top of page

Ащы шындық айтылуы керек

Бақтыбай АБАЙ

30 мамыр, 2014

Мемлекет басшысының Жарлығымен 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Бұл күні тарихымызды ой таразысынан өткізіп, нақақтан күйген Алаш зиялыларының, басқа да солақай саясаттың кесірінен өмірден еріксіз өткендердің рухына тағы бір бас иіп, құрмет көрсетеміз.

Жалпы қуғындаудың алдында кеңес елінде жергілікті жерлердегі жағдайдың анық- қанығына жетпей, күштеп көндіруге бағыт алу, әділетсіз шешімдер қабылдау жаппай орын ала бастады. Оның ішінде біздің республикаға өлкелік басшылыққа келген Ф.Голощекин «ауылды кеңестендіру» ұранымен «жаңа революция» жасаймын деді. Кедейлер мен орта шаруаларға қысым көрсету, малдарын жөнсіз тартып алу, тұрғылықты жерінен еріксіз көшіру белең алды. 1930-32 жылдары біле тұра қолмен ұйымдастырылған аштық қырғыншылыққа ұшыратты. 

Деректерге жүгінсек, Қазақстанда тұрып жатқан 6,2 млн. халықтың 1931-33 жылдардағы аштықта 2,1 млн-ны қырылған. Басқа елдерге жансауғалап, бопсалап кеткендері қаншама... 

Т.Рысқұлов зұлмат оқиғаларға жауап беруге тиісті адамдарға, мемлекет басшылығына шындықты айтудан сескенбеді «...осы жазбамен танысып шығып, бұл іске араласуды және сол арқылы аштан өлуге душар болған көптеген адамдардың өмірін құтқарып қалуды өтінемін», – деп көрсетті. 

Әділдік іздеген Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, тағы басқалар «ұлтшыл» деп кінә тағылып, әпербақан саясаттың құрбаны болды. 

Кейін аян болғандай, 1931 жылдан 1954 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде «қызыл империяның» сот орындары КСРО бойынша 3 млн. 777 мың адамды атуға, ауыр жазаға кесіп, лагерьлер мен түрмелерге 25 жылға дейінгі мерзімге 2 млн 369 мың адамды жіберді. Тарихтың ащы шындығы, осындай ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келген, өз еліне, отандастарына қаскөйлік деректері әлі де ашыла түсуде. Ол ауыр да болса айтылуы керек. Өткеннен сабақ алып, бүгінгі күннің қадіріне жету үшін. Ашаршылық, саяси қуғын біздің әрқайсымыздың ата- бабаларымызға, жақындарымызға, жерлестерімізге қайғы-қасірет әкелгені ақиқат. Солардың бірі – Ысқақовтар әулеті. Үлкен аталары Ысқақ Әсімов қазақтың Тұрар Рысқұлов, Мақсұт Жылысбаев, Садық Адабаев сияқты белгілі, мақтан тұтар перзенттерімен замандас болған. Сенімді серіктері ретінде араласып тұрған.

Ол 1900 жылы қазіргі Ақтоған ауылдық округінің Қазақдиқан ауылында дүниеге келген. Меркіде жергілікті мектепте оқып, сауат ашады. Ағасы Қарабала Әсімовтың Ақкөз батырдың үзеңгілес серігі болуы Ысқақтың ерте ержетіп, халық мүддесін қорғауға жастай атсалысуына түрткі болды. Меркіде құрылған «Қазақ жастарының революциялық одағының» жұмысына белсене қатысады. 

Көзі ашық, еті тірі жас сөйтіп қоғамдық өмірге ерте араласады. 1918-23 жылдары Меркі болыстық ревкомының төрағасы, Шу ауданында милиция бөлімінің бастығы, Новотроицк ауылында партия ұйымдастырушы қызметтерін атқарды. Бұдан кейін Қырғызстандағы Тоқмақ қалалық ревкомының төрағасы болып істейді. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген ол 1924 жылдан бастап ВКП (б)-нің уездік комитеттеріне басшылық қызметтерге жоғарылатылады. Оның ішінде Әулиеата, Шымкент уездік атқару комитеттерінің комиссары, хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады. 

