top of page

Әдістемелік кабинет ашылды

Бейбіт СЕРІКБАЙ

26 ақпан, 2014

Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда, өткен аптаның сенбісі күні Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арналып қойылған ескерткіш жанында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Мерекелі жиынға аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов, ауданымыздың ақсақалдары, ұйым, мекеме басшылары, Ауған соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары, т.б. қонақтар қатысты.

Жаңа әдістемелік кабинеттің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, ауданымыздағы білім ошақтарының директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты. Әдістемелік кабинеттің ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев лента қию рәсімін өткізіп барлық білім қызметкерлерін қуанышты оқиғамен құттықтап: «Бүгін мерекелі күн, өйткені, 1-наурызға дейін ашылуы тиіс әдістемелік кабинетті біз барлық аудандардың алғашқысы болып ашып отырмыз. Кабинеттің іші кең, барлық жағдайлар жасалған. Аудан бойынша 55 білім ордасы, оның ішінде 13 балабақша бар. Енді осы аталған мекемелердің қызметкерлері осы кабинеттің қызметін пайдалана алады», – деді. 

Әдіскерлік кабинетті керекті құрал-жабдықтармен жасақтау үшін облыстық бюджеттен 2 млн. 800 мың теңге бөлініпті. Әдістемелік кабинеттің меңгерушісі С.Бопиеваның айтуынша кабинет интерактивті тақта, компьютер жиынтығы, теледидар және барлық қажетті жиһаздармен жабдықталған. Жаңадан ашылған кабинетте аудандық білім бөлімінің алқа мәжілісі мен кеңесі, аудандық әдістемелік кеңес, дөңгелек үстел, педагогикалық оқулар, семинарлар, тұсаукесер рәсімдері, шығармашылық есептер, лекциялар т.б. іс-шаралар өткізілмек. 

Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының оқу-тәрбиелік, әдістемелік және басқару қызметін ұйымдастыруға консультативтік, әдістемелік, практикалық көмек көрсетіледі. Әдіскерлердің әдістемелік жұмыстарына талдау жасалынып, оның тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді. «Біздің басты мақсатымыз мұғалімдердің шығармашылығын дамыту және педагогикалық шеберлігін көтеруге жағдайлар жасау. Біліктілікті арттыру жүйесінде білім беру қызметінің деңгейі бойынша маркетингтік зерттеу жүргізіп, оқу процесіне инновациялық технологияларды енгізу. Бір сөзбен айтқанда, оқу- тәрбие процесін жаңартуға, білім сапасын көтеруге әдістемелік кабинеттің қосар үлесі зор», – дейді аудандық білім бөлімінің бастығы Ж.Жантелиев. 

 

Суретте: аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев жаңа әдістемелік кабинетте алғашқы жиындарын өткізуде.

 

Please reload

bottom of page