top of page

Жағдай реттеліп келеді тек пошта, медицина қызметіндегі кейбір оралымсыздықтар болмаса

Бақтыбай АБАЙ

07 ақпан, 2014

Аудан әкімі Б.Көпбосынов тұрғындар алдында есеп беруін Ақтоғанда бастап, Жамбыл ауылдық округінде жалғастырды.

А.Қосанұлы атындағы орта мектепте өткен кездесуді аталмыш округ әкімі М.Көкірекбаев ашып, аудан басшысы есепті баяндамасында: 

– Биылғы жылдың ең басты жаңалығы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңа «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы болды, деді, – Бұл Жолдауда алдымызға Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсаты қойылып отыр. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. 

Бақтияр Бейсембайұлы Жолдаудың негізгі бағыт-бағдар, көрсетулерін айта келе өткен 2013 жылы ауданның атқарушы органдарының басты міндеті Мемлекет басшысының тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардан туындайтын негізгі міндеттерді іске асыруға бағытталғанын еске салып, аудан экономикасын, білім беру мен мәдениет, медицина, басқа да салаларды дамытуда іргелі істер тындырылғанын нақты мысалдар келтіре кеңінен баяндады. Оның ішінде 13 млрд. 53,6 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, бұл сала бойынша аудан облыста 1-орынға шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша облыста ең алдыңғы екі ауданның біріміз. 

Аудан әкімі есебін: – Қол жеткен жетістіктерді баянды етіп, ауданның одан әрі өркендеп, көркеюіне үстіміздегі жылы да бәріміз біркісідей атсалысатын боламыз, – деп тәмамдады. 

Кездесуде күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша осы Жамбыл округінің Жамбыл, Жеміс-жидек және Талдыбұлақ (Қарға батыр) ауылдарының тұрғындары-сайлаушылары облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлаған Трубицын атындағы №17 орта мектеп гимназияның директоры Гүлжан Тілеубердиева жамбылдықтарды Жаңа 2014 жылмен құттықтай отырып, атқарған жұмысы туралы есеп берді.

–Сайлаушыларым депутат ретінде осы №18 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуге, Жамбыл, Жеміс-жидек ауылдарында балабақшалар салуға, Талдыбұлақ ауылында газ, ауызсу мәселелерін біржола шешуге ықпал етуді тапсырған еді, – деді ол, – Өткен жылы бірқатар нақты істер атқарылды. №18 орта мектеп жөндеуден өтіп, өзіміз қазір мұнда жиналыс өткізіп, куә болып отырғанымыздай, оқу орны әп-әдемі, жылы болып көңіл сүйсінтіп тұр. 

Облыстық мәслихаттың депутаты өзі шешуге күш салуды міндетіне алған өзге де мәселелер рет- ретімен шешілу үстінде. 

Жамбыл ауылында салынатын 280 орындық балабақшаның орны белгіленіп, құрылысын жүргізуге келісім алу үшін құжаттар Астанаға жіберілген. 

Жеміс-жидек ауылында балабақша ашу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді деп күтілуде. 

Талдыбұлақ ауылында газ құбырлары тартылды. Ауызсу мәселесі шешіліп қалайын деп тұр. Ол облыстық мәслихаттың да назарында. Су шығару үшін өткен жылы 180 метр тереңдікке дейін бұрғыланған. Нәтиже болмаған. Енді биыл жұмыс одан әрі жалғасып, тереңірек бұрғы салынып, қалайда су шығару көзделуде. Су мәселесімен қатар Г.Тілеубердиева осы есеп беру жиналысында аудан әкімінен газ құбырын кіргізуге бюджеттен қаржы бөлуге көмектесуді сұранды. Ал, аудан әкімінің бүгінгі есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. 

Аудан басшысының есебі бойынша алдымен сөз алған округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітқадыр Көшкінбаев ауданда, округте атқарылып жатқан жұмыстарға, әсіресе №18 мектептің жөнделіп, балалардың оқуына барлық жағдай тудырылғанына риза екендігін, дегенмен ара-тұра кездесіп қалатын «әттеген-ай» дерлік кемшіліктер де бар екендігін жеткізді. 

