top of page

Ел күзетінде

Нұрбану КАМАЛ

07 мамыр, 2014

7-мамыр – Отан қорғаушылар күні. Мемлекеттік мерекелер қатарындағы бұл күн – бәріміздің сүйікті мейрамымызға айналған. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігіміздің кепілі болған Отан қорғаушыларға осы күні көрсетілер құрмет ерекше.

Осы орайда мереке тарихына аздап тоқталсақ. 1992 жылы 7-мамырда Мемлекеттік Қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылып, 7-мамыр ҚР Отан қорғаушылар күні болып белгіленді. 2012 жылы 3-мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» бұйрығына сәйкес, бұл күн мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев. Конституциямызға сәйкес, еліміздің Қарулы күштерін басқаруды өз міндетіне алған мемлекет басшысы армиямыздың нығаюына, әлеуетінің артуына назар аударып келеді. Нәтижесінде Қарулы Күштердің техникалары жаңғыртылып, заманауи қару-жарақтармен қамтамасыз етілуде. 

Қарулы күштеріміздің қай түрі болсын, құрлық әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери- теңіз күштері, Жоғарғы Бас Қолбасшының резерві болып табылатын аэроұтқыр әскерлері де, заманауи зеңбіректі, келте зеңбіректі, реактивті, танкіге қарсы артиллериямен, минаатқыштармен, сондай- ақ артиллериялық барлау және басқару құралдарымен жабдықталған ракета әскерлері және артиллерия болсын бәрі де бір мақсатқа – елімізді сыртқы, ішкі жаулардан қорғауға бағытталған.

Олар «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңының 5-тарау, 18-бабында көрсетілгендей, агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілердi күзетуге және қорғауға, әуе кеңiстігін қорғауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттерді орындауға әр кез дайын. 

Иә, бізге егемендік сыйлап, бейбіт күнге жеткізген баяғы заманның Отан қорғаушылары – қазақтың батырлары болатын. Білектің күшімен, найзаның ұшымен кең байтақ даланы қорғау, көздің қарашығындай сақтау қай кезеңде де оңай болмаған. Бүгінгі күні де айналамызда болып жатқан оқиғалар, төңкерістер мен саяси шиеленістер еліміздің әрбір азаматынан қырағылықты, көрегендік пен азаматтық, ерлік мінезді талап ететіндей. Отан қорғаушылары күнінде Қарулы Күштеріміздің сөз арқауына айналуы да заңдылық. Алайда бұл күннің тек қорғаныс саласында қызмет ететін немесе әскерге барған азаматтардың ғана емес, барша ер азаматтың мерекесі екені баршамызға белгілі. Өйткені, әр түрлі салада қызмет еткенімен әрқашан арқа сүйер тірегіміз, еліміздің қорғаны – осы ерлер қауымы, ағаларымыз, бауырларымыз, әкелеріміз. Отанды қорғайтын алдымен оның ұландары. Сондай-ақ, бұл күн еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген әйелдер қауымының да мерекесі. Ендеше, ел күзетінде жүрген, елге қорған болады деген сенімді арқалаған отандастарға мереке құтты болсын, дейміз.

Please reload

bottom of page