top of page

Жорық жолдары... енді ешқашан қайталанбаса екен

Бақтыбай АБАЙ

07 мамыр, 2014

Ұлы Жеңістің 69 жылдығын биыл айтулы оқиғалар тұсында қарсы алып отырмыз. Астанада еліміздің абыройын асқақтата түсер «ЭКСПО-17» көрмесінің құрылысы басталды. Әлемнің ең өзекті мәселелерінің бірі – Иранның ядролық бағдарламасы мен Таяу Шығыстағы жағдайды негізгі тақырып етіп алған ХІІ Медиа-форум болып өтті. Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру серпін алып, жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы әрқайсымыздың келешекке сенімімізді арттырған, жігерімізге жігер қосқан кез де бұл.

Медиа-форумда республика Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, осы халықаралық маңызды іс-шараны ұйымдастыру комитетінің төрайымы Д.Назарбаева, сол сияқты форумда шығып сөйлеген саясаткерлер атап көрсеткендей, дүниежүзі тыныштық сүйгіш әрбір адам баласын алаңдатарлықтай тынышсыз өмір кешуде. Бірқатар аймақтардағы оқыс оқиғалар құрбандықтарға, қайғы қасіретке әкелуде. Осындай кикілжіңнен, соғысқұмарлық пен басқыншылық саясаттан 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп еді. КСРО-да ол Ұлы Отан соғысына ұласып, бостандықты қорғап қалу жолында 27 млн-нан аса кеңес адамдары шейіт болды. Адамзат баласын құлдықтан, одан әрі жалғасып кетер алапат қырғыннан сақтап қалған шайқастармен қол жеткен Ұлы Жеңістің маңызы еш төмендемек емес. Әлем мемлекеттері өзара толық түсіністікке келмей, ядролық, басқа да қатерлі қарулар қауіп тудырып тұрған жағдайда екінші дүниежүзілік соғыстың шындығын, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлеріміздің ерлігін, ұлы Жеңістің рөлін ашып көрсетудің мәні арта түсті. 

Тағдыршешті кезеңде ұрпағының, адамзаттың ертеңі үшін жанқиярлықпен күресе білген, майдангер әкелерімізге, аталарымызға әруақытта бас иеміз. Бейбіт күннің қадіріне жетуді кейінгілерге аманат етеміз де. 

Сол бір сұрапыл жылдары Меркі ауданынан да көптеген жерлестеріміз Отан қорғауға аттанды. Елге орала алмай Жеңіс жолында көз жұмғандары да аз емес. Соғыс әрбір отбасына, әр әулетке ауыртпалығын салды, қайғы-мұңын әкелді. Майданнан аман-есен қайтқандардың саны қазір көп сиреп қалды. Соның ішінде Сарымолдаев ауылдық округінде бүгінде үшеуі-ақ тірлік кешуде. Мерекеге орай олардың аты-жөндерін тағы бір қастерлеп айтып, ерлік, еңбек жолдарымен таныстыра кетудің еш артықтығы жоқ. 

Ойталдық Өмірәлі Аманбаевтың есімі ауданға кеңінен танымал. Ұлы Отан соғысында басынан аяғына дейін шайқасты. Мәскеу, Вязьма қалаларына Германия әскерлерін өткізбеу операцияларына қатысты. Жараланып, госпитальға түсіп емделіп шыққан соң 54-гвардиялық танк полкіне жіберіліп, Сталинградты қоршаудан босату, фельдмаршал Паульстің 300 мыңдық әскерін жеңіп, тұтқынға алу ұрыстарында шайқасты. 

1943 жылы Орлов, Белград түбіндегі жан беріп, жан алысқан арпалыстарда майдан жолын жалғастырды. Одан соң Украинаның Харьков, Полтава, Киев қалаларын, Болгария мен Польшаны, Чехословакияны жаудан азат ету операцияларының қалың ортасында болды. 

Майданнан қайтқан соң 1946- 1953 жылдары өзі туып өскен, «Ойтал» ұжымшарында партия ұйымының хатшысы, шаруашылық басшысының орынбасары қызметтерін атқарып, одан кейінгі жылдары 1984 жылға дейін «Красный Восток» ұжымшарында әртүрлі жұмыстар істеді. 

Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, бейбіт өмірдегі ерен еңбегі үшін Өмірәлі ақсақал «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков» медальдарымен, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 

Сарымолдаев ауылында тұрып жатқан Асылбек Әбіровтың да майдан жолы ерлікке толы. Ол неміс басқыншыларымен 1941 жылы Беларус майданында 85-дивизияның 59-полкі құрамында айқасты. Соғыстан қайтқан соң Шалдуар кеңшарында шебер, Мойынқұмда прораб болып жұмыс істеді. 1979 жылдан зейнеткер. Жауынгерлік ерлігі үшін «1941-45 жылдарғы Отан соғысы» орденіне, «Маршал Жуков» медаліне ие болды. 

Екпінділік Айдархан Құрамаев 1943-45 жылдар аралығында Челябинск қаласында әскери- металлургиялық зауытта жұмыс істеп, Жеңіс күнін жақындатуға қажырлы еңбегімен атсалысты. Соғыстан кейінгі жылдары ауданымызда «Красная заря» ұжымшарында – зоотехник, «Красный Восток» ұжымшарында шопан болып еңбек етіп, бейбіт өмірге белсене араласты. Оның кеудесіндегі «Еңбек Қызыл ту» ордені, «Маршал Жуков» медалі, басқа да наградалар Отанына бір адамдай еңбек сіңіре білгенінің белгісіндей. 

Біз әңгіме еткен ардагерлердің алдының жасы қазір 90- нан асып, соңы бұған жуықтап қалды. Балаларын тәрбиелеп, әлдеқашан өз алдарына үйлі етіп, немере, немереден шөбере сүйген үрім-бұтақты әулет бас иелері. Талай рет ажалмен бетпе- бет келген олар қырық жыл болмаса да әлденеше жылғы қырғыннан аман қалып, ауылға жетеміз, ұзақ жасап, Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына бірге қуанамыз деп ойлап па?... 

...Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Жұмахан Абдуллаевпен сөйлесіп отырмыз. Өзінің әкесі Мақажан да соғысқа қатысқан, әулетінен өзге де қаншама ағайыны сын жылдар тауқыметін көрген, қайбірі оралмай қалған ол майдангерлерге қамқорлық жасап, қадір тұту керектігін жақсы түсінеді. 

– Ұрпаққа өнеге, ақылы дария кәриелеріміз азайып барады, – деді округ басшысы, – Өмірдің заңы екен – соңғы бір жылдың өзінде екі соғыс ардагерімен қоштастық... 

– Қалғандарының жағдайы жіті назарда болар? 

– Иә, тілек-сұраныстарын іле қанағаттандыруға күш салудамыз. Әрқайсысына көмек көрсетуге мүмкіндігі бар адамдар демеушілікке бекітілген. «Меркі Жолаушы» серіктестігінің басшысы Бекен Олжабаев, «Зико және К» серіктестігінің басшысы Зекен Мырзабаев, «Красный Восток» шаруа қожалығының басшысы Зияддин Шерадзе майдангер кәриелерге қолдау көрсетіп жүрген қайырымды жандар. Биылғы мерекеде де олар игі істің басынан табылады деген сенімдеміз. 

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да, міне, 69 жыл болды. Амандық болса келесі жылы оның 70 жылдығы үлкен мереке ретінде тойланбақ. Адамзат баласына төнген сұмдық зобалаңның еңсерілгенінен бері қаншама ондаған жылдар өтсе де ол халық есінде, бүгінгі мына жарқын өміріміз үшін омырауын оққа төсеген майдангерлер жадында. Зұлмат күндер көңілге оралып, кейде тіпті түске де еніп, ойға қалдыратыны бар. 

Жорық жолдары – бәрі де артта қалсын, ойға түскенімен, өңімізде қайталанбасын дейік. Сұрапыл соғысқа ең алаңсыз кезін – жастық шағын ұрлатқан ардагерлердің де тілегі осы.

Please reload

bottom of page