– Пошта өз деңгейінде жұмыс істемейді, – деді ол, – газетті уақтылы ала алмаймыз. Хат тасушылардың еңбекақысы 7 мың теңге екен. Оған қалай жұмыс істейді? Мұның бәрі рухани азық-байлығымызға кесірін тизігуде. Уақтылы әкеп берілмейтіндіктен жылда оқып жүрген «Егемен Қазақстан» газетіне ләж жоқ жазылмай қойдым. Сол сияқты ауданда қымбатшылық белең алып тұр. 

Ауыл тұрғыны Бақытжан Әлібаев медициналық қызметке үлкен сын айтты: 

– Бұл айтпасқа болмайтын жағдай. Денсаулықты көрсету үшін «портал» деген шықты. Ешкім ала алмайды. Ал, дәрігерлерге қайырылатындар көп. Орталық ауруханаға өткен жылы бюджеттен 994 млн. теңге бөлініпті. Мұндай қаражатпен жағдайды жақсартуға болмас па екен? Ләж жоқ емделуге Қарабалтаға барып жатқандар көп. Көрген адам меркіліктер көшіп келген бе дегендей. Өз ауруханамызда орын жоқ, – дейді. Ғимарат бос тұр, бұл қалай? Келінімді босану үшін Тараз қаласына апарамыз деді, жолда босанып қалса ше, не болады, бұған кім жауап береді? 

Бұл мәселе бойынша аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Махатова: – Портал әркімнің ауруына қарай беріледі. Босанатын әйелдің денсаулығы нашар болса Таразға жеткізуге тура келеді, – деп жауап берді. 

Бұған Б.Әлібаев тіпті де келіспей: «Неге инвестиция тартып, жұмысқа мықты дәрігерлер алмайсыздар, – деді. 

Бәрін тыңдап, түсініп тұрған аудан әкімі Б.Көпбосынов дау туғызған мәселеге өзі нүкте қойды:

– Ауруханаға жаңадан 25 млн. теңгенің жабдығы қойылды. Дәрігерлер, ұмтылып жұмыс істесеңіздер біраз жағдайлар тудырылды. Тек жауапкершіліктен қорқасыздар. Б.Әлібаев дұрыс айтады. Мамандарыңызды үйретіңіздер. Ауырғандар сыртқа бармай, өзімізде емделу керек. 

Пошта қызметінің нашарлығы, газет-журнал оқырмандарға уақтылы жеткізіліп берілмейтіндігі туралы да кеңірек әңгіме болды. Жиналысқа қатысқан аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов: 

– Бұл мәселе талай жылдардан бері көтеріліп келеді. Бірақ шешімін таппай-ақ қойды. Істі жолға қою үшін облыстың, облыс әкімінің алдына қоялық. Пошта байланысы басшылығы қаржы жетіспейді, хат тасушылар аз айлық алған соң, газеттерді сирек тасиды дейді. Бұлай деп ақталудың жөні жоқ сияқты. Пошта жүйесінде жоғарыда істейтіндердің қайбірі көп мөлшерде жалақы алатын көрінеді, – деген пікірін білдірді. 

Аудан басшылары жағдайды түзеу үшін бюджеттен ақша бөлсек пе екен деп те ой бөлісті. 

Осы Жамбыл округінің тұрғыны, еңбек ардагері Атшотбай Атабеков көптің көкейінен шыққан орынды бір уәжді ортаға салды. 

– Аудандық бюджеттен пошта үшін неге қаржы шығарылуы керек. Қазіргі ең төмен айлық 19 мың теңгенің төңірегінде. Хат тасушылардың айлығын керек болса пошта байланысы басшылығы, министрліктері көтерсін. 

Б.Көпбосынов бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, анық-қанығына жетіп, пошта қызметін, газет-журналды таратуды жөнге келтіру қажеттігіне тоқталды. Аудан алдында тұрған ең өрелі міндеттерді, оның ішінде тазалық сақтауға керекті техника алуға, қосымша штат ашуға 25 млн. теңге бөлгенін айтып, есеп беру жиналысын қорытындылады.

 

Please reload

bottom of page