
Киелі кәсіп иелерінің мерекесі
Нұрбану КАМАЛ
28 мамыр, 2014
21-мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл – рухани дүниеміздің алтын арқауы болған өнер иелерінің еңбегі еленіп, құрмет көрсетілетін күн. Ұлттың ұлттығын оның рухани дүниесі айқындаса, мәдениет пен өнер сол руханияттың қайнар көзі. Сондықтан да, халық санасында өнер – әрқашан да киелі, қастерлі ұғым болып жаңғырады. Аудандық мәдениет үйінде осы бір киелі кәсіп иелеріне арналған мереке салтанатты жағдайда өтті.
Ауданымыздың көркемөнерпаздары төл мерекелеріне орай дайындаған мерекелік шараның басталуы да ерекше болды. Бірі – мәдениет, бірі – өнер образында әдемі көрініс қойған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Мадина Оспаналиева мен Мадияр Шалабаев жиналған қауымға егіз ұғым – мәдениет пен өнердің ара жігін ажыратып, оның ел өміріндегі маңызын айшықтап берді. Осыдан кейін салтанатты жиын ашық деп жарияланып, аталмыш сала өкілдерін кәсіби мерекесімен аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов құттықтады.
«Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны айқын. Демек сіздер өз өнерлеріңізбен елдің рухын көтеріп, адамзат баласына шексіз қуаныш, зор мақтаныш сыйлайсыздар. Халқымыздың мәдени талғамы мен танымын қалыптастырып, еліміздің әлеуметтік, рухани құндылықтарын әлемге паш етесіздер. Мәдениет – ұлттың ұлт болып қалыптасуының негізі. Қай елдің мәдениеті, өнері жоғары болса, сол елдің еңсесі биік, рухы мықты болмақ. Ал, ел мәдениетін мәдениет және өнер қызметкерлері жасайды. Сондықтан сіздердің ел өмірінде алатын орындарыңыз ерекше, қызметтеріңіз маңызды», – деді Бақтияр Бейсембайұлы өз сөзінде. Сондай-ақ, ол құттықтау барысында ауданымыздың мәдениет саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен осы саладағы жетістіктерді де тілге тиек етті. Қазіргі таңда ауданымызда 1 аудандық, 6 ауылдық мәдениет үйі, 7 ауылдық клуб, 1 орталық, 1 балалар кітапханасы 26 ауылдық кітапхана мен 1 мұражай халыққа қызмет көрсетуде. «Әрине, 80 мыңнан аса халқы, 44 елді мекені бар ауданға бұл аздық етеді. Алдағы уақытта ауылдың мәдениет үйлері мен клубтарының санын арттыруға күш саламыз. Биылдың өзінде бірқатар мәдениет ошақтарына жөндеу жүргізілетін болады. Атап айтсақ, Ақтоған ауылдық мәдениет үйі республикалық бюджеттен 65 млн.790 мың теңгеге жөнделмек, Тәтті ауылдық клубын күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 22 млн. 750 мың теңге, Кеңес ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуге 31 млн. теңге, Беларық клубын ағымды жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 7 млн. 764 мың теңге, Аққайнар ауылдық клубын салу үшін жергілікті бюджеттен 40 млн. теңге бөлудеміз. Сондай-ақ, балалар кітапханасын күрделі жөндеуден өткізуге 57 млн. теңге бөлініп, мамыр айының соңына қарай жөндеу жұмыстары басталатын болады. Аудандық тарихи өлкетану музейі 30 жыл бойы халыққа қызмет көрсетіп келеді, бұл жерде аудан тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер өте көп», – деп атап өтті аудан әкімі.
Бұдан соң ауданымыздың ғана емес, облысымыздың мәдениет саласына еңбек сіңіріп, өз өнерлерімен халықтың көңілінен орын алып жүрген бірқатар қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Онда орталықтандырылған мәдениет үйлері және клубтар жүйесінің әдіскері Сұлушаш Сексенова республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Құрмет белгісі» төс белгісімен марапатталды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Тортаева Сағын және «Меркі әуендері» ән- би ансамблінің әншісі Орманқұлова Шолпан аудан әкімінің құрмет грамотасына ие болды. Сондай- ақ, ауданымыздың мәдениет саласының дамуына үлес қосқан, «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық міндеттерін орындауға атсалысқан бірқатар мәдениет саласының өкілдері аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының құрмет грамоталарымен, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бұдан соң сөз кезегі Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Әбдиноваға берілді. Барша өнер иелерін төл мерекелерімен құттықтаған Эльмира Елеусізқызы, Аманқұлова Жарқынайға мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғыс хатын, аудан әкімдігі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қыдыралы Бөрібаевқа Баку қаласындағы Түркі халықтарының конгресі Президенті, академик, профессор Яхья Юсиф Джанияр жолдаған құрмет грамотасын табыс етті.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ауданымызға танымал әнші Досымбек Андабаевтың орындауындағы халық әні «Жиырма бес», Ұлт аспаптары ансамблінің орындауындағы «Той толғауы», «Ыңғай төк» күйлері, бишілер тобының орындауындағы қазақ биі мен «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің әншілері, «Естелік» ардагерлер хоры тарту еткен әуезді әндер көрермен көңілінен шықты. Әсіресе, Динаның күйі «Науысқыны» нақышына келтіре орындаған жас күйші Валентина Дойконың өнері тыңдарман қауымды еріксіз тамсантты. М.Райымқұлова, А.Нұрланқызы, Р.Алайдардың орындауында Моцарттың «Рондо» шығармасы тарту етіліп, көрермен қауым классикалық музыкадан да сусындады. Концертте «Ахыска» түрік этно-мәдени бірлестігінің әншілері мен бишілері, өзбек, қарашай-балқар этно-мәдени бірлестіктерінің көркемөнерпаздары ана тілдерінде әуезді ән шырқап, ұлттық билерін тарту етті.


