
Ақтоғанда атқарылатын жұмыстар ауқымды
Бейбіт СЕРІКБАЙ
07 ақпан, 2014
Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов аудан тұрғындары алдында 2013 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2014 жылға арналған міндеттері туралы есепті кездесуін Ақтоған ауылдық округінен бастады.
№4 Тілеміс батыр атындағы орта мектептің спорт залында өткен кездесуге аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Тілеубердиева, аудан әкімі аппаратының басшысы М.Өмірбеков, Ақтоған ауылдық округінің әкімі О.Қосубаев және аудандағы ұйым, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ауылдық округ әкімі О.Қосубаев ашып бүгінгі кездесудің күн тәртібімен таныстырып, бірінші мәселе бойынша сөз кезегін аудан әкімі Б.Көпбосыновқа берді. «Биылғы жылдың басты жаңалығы - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы болды. Қазақстан енді әлемдегі ең мықты дамыған 30 елдің қатарына қосылмақ», – деп бастады сөзін аудан әкімі. Ол өз баяндамасында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін сала - сала бойынша айтып өтті және бұл көрсеткіштер нақты сандармен, суреттермен интерактивті тақтада көрсетіліп отырды. Аудан әкімінің айтуынша, Меркі ауданы өткен жылы облыс көлемінде негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарға шығып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша екінші орынға, ал өнеркәсіп саласында бірінші орынға шыққан. Нақты көрсеткіштермен айтатын болсақ, өткен жылы аудан егіннен 700 млн. теңгенің, мал шаруашылығынан 200 млн. теңгенің өнімін алдыңғы жылдармен салыстырғанда артығырақ өндірген.
Сондай-ақ, ол 2014 жылы ауданда жалпы сомасы 3 млрд. 873,0 млн. теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылатындығын атап өтті. Олардың ішінде Меркі тау шатқалында минералды скважинаны іске қосу, минералды сусын шығару, Ақарал ауылында интенсивті бақ өсіру, шарап зауытының жұмысын қайта жолға қою, құрылыс кірпішін шығару сияқты өзге де бірқатар ірі жобалар бар. Бұған қоса бірқатар ауылдық округтерде балабақшалар мен мектеп құрылыстары басталмақ. Аудан әкімі өз есебінде спорт саласына да көп көңіл бөлінгендігін, осы орайда Ақтоған ауылында өткен жылы ұйымдастырылған көшелер арасындағы жарыстардың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын атап өтіп, биыл 14 ауылдық округте спорттың 11 түрінен көше спортын дамытып, әр округке жарыстар өткізу үшін 300 мың теңгеден қаражат қарастырылғанын айтты.
Осы ауылдық округке қарасты тағы бір жағымды жаңалық - Ақтоған ауылының мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін 73,1 млн. теңге қаражат бөлінген. Аталмыш нысанның қазандығына қажетті қаржы да табылды. Сондай-ақ, ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатын жасауға қаржы қарастырылуда. Қазақдихан ауылына биыл газ қосылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінген. Аудан тұрғындарымен болған кездесуде облыстық мәслихат депутаты Г.Тілеубердиева да сөз сөйлеп: «Ақтоған – «айрандай ұйыған» ынтымағы мол ауыл. Сіздер қандай істі қолға алсаңыздар да аяғына дейін жеткізесіздер. Ауылдың көшелерін өз күштеріңізбен жарықтандырып жатырсыздар, тұрмысы нашар, мүгедек адамдарға бірнеше үй соғып бердіңіздер», – деп ақтоғандықтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты Ақтоған ауылында 60 жыл бұрын құрылысы жүргізілген ауызсу құбырына күрделі жөндеу жүргізуді ұсынды. Бұған қоса: «Округтегі екі ауылға бір балабақша керек. Өйткені, аймақта бала саны өсуде. №4 орта мектептегі шағын орталыққа балалар сыймай жатыр. Сондықтан жаңа балабақша соғылса, болмаса «Тілеміс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілік кеңсе ғимаратын сатып алып, балабақша жасаса нұр үстіне нұр болар еді», – деген ойын жеткізді Гүлжан Ержанқызы.
Жарыссөзде сөйлеген ауыл ақсақалы А.Медетбеков, аудан әкіміне ауыл жағдайының жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айтса, Қазақдихан ауылының тұрғыны Е.Ниязбеков ауылға газ келетіндігіне қуанып, енді мектеп мәселесі шешілсе деген тілегін білдірді.
С.Мамаев болса жерге қатысты жеке мәселе көтерсе, Қ.Қорабаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан ауылға апаратын бұрылыс салу мәселесін шешуді сұрады.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі: «Ауылдарыңыз өте ынтымақты ауыл. Қазір біз осы ауылды көркейту жоспарын жасап, шетел кәсіпкерлерін біріге жұмыс істеуге шақырып инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Осы жұмыстарды қолға алсақ, Ақтоған ең дамыған еңселі ауылға айналады», – деп алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, әкім тұрғындарды мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, жаңа жұмыс орындарын ашып, табиғаты мол тау бөктеріне бақ, көкөніс егу жұмыстарын қолға алуға шақырды. Ауыл тұрғындары аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, болашақ жұмыстарына сәттілік тіледі.


