
Боздақтардың есімін елге естірту – адами парызымыз
Бейбіт СЕРІКБАЙ
02 шілде, 2014
Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесі мен «Парыз» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жеңімпаздар ұрпақтарымыз» атты кездесу кеші өтті.
Тағылымы мол кездесу кешіне аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен әскери есеп жүргізуші мамандары, мұрағат, мұражай өкілдері мен жастар ұйымы жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысып отырды. Басқосуды ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев: «Ендігі жылы Ұлы Отан соғысында жеткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы барлық елде ауқымды мерекеленіп өтпек. Біздің елімізде де бұл іс- шараға дайындық басталып кетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі Ұлы Жеңістің 70 жылдығын өте жоғары деңгейде өткізу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Көршілес орналасқан Тәуелсіз мемлекеттер өкілдері қатысқан Мәскеуде өткен үлкен кеңесте де бірде-бір соғыс ардагері назардан тыс қалмасын деген аталы сөз айтылды. Арамызда жүрген соғыс ардагерлері күннен-күнге азаюда. Бүгінгі таңда ауданымызда 20-ға жуық қана соғыс ардагері қалды. Міне, соларды құрметтеп, қорған болу – біздің парызымыз. Сондай- ақ, соғыс кезінде тылда Жеңіс үшін еңбек еткен тыл ардагерлерін де ұмытпауымыз қажет. Аудандық ардагерлер кеңесі де Жеңістің 70 жылдығына дайындықты ширата түсті. Мен әр ауылдық округ әкімшілігіне ардагерлер жайы туралы сауалнама бергенмін. Ондағы мақсатымыз – қай округте қанша ардагер бар, олардың тұрмысы, денсаулығы, қал- жағдайлары қандай екендігін және оларға қандай дәрежеде көмек көрсетілуде, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер жайы қандай, соны білу. Қазіргі таңда сол сауалнаманы Ойтал мен Жамбыл ауылдық округі әкімшілігі алып келді, басқалары округтерінде ардагерлердің бар-жоғынан да бейхабар», – деп тапсырманы жуық арада орындауды тапсырып, сөз кезегін құландық қонақ «Парыз» қоғамдық бірлестігінің өкілі, тарихшы, зерттеуші Әлі Бекқұлыға ұсынды.
Ұлт жанашыры, соғыста шейіт болған боздақтарымыздың жоқтаушы-жанашыры, педагог- тарихшы Ә.Бекқұлы да миллиондаған адамдардың өмірі қиылып, әзер жеткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындықты жұмыла жүзеге асыру қажеттігін жеткізді.
«Ұлы мерекеге тыңғылықты дайындалып, оны жоғары дәрежеде мерекелеп, ардагерлерді ұлықтау, біздің сұрапыл соғыста қаза болған қандастарымыз алдындағы борышымыз. Мен, 32 жыл болды, өз жүрек қалауыммен соғыста шейіт болып хабар-ошарсыз кеткен боздақтарымыз жатқан жерін іздеп тауып деректерін ұрпақтарына айтып аманат етудемін. Осы кезге дейін өз қаражатыммен жұмыс істесем, бүгінде облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Тарихи шайқастардағы жамбылдықтар» атты акция аясында қоғамдық бірлестік құрып, облысымыздағы, Ресей, Беларуссия, Украина елдеріндегі боздақтарымызды іздеу, деректеумен айналысудамыз. 2012-2013 жылдары Ленинград, Новгородта ерлікпен қаза болған Жамбыл облысынан аттанған 2500- дей майдангерлеріміздің дерегін жинап соғысқа жіберген (әскери комиссариат) қорғаныс бөлімдеріне тапсырдым», – деді Ә.Бекқұлы.
Аталған 2500 жауынгердің 205-і меркіліктер екен. Олардың есімдері газетіміздің 20-маусымдағы №49 нөміріндегі Ә.Бекқұлыұлының «Тарихи шайқастардағы меркіліктер» атты мақаласында жария да болды. Сондай-ақ, мақалада есімдері аталған осы меркілік жауынгерлердің ұрпақтары мен туыстарының хабарласып олардың қайда жерленгенін кімнен білуге болатындығы да айтылған. Сондай-ақ, тарихшы Ә.Бекқұлы өз баяндамасында шайқастарда қаза болған ата-апа, туыстарының қорғаныс бөлімінен келген «қара қағазын» не болмаса хабарсыз болып кеткен дерегін интернеттегі www.obd.memorial.ru сайтынан білуге болатындығын айтты.
Сонымен қатар, зерттеуші өзінің биылғы жылы көктемде Курск қаласында өткен тарихшы, политологтар мен іздеушілердің халықаралық форумына қатысып, ҰОС-дағы Курск шайқасында жамбылдық 1050 сарбаздың ерлікпен қаза болғанын нақты деректермен дәлелдеп, оның бірі таластық Кеңес Одағының батыры атанған Амантай Даулетбеков екенін және оның өмірі мен соғыста көрсеткен ерлігін дүйім жұртқа паш еткенін де тілге тиек етті.
Кездесуге келген қатысушылар бұл іс-шарада меркілік 20 жауынгер Брест қамалын қорғауға қатысып, соның ішінен біреуі ғана тірі келгенінен де хабардар болды. Неміс басқыншыларының бірінші шабуылын Брест қамалында қарсы алып тірі қалған меркілік батырымыз Абылқасымов екен. Сондай-ақ, қандықол соғыстағы Ленинград, Курск, Новгород, Орел қалаларын қорғап, азат ету үшін өткен шайқастарда жамбылдық 150 жауынгер қаза тауыпты. Соның ішінде 50-і меркілік ер азаматтар. Жамбыл облысынан 20 жауынгер ҰОС-да Кеңес Одағы батыры атаныпты.
Тарихшы Ә.Бекқұлының айтуынша, әр елді-мекенде өткен 11 шайқасқа қатысқан 10000 жамбылдық жауынгерлердің тізімін тауып беріпті. Ленинград, Новгородта өткен шайқастарда 249 меркілік сарбаз шейіт болған. Жамбылдық жауынгердің 1941 жылы жау қолына түсіп Ксталаг концлагерінде сол жылы өлтірілгенін де мұрағат қағаздары ішінен тауып ұрпақтарына хабарын жеткізген-ді.
Иә, бұл тәлімі мен тағылымы мол кештен қатысушылар мол мағлұмат алды. Қаншама қандастарымыздың әлі де хабар-ошарсыз соғыс майданы өткен жерлерде жатқандықтарын, оларды іздеу, табу, есімдерін тасқа таңба басқандай алтын әріптермен жазу адами парызымыз екендігін де түсініп, сондай игі істерге атсалысуға ниеті барлықтарын да көрсетіп, кеш ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізді.



