
Тұрғындардың қолдауы – басшыға берілген ең басты баға
Бақтыбай АБАЙ
12 ақпан, 2014
Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда, өткен аптаның сенбісі күні Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арналып қойылған ескерткіш жанында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелі жиынға аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов, ауданымыздың ақсақалдары, ұйым, мекеме басшылары, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары, т.б. қонақтар қатысты.
Сарымолдаев ауылдық округі аудандағы ірі округтердің бірі. Көптеген ұлт өкілдері тұратын бұл аймақ тұрғындары өткен сәрсенбіде аудан әкімінің есебін тыңдау үшін Савва атындағы мектеп-интернаттың акт залына жиналды. Басқосу өте бір жинақы, өзара түсіністікпен өтті. Заманымыз оңға қарай бет бұрғанын жиналғандардың көңіл күйінен, жүздерінен аңғарғандай болдық.
Жиналысты округ әкімі Жұмахан Абдуллаев ашқан соң, аудан әкімі Б.Көпбосынов өткен 2013 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2014 жылға арналған міндеттер туралы кеңінен есеп берді. Бүкіл ауданымызда атқарылған жұмыстармен қатар осы Сарымолдаев округіндегі жағдай, қолға алынар шаруалар жайлы да тоқтала кетті. Мәселен, алдағы уақытта Сарымолдаевта 140 орындық балабақша ашу, Ойталда фельдшерлік пункт салу, Сарымолдаев ауылында С.Ахтамбердиев атындағы, Ойтал ауылында Б.Қырғызбаев атындағы көшелерді, тағы басқаларын жөндеуден өткізу, «Ақ бұлақ» ауызсу бағдарламасы бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыру, т.б міндеттерді жүзеге асыру көзделуде.
Басқосуға қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Қ.Шайхиев өз есебі ретінде атқарылған жұмыстар, бірлесіп қолға алар істер туралы айтты. Жиналғандарды облысқа газға бөлінген 600 млн. теңгенің 500 млн. теңгесін біздің аудан жарататын болғанымен хабардар еткен ол:
– Бұл қаржы ауданның 10 елді мекенінің игілігіне жұмсалмақ. Елді мекен іргесіне құбырмен жеткізілген газды мемлекет үй-үйге өзі кіргізіп береді деп күтіп отырудың қажеті жоқ. Осылай көп болып қолға алынбағандықтан Гранитогорскіде келіп тұрған газды бір үй де пайдалана алмай отыр. Тұрғындар өздері ақша жинап, газды үйлеріне кіргізіп алуы керек. Осылай көп болып жұмылғанның арқасында Сұратта тұрғындардың 80 пайызы газ жағып отыр. Аудан әкімі есебінде айтқандай, ауыл шаруашылығы бойынша ауданымыз облыста алдыңғы орынға шығыпты. Бұл сала – негізгі сала. Экономикалық жағдайымыз жақсара түсті деген сөз бұл. Шаруаның жұмысы жүріп жатса ауданымыз бұдан былай да жақсы болады. Депутат ретінде ауданды өркендетуге мен де үлесімді қоссам деймін.
№1 орта мектеп ұжымының сұранысы бойынша тереңнен су шығартып, пайдалануға жағдай жасастым. Енді қарап отырсам бұл мектеп жөндеуді қажет етеді екен. Одан кейін салынғандар жөнделіп қойды, Бақтияр Бейсембайұлы, ләж болса, сізден бұған қаржы бөлуге жәрдемдесуді сұраймын.
Жиналысқа қатысып отырған аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов бұдан хабардар екен, іле өз ойын айтты:
– Бұл мәселе көтерілген, жөндеу үшін әлі жұмыс жүргізу керек. Жүзеге асуға тиісті істер ауданда аз емес. Осы ауылдық округ әкімдігіне үй де керек. Аудан басшыларымен қатар басқосуға келген басқалар да бұл айтылғандармен келісетіндерін білдіріп жатты. Бұл мәселе округ әкімі Ж.Абдуллаевтың өткен жылғы есебінде де көтерілген болатын. Содан бері де біраз уақыт өтті. Үй болмай, күй болмайды.
