top of page

Аналарға алқалары тапсырылып, құрмет көрсетілді

Бейбіт СЕРІКБАЙ

30 сәуір, 2014

Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудан әкімінің орынбасарлары Қамбар Смайлов, Төленді Рысқұлбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ілияс Ахметжанов, аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірхан Өмірбеков, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысып отырды.

Алқа мәжілісі жағымды оқиғадан басталып, аудан әкімі бүгінгі жиынға арнайы ақ жаулықты аналар шақырылып отырғанын жеткізіп: «Бүгінгі Қазақстан қоғамын дамытуға әйел азаматтардың қосып отырған үлесі өлшеусіз. Олар мемлекет өмірінің сан- саласында ер азаматтармен бірлесе отырып еңбектенуде. Әйел азаматшалар соңғы уақытта мәдениет, өнер, саясат, кәсіпкерлік, жалпы қай салада болмасын белсенділік, іскерлік танытып, үнемі жетістіктерге жетіп жүр. Ата-бабаларымыз құрметтеп, қадір тұтқан аналарға деген ізет бүгінде мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі» – деп аналарға жүрекжарды ақ тілектерін арнады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау туралы Қаулысы бойынша жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені үшін Мариям Алданазарованы (суретте), Сандыкүл Артықбаеваны, Сахижамал Мырзабаеваны «Алтын алқа» алқамен марапаттады. Сонымен қатар алты бала туып, тәрбиелегені үшін Тамара Ахмеджанова, Айтолған Есенова, Салтанат Жүндібаева, Майра Қалмаханбетова, Күлшай Төлендиеваларды «Күміс алқа» алқамен марапаттады. Өмірге бірнеше бала әкеліп, «Алтын, күміс» алқалы болған аналарымызды құттықтаған аудандық мәслихаттың хатшысы І.Ахметжанов: «Сіздерге үлкен рахмет. Барлығымызда ана құрсағынан шығып, тарқадық. «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызынан құтылмайсың» – деген нақыл сөз бар, ол рас. Әйел адамның өміріндегі ең бірінші міндеті – дүниеге ұрпақ әкелу және дұрыс бағытта тәрбие беру. Ал, тәрбиелі, білімді ұрпағы бар елдің болашағы зор» – деп жылы лебіздерін білдірді. 

Аудан әкімдігінің мәжілісінде сондай-ақ, күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, 1-мәселе «Меркі ауданының 2014 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Н.Төлебаев есеп берді. 

Сонымен қатар кезекті 2-мәселе «Отын энергетика кешені объектілерінің 2013-2014 жылдарға арналған жылу беру маусымының қорытындысы туралы» аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Қ.Арғымбаев қысқаша баяндама жасады. Осы жиналыста аудан әкімі Б.Көпбосынов мамыр айында аталып өтетін мерекелерге дайындық барысын жеделдете түсуді және жоғары деңгейде өткізуді жауапты бөлім қызметкерлеріне тапсырды.

Please reload

bottom of page