top of page

Жылыстап өткен жылдар сыр ашар болса...

Бақтыбай АБАЙ

27 маусым, 2014

Өміріңде басыңнан өткен оқиғалардың, көзбен көргендердің көбі бірте-бірте көмескіленіп, ақыры біржола естен шығады. Жадыңда сол қалпында қалып қоятындары кемшіндеу. Солардың арасында кезінде жақсы сыйласқан, журналистік кәсіптің қыр-сырын бірге бөліскен, нанын бірге жескен әріптестерім де бар.

Б.Жамбабаев, Е.Сәбеков, А.Баймашев, З.Ақшекеева, Г.Зәуірбекова, А.Деридович, тағы басқалар... Өткен күндер сол күйінде елес беріп, сыр ашар болса олардың аудандық газетті уақтылы, мазмұнды етіп шығаруға қосқан үлестеріне өзгелер де тәнті болар еді. 

Дегенмен өткен күннен белгі бар. Әріптестерімнің сіңірген еңбек, ұмтылыстары текке кеткен жоқ. Оның дәлелі – бүгінгі «Меркі тынысының» ауданның төл басылымы, айнасы ретінде бедел, мерейін асырып, жаңа заманға сай жаңғыра білуінде. 

Иә, өзінің 80 жылдық тарихында оның сарғайған беттерінде қаншама журналистің, баспагерлердің қолтаңбасы қалды. Газет басу ісінде қазіргідей заманауи техника жоқ, жеке әріптермен, қолмен, кейін қорғасынды қоспамен, машинада терілетін кезде газет қолмен түптелетін. Бұл әрине тәжірибелі жұмысшылардың өзіне жеңіл соқпайтын. Жұмыс ыждағаттылықты, шыдамды көп қажет ететін. 

Сол бір бізден де көп бұрын өте шыққан жылдар небір әріптестеріміздің, баспахана еңбеккерлерінің еңбек жолын алға ұзатып, тарих қойнауына кете барды. Газет беттерінен, көнекөз кәриелердің естелігінен өткеннің белгісін іздейсің келіп, іздейсің... 

Еңбек ардагері Орынша апаймен әңгіме сонау Ұлы Отан соғысы алдындағы, соғыс жылдарғы кезеңге, аудандық газет, баспахана өміріне үңілте түсті. Бүгіндері 92- ге келген кейуана ұзақ өмірінде көпті көрді, сіз бен бізге беймәлім небір жайларды бастан өткерді. Өзі туып өскен «Қызылшаруа» ұжымшарындағы (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) мектептің 7-сыныбын бітірген соң, кейінірек меркілік Ғубайдулла деген жігітпен танысып, ақыры тағдыр қосып, тұрмысқа шығады. 

Ғубайдулла онда Меркі қант зауытында жұмыс істейді екен. Ерге шығуына байланысты О.Сарыбекова Меркіге келіп, осындағы аудандық газеттің баспаханасында газет басушы болып жұмысқа орналасады. Негізгі міндетімен қатар қолмен әріп теріп, бұған дейін өзіне белгісіз кәсіптің қыр-сырына қанығады. 

– Есімде қалғаны – газет шығаруды Ізбасаров деген кісі басқаратын, – дейді Орынша апа, – материалдарды, газет мақалаларын теріп, басумен 3-4-ақ адам айналысатын. Олардың ішінде Ақшекеева дегенді жақын тартып, жақсы қырым-қатынаста болдық. Газет баспас бұрын аудандық партия комитетіне апарылып көрсетілетіні жадымда қалып қойыпты. 

Баспаханада бірталай жыл еңбек еткен О.Сарыбекова озат жұмысшы ретінде алғыс мадақтауларға ие болды. Жаңа шыға бастаған аудандық газеттің қалыптасып, көптің басылымы болуына үлесін қосады. Қант зауытының жүре бастауына байланысты қызылша өсірудің барысы, нәтижесі туралы газетте көп жазылатындығы да еңбек, тыл ардагерінің есінде сақталып қалған. 

Бертінде Орынша апай қант зауытының құрғату цехына, зертханаға жұмысқа ауысады. Мұнда да тынбай еңбектенуінің арқасында көпке үлгі бола біледі. Қант зауытында 47 жыл еңбек етіп, жауапты міндеттерді атқарған, оның ішінде кадр бөлімін басқарған ері Ғубайдулламен отбасында бес баланы тәрбиелеп өсірді. Бәрін де оқытты. Үй-жайлы болып, өмірлік жолдарын табуына ұйытқы болды. Үлкен қызы Ғалима мен Зағипасы ұстаз ретінде білім беру саласында абыроймен еңбек етсе, Райханы да технолог мамандығымен кәсібінің нәсібін көрді. 

Ал, Ермегі бүкіл ауданымызға, облысқа танымал. Серіктестік басшысы, кәсіпкер ретінде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізіп, халықтың денсаулығын түзеп, қалыпты демалуына, ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып жүр. 

Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Орынша апай осындай мақтан етерліктей ұрпақ өрбіткен, немере, шөбере сүйген бақытты жан. Бүгінде Ермек пен Гүлбану келінінің қамқорлық аясында ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көріп отыр. 

Жүзге қарай қадам басқан ол тек ауданның ғана сыйлы кәриесі емес, біздің көзі тірі әріптестеріміздің ең жасы үлкені де. Орынша апа, өзіңіз еңбек жолын бастаған баспахана, редакция атынан Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз. «Меркі тынысының» 80 жылдығынан соң сіздің жүз жылдығыңызды есен-сау атап өтуге тағдыр жазсын. 

 

Суретте: Орынша апай немересі Томириспен.

Please reload

bottom of page