
Қалыптасқан ахуал жұмыла жұмыс істеуді міндеттейді
Бақтыбай АБАЙ
11 сәуір, 2014
Жамбыл облысы әкімдігі мәжілісінің шешімін орындау мақсатында облыстық аумақтық инспекция мамандары жуырда облыс аудандарында, оның ішінде біздің ауданда да болып, өсімдіктер карантині және өсімдік қорғау саласы бойынша түсінік жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Осы мәселеге орай сәрсенбі күні аудандық әкімдіктің кіші залында өткен жиналысты облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Н.Р.Жігітеков ашып, Тараздан өзімен бірге келгендермен таныстырып, бұл сапарларының мақсаты туралы қысқаша айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен сөз «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» Жамбыл облыстық филиалының директоры Г.Ә.Үдербаеваға берілді.
Ол облыста 9 карантиндік нысан тіркеліп отырғанын айта келе, ауданда олардың тарау жайына, тексеріп, анықтау барысына тоқталды.
Мәселен біздің Меркі ауданында зиянын тигізіп жатқан қызғылт укекіре, арамсояу, калифорниялық қалқаншалы сымыр, 2012 жылы анықталған америкалық ақ көбелек, 2013 жылы тіркелген шығыс жеміс жемірі мен жіпсіз жібек көбелегі бар. Укекіре жайылған жер – 18000 га, оның өңдеуге жататыны 11000 га.
Ал, өсімдік қорғау саласы бойынша сөз сөйлеген астық инспекциясы және өсімдік қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Е.К.Атамбаевтың айтуынша, өсімдікке зиянды жәндіктердің бірі – саяқ шегірткелер облыста жылдан жылға көбейіп, зияны ұялы шегірткелерден кем болып отырған жоқ. Бұл Меркі ауданына да қатысты. Аудандық әдістемелік болжамдау орталығы тек мемлекеттік қордағы жерлерде ғана фитосанитарлық анықтап-зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ал, әр шаруашылық құрылымдары өздеріне тиісті жерлерде бұл жұмысты өз күштерімен атқаруы керек. Өткен жылы аудан шаруашылықтары анықтап- тексерген бірде-бір га жер болған жоқ. Сөйтіп егін, көкөніс-бақша дақылдары егілген алқаптарға саяқ шегірткелердің көп зардабы тиді. Осыған орай шаруашылық басшылары, жергілікті атқарушы орган мамандары бұл мәселеге жауапкершілікпен қараса деген ұсыныс бар. Сол сияқты ауданда ҚР «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Заңын орындауға да баса көңіл бөлінгені мақұл. Мұнда егілген күздік егістің 9585 га-ы ғана сақтандырылған. Яғни 68,5 пайызы. Өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы А.О.Биқоңырова да жиналыста бірқатар мәліметтерді келтіріп, облыста, ауданда қалыптасқан жағдайға, қауіпті өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы күресті күшейте түспесе болмайтындығына назар аударды. Облыста егіс алқаптарын қорғау мақсатында жыл сайын мемлекет қаржысы көптеп жұмсалып, өңдеу жұмыстары өрістетілді. Бірақ күткендегідей нәтиже жоқ. Өсімдік зиянкестері мен аурулары залалдаған аумақтар азаяр емес.
– Меркі ауданы бойынша өткен жылы 6642 га алқапта карантиндік нысандарға қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді, – деді Айгүл Омарқызы, – Облыс аумағындағы көптеген шаруашылықтарды, оның ішінде сіздердің ауданда да орын алып отырған проблема – арамшөппен залалданған алқапқа егілген егінді жинап алған соң, тұқымды тазартылмаған күйі себе салып, карантиндік арамшөп – жатаған укекіренің одан әрі көбеюіне жол беріліп отыр.
Биыл карантиндік арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына бұрынғыдай республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінбейтін болды. Бұл жұмыстарды аудандық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың нұсқамасы арқылы шаруашылықтар өз есебінен жүргізетін болады. Кейін осы іс-шараларға жұмсалған гербицид құны шаруашылыққа қайтарылады. Яғни, егер қолданылған гербицид Қазақстанда өндірілген болса 100 пайызы, ал егер шетелдік өнім болса 50 пайызы төлеп беріледі. Инспекторлардың тарапынан берілген нұсқама орындалмаған немесе толық орындалмаған жағдайда жеке немесе заңды тұлға жекеменшіктің қандай түрі екендігіне қарамастан, ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңын бұзған болып есептеліп, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, тиісті әкімшілік жаза қолданылатын болады. Жиналыста сөз берілген «Фитосанитария» РМК Жамбыл облыстық филиалының Меркі ауданы бойынша өкілі Н.Жәнібеков карантиндік нысандар анықталған алқаптарды үш жыл қатарынан өңдеу қажеттігіне тоқталды. Жұмыста күшті гербицидтер – мәселен «Ураган» мен «Жойқын Дараны» пайдалануды ұсынды. Шаруашылықтарда егіннің тұқымы мехтоктан бір рет қана өткізіліп себіле салатынын сынға алды. Елбасы соңғы Жолдауында тапсырғандай, ауыл шаруашылығын ғылыми негізде жүргізу керектігін баса айтты.
Осы басқосуда «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қ.Шайхиев, «Меркі» асыл тұқымды зауыты» АҚ президенті Д.Садыров, меркілік шаруа қожалығының мүшесі Қ.Иманалиев, «Жылыбұлақ – Меркі» ЖШС директоры А.Әкетаев өз пікірлерін, ұсыныстарын білдірді. Жиналысты қорытындылаған Н.Р.Жігітеков жаңа жағдайда біріге, жұмыла жұмыс істеуге шақырып, ортақ іске сәттілік тілейтіндігін жеткізді.
Жиналысқа аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.С.Бұтабаев, шаруашылықтар басшылары, мамандар қатысты.


