы дастархан жайылып, дастархан басында қонақтар музейдің құрылуы, оның қалыптасу жылдарындағы қиын жағдайлар, жалпы музей тарихы туралы салиқалы әңгіме қозғады. Музей ұжымы мерекеге шақырылған қонақтарға сый- сияпаттар жасады.