Осындай жауапты қызметтерде өзін танытқан Ы.Әсімов 1928-29 жылдары Мәскеуде ВКП(б) Орталық комитетінің жанындағы курста оқып, саяси білімін көтереді. Елге қайта оралған ол Сайрам, Сарыағаш, Қазалы аудандық партия комитеттерінің хатшысы ретінде өңірде жағдайды орнықтыруға басшылық жасайды.

Ысқақ 1932 жылы Мәскеуге екінші рет оқуға – партия мектебіне жіберіледі. Мұнда жары Күлпәтаймен бірге тұрып жатқанда Т.Рысқұловтың отбасымен жиі қатынасып, алыстағы ел жағдайын еске алып, кеңірек пікір алысудың да сәті түсетін. Бұл кезеңде елде ашаршылық дендей бастаған- ды. Екі жылдық курсты бір жылда аяқтаған ол жоғары білімді, саяси жағынан жетілген білікті кадр ретінде шұғыл Қазақстанға шақырылады. Ел тұрмысын, жағдайын жақсы білетіндіктен азық- түлікпен мүмкіндігінше қамтамасыз етуге бірден бел шеше кіріседі. 

1932 жылдан кейін Ы.Әсімов бірқатар жоғарғы қызметтерде, оның ішінде Қостанай қаласында Озерный МТС-і саяси бөлімі бастығы, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы жұмыстарын атқарды. 

...Ел үшін еңбек сіңірген қайран ер қапыда кетер мезгіл де таяп қалған-ды. 1937 жылы Бурныйда құйтырқы саясаттың ұзын қолы бір түнде ұстап әкетіп, түрмесіне апарып тығады. 

Немересі Нұржан апасы Күлпәтайдың (Ысқақтың жары) былай деп айтқанын еске түсіреді. 

– Белгісіз адамдар үйге баса көктеп кіріп, Ысқақты алып кеткен соң, таңертең апарар жері осы ғой, - деп түрмеге бардым. Даусымды естіді ме, әлде келгенімді жүрегі сезді ме, темір тордың аржағынан Ысқағымды байқап қалдым. Өте беріп: 

– Енді әуре болма, бүгіннен қалмай балаларды алып, ауылға қайт, - деп үлгерді. 

Үш жас балам –Ремжанды, Рақымжанды, Сабыржанды алып, поезбен Меркіге қалай жеткенімді білмеймін. Туған әпкемнің үйіне түсіп, бас- сауғаладым. Содан «халық жауының» әйелі атанып, небір тынышсыз күндердің тауқыметін көтердім. Меркіде тұрақтай алмай, сыртта, егістік басында бой тасалап жүрген күндерім де болды... 

Күлпәтай апаның көргені аз екен, қудалаудың зардабын үлкен ұлы Ремжан да тартты. «Халық жауының» баласы болып жүру үлкен қауіп, біліп қойса өз келешек, жолыңды өзің кесу еді ғой ол заманда. Өз фамилиясын өзгертіп алған Ремжан басқа фамилиямен Алматыға заңгер оқуына түсіп, 1-курсын бітіріп те үлгерген. «Іштен шалған жау жаман» демекші, өздерінің Қазақдиқанынан келіп, бірге оқып жүрген жігіт аяқ астынан сатып кетті. «Халық жауының» ұлы деп оқу орнының басшысына хабарлапты. Бәледен аулақ болайын деген ол мұны ішкі істер органына жеткізеді. Оқудан шығарылған Ремжан ақыры істі болып, қамаққа ілігеді. Сібірде ағаш кесіп жүргенде Сталин қайтыс болып, одан әрі өзгелермен қатар әкесі Ысқақ та, бұл да ақталады. 

Ұлы тұлғалармен бірге жүріп, қызметтес болған, еліне сіңірген еңбегі бар Ы.Әсімовтің атымен бұл күнде Таразда, Қызылтаң ауылында бір-бір көше аталады. Немерелерінің, туыс- жақындарының енді бір тілегі Ысқақ атаның кіндік қаны тамған Қазақдиқан ауылына да сол кісінің есімі берілсе екен дейді. Бұл, әрине, қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, құрметтеудің тағы бір белгісі болар еді.

 

Суретте: 1937 жылы ату жазасына кесіліп, қуғын-сүргіннің құрбаны болған қоғам қайраткері, меркілік – Қазақдиқан ауылының тумасы Ысқақ Әсімов. 

Суретті түпнұсқадан көшіріп түсірген М.Бейсенғалиев.

Please reload

bottom of page