top of page

Тәттіде де қолға алуды қажет ететін мәселелер баршылық

Айдар ОСПАНАЛИЕВ

22 қаңтар, 2014

Тәтті Меркі ауданының аймағындағы ең шалғай жатқан округтердің бірі. Бұл ауылда округ әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны 15-ші қаңтар күні Қарасу ауылынан басталды.

Тәтті округінде тұрғындармен болған жиындарға округ әкімінен өзге аудан әкімінің орынбасары Жаңабай Атабеков, аудандық Меркі ауданы әкімдігінің "Жұмыспен қамту орталығы" коммуналдық-мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Әлжан Керімқұлов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жұмахан Жантелиев қатысты. 

Жиында округ аумағында атқарылған жұмыстарға тоқталған округ әкімі Ғалым Батырбековтың айтуынша, аудан орталығынан алыста орналасқандығына қарамастан, округте өткен 2013 жылы біршама істер атқарылған. Айталық «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен 2 миллион теңгеге №13 орта мектеп жанындағы интернат ағымдағы жөндеуден өткізілсе, жергілікті бюджет есебінен осы интернат 3 миллион теңгеге ішкі жиһаздармен жабдықталған. «Мектепке жол» акциясы аясында отбасылық жағдайы төмен 30 оқушыға кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы басшыларының көмегімен қажетті дүниелер сатып алып берілген. Округте 307 адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Өткен жылы округте 45 бала туылып, барлық мерекелер ауыл тұрғындарының қатысуымен сән-салтанатпен атап өтілген.

Сонымен қатар аймақта кейбір көшелерге тас төселіп, оларды жарықтандыру, «Тәтті-Сарғобы» бағытында орналасқан көпірді жөндеу сияқты бірқатар қомақты шаралар атқарылған. Дегенмен, округте тұрғындарды қынжылтып отырған күрделі мәселелер де жоқ емес. Мысалы, Қарасу ауылындағы 20 үйдің тұрғындары жер астынан шығып жатқан (самотек) суды пайдалануда. Ал өзгелері осы суды тасып ішуге мәжбүр. Ауылда артезиан суы бар. Алайда оның суын әр үйге жеткізу үшін құбыр орнату керек және суды құбыр арқылы айдайтын қозғалтқыш (движок) қажет. Осыған қарай жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Ж.Атабеков аталмыш проблеманы шешу үшін қанша метр құбыр қажет екендігін есептеп, «Таза су» мекемесімен бірлесіп, бұл жұмысты қолға алу қажеттігін округ әкіміне ескертті. 

Тұрғындар сондай-ақ ауылдағы мейірбикенің тұрғындарға өзінің үйінде медициналық көмек көрсетіп жүргендігін айтып, шағымданды. Сол себепті ауылға бір медициналық қосын салмаса, ауыл тұрғындары ауыра қалса, аудан орталығына жүгіріп әлек. «Сондай-ақ осы ауылға бір жаңа мектеп салынса дұрыс болар еді», – деген тілектерін жеткізді тұрғындар. 

Жиын барысында ауыл өміріне қатысты өзге де бірқатар мәселелер қаралып, ауданнан келген басшылар мен округ әкімі оларға тиісті жауаптарын берді. Айталық ауылда салынатын мектептің құрылысы 2016 жылға жоспарланып отырса, медициналық қосынды салу мәселесін қажетті органдармен кеңесіп көру керек. Ал қарасулықтар тарапынан көтерілген қоқыстарды тазарту мәселесін ауыл әкімі ұйымдастырмақ. 

Қарасулықтармен кездесуден кейінгі жиын Беларық ауылында жалғасты. Округ әкімінің 2013 жылы атқарған істері жөніндегі баяндамасынан соң, кезек тұрғындардың сауалдарына берілді. Беларық тұрғындары бірінші кезекте осы ауылға апаратын жол жөнделсе дейді. Сондай-ақ, егіс шықпайтын жерлерді жайылымға айналдырсақ деген де ойлары бар. Осыған дейін аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде ауданның және оның аймақтарындағы жолдарды жөндеуге қаржы бөлінгендігі айтылған. Алайда ол қаржы аудан жолдарын түгелдей жөндеуге жеткіліксіз. Сол себепті қаржы қатты қиындық тудырып отырған жолдарды ғана қалпына келтіруге бөлінбек. Ал егіс шықпайтын жерлерді жайылымға айналдыру мәселесіне келетін болсақ, бұған құзырлы органдарға арнайы өтінішпен қайырылып, бұл мәселені шешуге болады. Жиын барысында тұрғындар ауданнан келген өкілдерге жекелеген мәселелер бойынша да пікір алмасты. 

Тәтті ауылдық округі әкімінің жиыны бұдан әрі «Ақжол» ауылында жалғасты. Аудан орталығынан шалғай орналасқан демесе, ақжолдықтардың ахуалы өзге ауылдармен салыстырғанда тәуір. Бірақ мүлдем проблемасыз емес. Айталық, мұнда қазір ұялы байланыстың жағдайы қиындау. Округ әкімінің айтуынша, осыған дейін елдегі бірнеше ұялы байланыс операторлары келіп, аймақтағы жағдайды барлап, өздерінің қондырғыларын орнататын болып кеткен. Бірақ сол бойы қайтып келмеген. «Бүгінгі таңда округте өздерінің қызметтерін жолға қоямыз дейтін байланыс операторлары болса, оларға ешқандай кедергі жоқ, тіпті керісінше, біздің тарапымыздан қолдау көрсетілетін еді. Алайда әзірге ондай азаматтар табылмай отыр», – деді.

Жиында тұрғындар тарапынан көтерілген көшелерді жөндеуге қатысты ауданнан келген өкілдер ауылда бұл проблеманың шешілетіндігін айтты. Яғни, осы ауылдағы Төленді көшесіне биыл қиыршық тас төселеді деп жоспарланып отыр. Ал осы өңірде жаңа мектеп салу мәселесі 2016 жылға жоспарлануда. Тәтті ауылында өткен жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған жол жөндеу және көшелерді жарықтандыру, су құбырларын жөндеу сияқты өзге де бірқатар мәселелер бойынша аудан басшыларымен пікір алмасты. Сондай-ақ осы жиындардың барлығында Меркі ауданы әкімдігінің "Жұмыспен қамту орталығы" коммуналдық-мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары А.Керімқұлов «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша несие алу шарттары жөнінде ауыл тұрғындарына жан-жақты кеңес берді.

Please reload

bottom of page