
Лагерь күрделі жөндеуден өтуде
Нұрбану КАМАЛ
18 шілде, 2014
«Жұлдыз» жазғы сауықтыру лагері – аудан балаларының сүйікті лагері. Онда жыл сайын 300-400 бала жазғы демалысын қызықты да мазмұнды өткізіп келеді. Биылғы жылы салқын ауа мен әсем табиғатқа бай тау бөктерінде орналасқан бұл лагерде демалу аудан балалары үшін мүмкін болмады. Өйткені, мамыр айының 20-нан бастап лагерде күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Іргетасы 1965 жылы қаланған лагерь ғимараттары жарты ғасырға жуық уақыт бойы бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген еді. 2012 жылы лагерді күрделі жөндеуден өткізу үшін 2 млн. 550 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасалып, үстіміздегі жылы құрылысқа қарастырылған 78 млн. теңгенің 10 пайызы облыстық, қалғаны республикалық бюджеттен бөлінді. Қазіргі таңда тараздық «Тараз-Инвест» құрылыс компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
«Бөлінген қаржыға барлығы 4 нысанды – 3 балалар жатын ғимаратын және 1 бассейнді күрделі жөндеуден өткізу, сондай-ақ, абаттандыру, көріктендіру т.б. жұмыстар жоспарланған. Бұл жұмыстардың бәрі де, әрине, болашағымыз жас ұрпақтың әрбір күнін мазмұнды өткізу мақсатында жасалып жатқан игі істер деп айта аламыз. Алайда, лагеріміздің асханасы белгілі бір себептермен жобаға кірмей қалды. Сондықтан, қосымша қаржы қарастырылып, лагерімізге жаңа асхана салсақ нұр үстіне нұр болар еді», – дейді «Жұлдыз» жазғы сауықтыру лагерінің директоры Орымбай Мәнкеұлы.
Ол жаңа нысанды екі қабатты етіп салып, астыңғы қабатынан – асхана, үстіңгі қабатынан 40 орындық ересек адамдарға арналған жазғы-қысқы демалыс орнын жасасақ деген ойын да жеткізді.
Құрылысты қыркүйек айының 19-на дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазір құрылыс жұмыстарының қызған шағы. Шатыры ауыстырылып, едені жөнделіп, пластик терезелер, жаңа есіктер салынып, ғимараттары тұтастай заманауи кейіпке енетін лагерь келесі жылы балаларды қабылдайтын болады. Ал, биылғы жылы аз қамтамасыз етілген және үздік оқитын 400 бала Тараз қаласындағы «Бәйтерек» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда.



