
Аналарға әрқашанда құрмет
Бейбіт СЕРІКБАЙ
29 қаңтар, 2014
Соңғы уақытта елімізде әйелдердің бала туу көрсеткіші жоғарылап, демографиялық өсімнің артуы байқалуда.
Өткен жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев құзырлы органдарға туу мен көпбалалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауды – жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруды қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының бұл тұрғыда қойған міндеттерін Үкімет жүйелі түрде атқарып, ана мен баланы қорғау іс- шараларын жүргізуде. 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасын ұзартып, балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100 пайыз қамтуды басты мақсат етіп қойды.
Көпбалалы аналардың жәрдемақылары жыл сайын өсу үстінде.
«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», – демекші аналарға қашанда құрмет пен ізет көрсету әр азаматтың парызы. Осы орайда біздің ауданымызда да бірқатар игілікті шаралар жүзеге асырылуда. 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі күні жасы жүзден асқан апалар мен көпбалалы аналарға құрмет көрсетіліп, аудан әкімдігі тарапынан марапатталып, сыйлықтар тарту етіліп жатқаны осындай игі істердің айғағы.
Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігіндегі алқалы жиынның алдында аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ҚР Президентінің көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау туралы шыққан Жарлығы бойынша алты бала туып, тәрбиелегені үшін «Күміс алқа» алқасымен меркілік аналар – Надежда Арсланова, Қарлыға Крабаева, Рашида Сметова, Бахлыгуль Дуршимоваларды салтанатты түрде марапаттап, гүлшоқтарын тапсырып, құттықтады.


