top of page

Ұстаздық – барша жастар қызығатын мамандық болуы тиіс

Нұрбану ҚАМАЛ

29 тамыз, 2014

Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті.

Жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға аудан ұстаздары биылғы жылы да үлкен дайындықпен келіпті. №1, №2 саз мектептерінің мұғалімдері ұстаздар мен өзге де қонақтардың назарына халқымыздың ғажайып күйлерін тарту етіп, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда ауданымыздың намысын қорғап жүрген өнерлі шәкірттер өз өнерлерін көрсетті. Бір сағатқа жуық болған концерттік бағдарламадан соң, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов, облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Дина Несіпбаевалардың қатысуымен тамыз кеңесі өз жұмысын бастады. Алдымен жас мамандарды ұстаз қатарына қабылдау рәсімі өтіп, «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» тақырыбындағы кеңесте аудандық білім бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиев баяндама оқыды. 

Ол өз баяндамасында ауданымыздың білім саласындағы барша жаңалықтар мен өзгерістерді, жетістіктерді қамтыды. Соңғы үш жылда ауданымызда 5 балабақша, 1 мектеп салынып, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Т.Рысқұлов ауылында 180 орындық, Интернационал ауылында 300 орындық мектеп құрылыстары жүргізілуде, 2015 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Аралқыстақ ауылынан да жаңа мектеп салу үшін құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ, ауданымыздағы №17 орта мектеп гимназиясын, №13, №9, №20 орта мектептерді және Жеміс-жидек ауылындағы "Огонек" балабақшасын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда екен. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мақсатында да ауданымызда айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Ал, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аудандағы білім нысандарын жаңғыртуға көп септігін тигізуде. Өткен оқу жылында 9 мектептің терезелері ауыстырылған. Жұмахан Сихаұлы осы мәліметтерді тарқата айтып, аудан мектептерінің техникалық базасы, балалардың ыстық тамақпен қамтылуы, тасымалдануы, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктері, біліктілік курстары, басқа да көптеген облыстық, республикалық байқаулардағы аудан көрсеткіштері туралы баяндады.

Иә, бұл көрсеткіштер ауыз толтырып айтарлықтай болғанымен, білім берудегі негізгі көрсеткіш – ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) нәтижелері ауданымыздың білім саласында шешімін табуы тиіс мәселелердің көп екенін айғақтайды. Өткен жылғы ҰБТ-дағы орташа балл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,64 балға төмен болған еді, ал биылғы жылғы орташа балл былтырғыдан да төмен болды. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы: 

– Аудан бойынша ҰБТ- дағы орташа балл – 68,24-ті құрады, ол өткен жылмен салыстырғанда 2,2 балға, облыстық көрсеткіштен 4,01 балға төмен. Ауданның тек 5 мектебі ғана облыстық орташа балдық көрсеткіштен жоғары болса, қалғаны төмен деңгейден көрінді. Ең төмен нәтиже көрсеткен, түлектерінің орташа балы шекті 50 балдың көлеміндегі немесе 50 балдан аса алмаған мектептер – №35, №13, №20, №30 орта мектептер. Бұл мектептерде ҰБТ-ға мектеп бітірушілерді дайындау мүлдем жүргізілмеген. Мектеп басшылары мен орынбасарларының, ҰБТ пәндері мұғалімдерінің тарапынан нәтижеге бағытталған жұмыстар жүйесіз жүргізілген дегеннен басқаша қорытынды жасау мүмкін емес, – деп атап өтті. Биылғы жылы мектеп түлектерінің 60,9 пайызы жоғары оқу орнына өтініш білдіріп, оның 33,6 пайызы мемлекеттік грантқа ие болыпты. Аудандық білім бөлімінің басшысы өзі басқарып отырған саладағы өзге де келеңсіздіктерді ашып айтты. Өткен оқу жылында екі мектептің директорлары ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» Заңын өрескел бұзып, қызметінен шеттетілген, №9 орта мектептің мұғалімі есірткімен ұсталған. Бұлардың бәрі, әрине, ұстаз, педагог мамандығының беделіне нұқсан келтіретін жәйттер. 

