
Қоғамның басты құндылықтары
Бақтыбай АБАЙ
30 сәуір, 2014
Ата-бабаларымыз ауызбірлікті «ырыс алды ынтымақ» деп ежелден қадірлеген. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп ұйысып, келісіп тірлік етуді кейінгілерге өсиет етіп қалдырған. Заман өзгеріп, қоғам жаңарып жатса да халықтың қуаты, биліктің сенері бірлікте екеніне айқын көз жеткізе түстік.
Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін бұрын Халықаралық ынтымақ күні деп аталатын 1-Мамыр мерекесі Қазақстан халқы бірлігі күні деп атап өтілетін болды. Оны мейрамдау жаңаша сипат алды. Қадір- қасиетін ел өміріне, бірге тұрып жатқан ұлттардың тыныс-тіршілігіне, ой-сана, дәстүріне етене жақын тұрғыда сезіне бастадық. Мұның бәрі, әрине, бәрімізге бауырмалдық, патриоттық ерекше рух беретіні ақиқат.
Биылғы 1-Мамыр мерекесін де осындай өзгеше бір көңіл ауанында қарсы алып отырмыз. Өйткені оның ұраны, ұстанымы – ынтымақ, бірлік, өзара келісім біз үшін бұрынғы қай кездегіден де бағалырақ, керегірек. Әлемде алуан оқиғалар орын алып, не бір сын кезеңдер күтіп тұрған күрделі жағдайда Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды орындау бір мақсат жолында топтаса түсуімізді қажет етеді.
Жуырда Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өткені белгілі. Мұнда шығып сөйлеушілердің сөзінен, ниет-пиғылынан ұлтаралық татулық пен келісімнің бүгінгі саясаттың, өзара байланыстың алтын өзегіне, қоғамымыздың басты құндылықтарына айналғанын байқадық. Сессияны ашып, сөз сөйлеген Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Назарбаевтың онда:
– ...Бүгінде біздің бірлігіміз – жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің 30-на ену – біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады, – деуі бәріміз үшін түсінікті. Тауып айтылған.
Тыныштықтың, бір мүдде жолында жұмыла жұмыс істеудің қадіріне жете білу керек. Келісім, тұрақтылық болмаған жерде тірліктің берекесі кетеді. Бұл тұтастай бір елдің, мемлекеттің зардап шегуіне әкелуі мүмкін екендігін Украинадағы оқиғалар көрсетіп берді. Дүрбелеңге жол берілген дүниежүзінің басқа да жерлері аз емес. Біздің Қазақстан әлем мойындаған, сан түрлі ұлт өкілдері алаңсыз, бейбіт қатар өмір сүретін мекен.
Біздің аудан да осындай тұрғындарының татулығы жарасқан жайлы өңір. 30- дан астам ұлт өкілдері әлеуметтік- экономикалық жағдайымызды жақсарта түсуге белсене атсалысуда. Еңбекте, түрлі іс-шара, мерекелерді өткізуде де бірге. Соның ішінде биыл ауданда кең көлемде атап өтілген Наурыз мейрамы ұлтымызға қарамай біздердің қаншалықты жақын екендігімізді, ой- тілек, мүдде бірлігін тағы бір паш ете түсті. Бейнелі түрде көтерілген қазақтың киелі шаңырағы астында түрлі этно- мәдени бірлестіктердің дастархан жайып, қонақтарына дәм татқызуы, мерекелік сахнада әр ұлт өнерпаздары өз киімдерімен, өз тілдерінде, сондай- ақ мемлекеттік тілде ән шырқап, би билеуі – бәрі-бәрі жарасып-ақ тұрды.
Өзіндік тартуларымен келген ауданның еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, жалпы меркіліктер 1-Мамыр мерекесін де лайықты өткізетіндігі күмәнсіз.
Шарапатымен әр жүрекке, әр отбасына ізгілік, шаттық сыйлайтын Бірлік күні құтты болсын!


