
Терроризм қоғам болып күресетін дерт
Нұрбану КАМАЛ
31 қаңтар, 2014
Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімдігінде «Терроризмнің алдын алудың негізгі басымдықтары, әдістері мен бағыттары. Терроризмге қарсы комиссияның жұмысын жоспарлау және ұйымдастыру» тақырыбында семинар-отырыс өтті.
Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, Жамбыл облысы бойынша ҰҚК Департаментінің терроризмге қарсы орталық бөлімінің бастығы, полковник Батырбек Атамқұлов, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары мен учаскелік инспекторлар, депутаттар, аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, дін саласының өкілдері, ауыл ақсақалдары т.б. қатысқан алқалы жиында бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі – терроризмге қарсы күрес шаралары талқыланды.
Жиналысты ашқан аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов ауданымыздағы терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрестің жалпы жағдайы туралы айтып өтті.
Қазіргі таңда аудан әкімдігі жанында аумақтық терроризмге қарсы комиссия жұмыс істейді. Аудан әкімі төрағалық ететін аталмыш комиссия арнайы бекітілген жоспар бойынша жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, ауданымыздағы террористік тұрғыда осал нысандардың тізімі жасалып, сол нысандарда қажетті жұмыстар атқарылуда. Яғни, аудандық орталық аурухана, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты халық көп жиналатын нысандардың қауіпсіздігі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, терроризмге қарсы комиссияның басты назарында.
Тыныштығымызға, мемлекеттігімізге аса қауіп төндіретін бұл дертпен күрес ауданымызда биылғы жылдың басынан тағы да жандана түсті деуге болады. Бұған мысал, қаңтар айының басынан ауданымыздағы 14 ауылдық округте терроризмге қарсы үгіт-насихат топтары өз жұмысын бастады. Құрамында ауылдық округтің әкімі, ауылдың учаскелік инспекторы, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, ауыл ақсақалдары бар бұл үгіт-насихат топтары діни экстремизмнің алдын алу мақсатында жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, жат дін, жат ағымның ауыл жастарының санасын улауына қарсы күреседі.
Бақтияр Бейсембайұлы ауданымызда атқарылып жатқан осындай жұмыстар жайын айтып өткен соң, Жамбыл облысы бойынша ҰҚК Департаменті, терроризмге қарсы орталық бөлімінің бастығы, полковник Батырбек Атамқұловқа сөз кезегін берді.
Өз баяндамасында Батырбек Керімбайұлы (суретте) жастардың жат ағымға әуестенуінің себептері, терроризм және діни экстремизмге қарсы әрекеттердің барлық түрлері мен бағыттары туралы тарқата айтты. Терроризмнің алдын алу, террорлық қылмыстарды ашу, террорлық әрекеттердің салдарын жою шараларын жүзеге асыруда орын алатын кемшіліктер мен проблемалар туралы да айтқан полковник аудан басшыларына сол кемшіліктерді болдырмау жайында да өз ұсыныстарын айтты.
Қазіргі таңда діни экстремизмнің, радикалды ағымдардың кең қанат жаюының негізгі себептерінің бірі – халықтың діни сауатсыздығы болып отыр. Ал, тұрғындарға дін тұрғысында дұрыс бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі дінімізді насихаттауда ауыл имамдарының білім-білігінің көп жағдайда кемшін түсіп жататыны белгілі. Сондай-ақ, аудандарда білікті теологтардың жоқтығы да республика деңгейінде айтылып келе жатқан үлкен проблемалардың бірі. Батырбек Керімбайұлы имамдардың біліктілігін арттыруға, дінге деген қызығушылығы мол, сауатты жастарды оқытуға, білімді теологтарды ауданға шақыруға жергілікті билік тарапынан көп көңіл бөлінсе, халықты ақпараттандыру, насихат жұмыстары ойдағыдай жүргізілсе терроризмнің алдын алу шараларының нәтижелі болатынын атап өтті.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде: «Тероризм, діни экстремизм – тамырын тереңге жайған үлкен қауіп-қатер. Сондықтан да, азаматтарымыздың санасында терроризммен күрес тек ұлттық қауіпсіздік комитеті мен өзге де құқық қорғау органдарының ғана міндеті деген түсінік болмауы керек. Бұл – бүкіл ел, халық болып, қоғам болып күресетін дерт. Ата-бабамыз ұлан-байтақ жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бізге аманаттады. Сол бабалар аманатын терроризм дейтін тажалдың құрсауында қалдырмай, аман-есен кейінгі ұрпаққа жеткізу – осында отырған баршамыздың, жалпы, әрбір саналы азаматтың міндеті», – деп атап өтті.
Семинарда қорытынды сөз алған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов киелі Меркі жерінде радикалды ағымдардың қанат жаюына жол бермей, ауданымыздың тыныштығын сақтау мақсатында аянбай еңбек ету керектігін атап өтті.