Жалпы, тамыз кеңесінде көп талқыланған мәселелердің бірі де осы – педагог беделін нығайту, қоғамда ұстазға деген риясыз сүйіспеншілік пен құрметті күшейту турасында болды. Жарыссөзге шығып сөйлеген №17 орта мектеп гимназиясының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Тлеубердиева, №39 орта мектеп гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Гүлзира Баубекова, «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Нәзира Дүйсебаева, білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Қажығалиевалар да бұл мәселеге тоқталып өтті. 

Ғалия Қажығалиқызы мектеп пен отбасы арасындағы байланысты күшейтудің маңыздылығы туралы тарқата айтып, ұстаз беделін көтеру үшін олардың балаларға білім беруіне мүмкіндік тудыру қажеттігін айрықша атап өтті. 

– Ұстаздық – бәсекеге қабілетті, барша жастар қызығатын мамандықтардың қатарынан орын алуы тиіс. Әрине, мұғалім беделін көтеру ұстаздың өзіне де байланысты. Қазіргі күні ауылда қалыптасқан мұғалімдік мамандықта ер мұғалімдер саны аз. Ер азаматтың тәрбиесін көрмеу ұрпақтарымыздың тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ұстаз еңбегіндегі кедергілерді де айтпаса болмайды. Қағазбастылық пен құжат айналымын ретке келтіру қажеттігі жөнінде жылда айтып келеміз. Мұғалімдерді артық қағаз жазудан, еш пайдасы жоқ құжаттарды жинаудан және жиі тексеруден босату қажет. Мысалы, бір мұғалімнің өзі портфолио үшін, аттестацияға, презентацияға, басқа да ұшы-қиыры жоқ тексерулерге арналған файл, папкаларды жинайды. Ұстаздар бала оқытып, өз білімін жетілдіруден бұрын, қағаз толтырумен әуре. Бұл, шындап келгенде, кімге керек?!» – деді Ғалия Қажығалиева. 

Бұдан соң облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Дина Несіпбаева сөз алды. Ол аудан ұстаздары мен білім мекемелерінің басшыларын облысымыздың білім саласында атқарылып отырған жұмыстардан хабардар етті. 

Кеңесте сөз алған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, ауданымыздың білім саласын дамыту мақсатында аудан әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, бөлінген қаржылар мен алда атқарылуы тиіс міндеттер жөнінде айтып өтті. Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, ауданымызда аудандық бюджеттің 70-80 пайызы осы білім саласына  жұмсалып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына көңілі толмайтындығын білдірсе де, Бақтияр Бейсембайұлы жиын барысында мектеп басшыларын қатаң сынға алған жоқ. Есесіне, аудандық білім бөлімінің басшысына төмен нәтиже көрсеткен мектептердің басшыларын және зейнеткерлік жасқа келген директорларды демалысқа жіберу және орнын ауыстыру тәсілін қолдану жөнінде тапсырма берді. 

Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша ауданымызда арнайы жоспар жасалған. Осы жоспар бойынша ауданымызда соңғы уақытта балабақшалар құрылыстары жүргізілуде. 

– Биылғы жылы бір балабақша салынуда, бір балабақша күрделі жөндеуден өтуде. Тағы да жекеменшікке өтіп кеткен 3 балабақшаны сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен, ендігі жылы 4 балабақша іске қосылатын болады. Осы қарқынмен барсақ, Елбасымыздың балаларды 2020 жылға дейін мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту туралы тапсырмасын орындайтын боламыз, – деді аудан әкімі. 

Аудандық білім бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиев жиналыста сөз алған азаматтардың сын-ескертпелерін алдағы уақытта ескеретіндігін жеткізіп, марапаттау рәсіміне кезек берді (төменгі суретте). Ұстаздардың айтулы шарасы – тамыз кеңесінде жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі еңбектері үшін бір топ ұстаздар, білім мекемелерінің басшылары, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, облыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің және білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталарына ие болды. Сондай- ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Жамбыл облысы педагог қызметкерлерінің білімін жетілдіру «Өрлеу» институтының құрмет грамотасымен марапатталды.

 

Please reload

bottom of page