top of page

Қоғам және діни таным

Бақтыбай АБАЙ

21 ақпан, 2014

Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда, өткен аптаның сенбісі күні Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арналып қойылған ескерткіш жанында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелі жиынға аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов, ауданымыздың ақсақалдары, ұйым, мекеме басшылары, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары, т.б. қонақтар қатысты.

Оған Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының христиандық діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлім басшысы Сәуле Дәнеғұлқызы Байбатшаева, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының біздің облыстағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Әлимұхамедұлы Жұмабаев және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жалпы жастар бөлімінің өкілі Ержан Маханұлы Аманбаев қатысты. 

С.Байбатшаева басқосуды аша отырып: 

– Облысымыз көп ұлтты, көп этносты аймақ, – деді, – көпшіліктің діни сауаттылығын аша түсу үшін 5 ақпараттық-насихаттық тобы құрылған болатын. Оның құрамына республикалық діни басқармасының мамандары да шақыртылып, жұмыс өріс алуда. Ислам дінінің маңызын ашып көрсету үлкен рөлге ие. Ол түрлі дін, сенімдер арасында тепе-теңдікті сақтауға ұйытқы болып отыр. 

Сөз берілген Д.Жұмабаев былай деді: 

– Қиындықтардан, зұлматтардан сақтаушы Алла тағала өмірімізді, саулығымызды аманат еткен, еліміздің жеткен жетістіктерін, татулығымызды көре алмайтын қаскөйлер бар. Қоғам тыныш болса, бәріміз тыныш, алаңдаушылыққа орын болмайды. Аллаға сенім, дінге құрмет жүрегімізде болуы керек. 

Одан әрі облыс орталығынан келген бас имам ислам діні қоғамымызды ыдыратпайтын, біріктіретін дін екендігіне тоқталды. Жат діни ағымдардың айтарлықтай зияны тиіп келгенін сөз етті. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары теріс ағымдар дендеп кіре бастады. Кереғар  пиғылдағы дінді уағыздаушылар біздің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімізге, өмір сүру шартымызға тіпті де қарсы. Айталық, оларша бейіт басында құран оқуға болмайды, күмбез тұрғызуға болмайды. Кез-келген мемлекеттің мемлекеттік тілі болады, сол сияқты негізгі діні де бар. Біздің республикамызда елдің басым бөлігі ұстанатын дін – ислам діні. Салт-дәстүріміздің түбіне балта шабатын, адамды адамға дұшпан ететін, отбасылардың ынтымағын бұзатын жат дін, көзқарастардың бізге қажеті жоқ. 

Тағы бір алаңдайтын мәселе – кейбір жастар мұсылмандықтан алыстап барады. Тіпті қатыгездікке де барып жүргені өкінішті. Діндердің ынтымағы болмай, әр жаққа тартуы жақсылыққа апармайды. 

– Қазақстанның өз діни басқармасы бар. Бәріміз соған бағыныштымыз. Үй ішінде үй тігудің қажеті жоқ, – деді сөзін қорытындылаған Данияр Әлимұхамедұлы. 

Қоғамымыздың ертеңі – жастарымызды салт-дәстүріміз бен берік діни ұстанымымыз негізінде тәрбиелеу, өмірге көзқарасын дұрыс жолға салу жөнінде Е.Аманбаев салиқалы әңгіме қозғады: 

– Діни басқарма кездесулер, «дөңгелек үстелдер» өткізіп, жастар арасында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ислам діні қашанда ата-ананы сыйлауды, көпті біліп, білім алуды уағыздаған. «Отан отбасынан басталады», «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, жастардың отбасын құрып, ұстай білуі дұрыс болуы керек. Үй-ішінің жағдайын жасай білмеген, елдің намысын қалай қорғайды. Жас жеткіншектерді өмірдің қиындығына ерте бастан баулыған ләзім. Тәлімді болып, біліммен қаруланған ғана жат көзқарастармен, экстремизммен қалай күресудің шешімін таба алады. 

Кездесуде жиналғандар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.

Е.Байболсынов, Меркі ауылдық округі әкімінің орынбасары: 

– Жат ағымдағылар туралы жиі естиміз. Оларды іс-әрекеті, киім киісі арқылы қалай ажыратуға болады? Сақалдылар да соңғы жылдары көбейді.

Д.Жұмабаев: 

– Сақалдылардың бәрі сондай адамдар емес. Теріс пиғылдағылармен  күрес күшейе түскен соң, олар да сақ әрекетке көшкен. Бірден аңғару, білу қиын. Адамдарды өзіне бірте-бірте тартады. 

Н.Раева, А.Асқаров атындағы колледж білімгері: 

– Қыз-келіншектер үйде намаз оқығанда хиджабпен жүрсе мейлі ғой, осы қалыпта көшеде жүргеніне не деуге болады? Дұрыс па? 

Д.Жұмабаев: 

– Бұлай жүруге бір жақты тиым салатын заңымыз әзірге жоқ. 

Кездесуге келгендер басқа да сұрақтарына жауап алды. 

Басқосуға аудандағы мешіттердің имамдары, ауылдық округтер әкімдері, білім орындарының басшылары мен ұстаздары, оқушылары қатысты. 

 

Please reload

bottom of page