Биыл әкімдік баспаналы болатын түрі бар. Жергілікті кәсіпкер Меркілік Серікбаев осы округтегі бір ғимаратын сатуға келісіп отыр. Аудан басшылары Б.Көпбосынов, І.Ахметжанов мұны қоштап, қымбатқа емес, оңтайлы бағаға беруді ұсынды.
Әкімдердің ішінде ең тәжірибелісі Жұмахан Абдуллаев әкімдік аппараты міндетін мінсіз, алаңсыз атқаруы үшін тұрақты өз ғимараты болса, дейді. Ал, округ тұрғындарының жайын өзінікінен артық ойламаса кем ойламайды. Солардың тағы бір өзекті мәселесін осы жиналыста еске сала кетті:
– Тұрғын үй аймағымыз кеңею үстінде. Белгіленген 42 га жерге жаңа үйлер, көшелер түсуі керек. Тиісті орын оның жобасын қар еріп, күн жылынғанша бітіріп берсе екен.
Аудан әкімі көпшілікті жасалған жоспар бойынша Жамбыл, Меркі, Сарымолдаев округтерінің негізгі ауылдары бір қалашық сияқты үйлесім тауып,кеңейе түсетіндігімен тағы бір хабардар етіп, бұған дейін саман кірпішпен тұрғызылған үй құжатын дайындауда қиындық туып келгенін айтты:
– Мамандармен сөйлесіп, келістірдім. Енді мұндай үйлерге де құжаттар дайындап береді. Тек қабырғаларын торлап, күрделі сылақпен сылау қажет. 20-25 мың теңгемен құжатын алуға болады,-деді.
Аудандық мәслихат хатшысы І.Ахметжанов салынуға тиісті медициналық тіректің қажетті құжаттарын жасауды тездете түсуді округ әкімінің есіне салды. Есепке байланысты өз ойын ортаға салғандар Бақтияр Бейсембайұлының есебін қанағаттанарлық деп тапты. Жұртшылықтың ауданда, округте жүргізіліп жатқан істерді құптап, алдағы уақытта оларды баянды етуге атсалысуға пейіл танытуы бүгінгі бағыт-бағдарға, аудан басшысына берілген басты баға.
Жалпы жиналыс барысында округ әкімі аппараты халықпен тығыз байланыста болып, аудан әкімі белгілеп тапсырған міндеттердің жергілікті жерде қалай шешіліп жатқандығы, алдағы уақытта қандай мәселелер назарда тұрғандығы жөнінде уақтылы жеткізетіндігі байқалып тұрды. Жұмыс күнделікті жүрген жерде, әрине, түсінбеушілік, басы артық сауалдар да қойылмайды.
Жиналысты Б.Көпбосынов қорытындылап, алдағы уақытта да тек жақсылықтың басында кездесуге тілектестігін білдірді.
Суретте: аудан әкімі Б.Көпбосынов, аудандық мәслихат хатшысы І.Ахметжанов кездесу алдында Савва атындағы мектеп-интернатта болып, онда тәрбиеленушілер өмірімен танысты.
2. Сұраттықтар нақты жауаптарын алды
Аудан басшысының тұрғындармен кездесуі өткен бейсенбі күні түс ауа Сұрат ауылының мәдениет үйінде жалғасты. Осы Сұрат ауылдық округінің әкімі Мұрат Тоқпанбетов жиналысты ашып, есепті баяндамасын жасау үшін Бақтияр Көпбосыновқа сөз берді.
– Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін ауданымызда біршама жұмыстар атқарылып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріміздің деңгейі қалыптасты, – деді Бақтияр Бейсембайұлы, – Өткен жылы ауданда 13 млрд. 53,6 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі, 8,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Сөйтіп, бұл көрсеткіштер бойынша облыста 1-2 орындарға шықтық.
Одан әрі баяндамашы сала-сала бойынша істелген жұмыстарға, оның нақты нәтижелеріне, алдағы міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Есепте айтылғандай, 2014 жылы ауданда жалпы сомасы 3 млрд. 873 млн. теңгеге ірі-ірі инвестициялық жобаларды іске асыру көзделуде. Оның ішінде өнеркәсіп саласында 5 жоба, ауыл шаруашылығы бойынша да осынша жоба бар.
