top of page

Интернационалист – жауынгерлерге құрмет

Бейбіт СЕРІКБАЙ

19 ақпан, 2014

Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда, өткен аптаның сенбісі күні Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арналып қойылған ескерткіш жанында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелі жиынға аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов, ауданымыздың ақсақалдары, ұйым, мекеме басшылары, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары, т.б. қонақтар қатысты.

Салтанатты жиын ашық деп жарияланып, Қазақстан Республикасының Әнұраны ойналған соң, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов бастаған топ Ауған соғысында қаза тапқан меркілік жауынгерлердің аты-жөні жазылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай- ақ, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов Ауған соғысы ардагерлеріне құттықтауларын арнап, ізгі-тілектерін жеткізді. Мерекелі жиында бір минуттық үнсіздік жарияланып, 11971 әскери бөлімнің сарбаздары автоматты қарумен 3 рет көкке оқ атып, осы соғыста шейіт болғандар еске алынды. 

Салтанатты жиын «Қазына» мейрамханасында жалғасып, ақ дастархан жайылып, ас беріліп, ауыл ақсақалы Совет Есенбекқажы Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухтарына бағыштап құран оқыды. 

Сөз кезегі аудан әкімі Б.Көпбосыновқа беріліп, өзінің құттықтау сөзінде ол: 

– «Құрметті ауған соғысы ардагерлері бүгінгі күн баршамызға да ортақ қуанышты оқиға. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық ауған жерін азат ету үшін соғысып, оған 22000 қазақстандық қатысты. Осылайша 1979 жылдың 25-желтоқсанынан 1989 жылдың 15-ақпанына дейін, яғни 2238 күнге жалғасқан қанды қақтығыстарда мыңдаған қазақстандық жауынгерлер ерлікпен қаза тапты. Олар өздерінің интернационалдық борыштарын атқарды, қайсарлық пен төзімділік көрсетті. Сіздер жас ұрпақтарға патриоттық тәрбие беріп, үлгі боларлық істеріңізді көрсетудесіздер. Бейбіт өмірдің не екенін, соғыстың сұрқайылығын түсіндіріп, қайтыс болған жауынгерлердің біздер үшін өмірін қиғанын жеткізіп келесіздер. 

Ауған соғысы туралы әрқилы пікірлер айтылуда, дегенмен, қазақстандық жауынгерлердің Ауған халқына жәрдемі тигені айқын. ҚР «Халық қаһарманы» Б.Ертаев меркілік Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымшылдығын айтып, әрдайым сіздерді мақтан тұтады.

Дендеріңіз сау, отбасыларыңызға бақыт пен шаттық тілеймін» – деді. 

Салтанатты жиында Ауған соғысы ардагерлерін аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы К.Нұрдинов пен 11971 әскери бөлімнің басшысы М.Илиев құттықтап, теледидар тарту етті. 

Сондай-ақ, аудан әкімі Б.Көпбосынов, «Жастар орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Ғ.Керімқұлов бірнеше Ауған соғысы ардагерлерін Алғыс хаттармен марапаттады. Аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлері Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жылдық мерекелі медальдарын барлық Ауған соғысы ардагерлеріне салтанатты түрде табыс етіп, Құрмет грамоталарымен марапаттады. Сонымен қатар, ардагерлер құрметіне аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, ән шашу жасады.

Please reload

bottom of page