Білім беру, мәдениет, медицина, әлеуметтік салалар бойынша да ауданда белгіленген межелер нақты, жұмыстар ауқымды.
Аудан әкімінің есебінен соң облыстық мәслихаттың депутаттары Совет Қалманбетов пен Қанат Шайхиев сөз алды.
Алғашқысы ауданнан сайланған үш облыстық мәслихат депутатының әрқайсысына негізінен белгілі бір саланы дамытуға ықпал ету белгіленгенін, мәселен Қ.Шайхиевтікі – ауыл шаруашылығы, Г.Тілеубердиеванікі – білім беру, медицина саласы, өзінікі – жол және құрылыс екенін тілге тиек етіп, қамқорлығына алған сала бойынша үлкен жұмыстар жүргізілгенін, жалғасын таба беретіндігін жеткізді.
– Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне Қазақстанға 20 млн. адам келмек, – деді ол, – Әрине олар елімізде жер жәннатының бірі болып есептелетін Меркі өңіріне де келеді. Соған қарай негізгі барлық жолдар асфальтталады.
Ауыл шаруашылығы ауданда негізгі сала. Көп жастарымыз кезінде қалаға көптеп кетсе, ауылдық жердің дамып, өркендеуіне қарай алдағы уақытта адамдар керісінше қаладан ауылға келетін заман туады.
Жер – Ана, жерді құрметтей білген өңіріміздің келешегі үлкен. Аспара су қоймасының салынуымен шаруалардың істері тіпті де өрге басады. Меркіміз гүлденеді. Бақтияр Бейсембайұлы есебінде келтіргендей, ГЭС-теріміз көбейіп, электр энергиясы сыртқа экспортталатын күн келеді.
Ауданға бөлінген 500 млн. теңгеге алдағы жылы елді мекендердің бәрі дерлік газдандырылады.
Жолға көңіл бөлу еш уақытта азаймайды. Жол бізді танытады. Кезінде Тұрар Рысқұлов айтқан екен: темір жолға жақындаңдар, деп. Пайдалана білсек, күре жолдың бойында қаншама жұмыс орны ашылып, оны салуда да қаншама адам табыс табады. Ауызбіршілігіміз болса, тасымыз өрге домалайды. Сұраттықтар, осы қарқыннан таймай, алға жылжи беріңіздер.
Қ.Шайхиев ауданда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, негізгі салалар бойынша алдыңғы орынға шыққанымыз көп жайды аңғартатынын айтты. Ауданды, ауылдарды жандандыруға бастай білген аудан әкімі Б.Көпбосыновтың жұмысына, есебіне оң баға беремін дей келіп, "округте тұрғындар жер алып, үй салуы үшін сонда жол жүргізуге, жарықтандыруға көмектессеңіз екен", деген өтінішін де жеткізді.
Кездесуде сөз алған Сұрат ауылының тұрғыны зейнеткер Нұрмаш Омаралиев аудан басшысына қайырылып:
– Көшелеріміз асфальтталды, енді жарықтандырылса тіпті дұрыс болар еді. Жақсы жұмыс істесеңіз, артыңызда қызметіңіз қалады, рахмет, – деді.
Аққайнар ауылының тұрғындары Молдабай Шігітаев пен Рахат Сауранбаеваның келешекте ағынсу жетіспей қалуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген өтініштеріне Қ.Шайхиев:
– Ондай жағдай болмайды, – деп жауап берді.
Тескентоғандық Айдархан Арыстанбековтің:
– Қажеттілердің бәрі жасалып келеді. Енді жаңа мектебіміздің құрылысын тездетсеңіздер екен. Балалардың ойын алаңы да керек, деген сұранысына округ әкімі М.Тоқпанбетов:
– Жобалар жасалып жатыр, – деп жауап беріп, көңілін жайлантты.
Есеп беру жиналысын аудан әкімі Б.Көпбосынов қорытып, сұраттықтар ертеңгі күнге деген үлкен үмітпен тарасты.
Суреттерде: есепті жиналыс кезінде.




