top of page

Медиация – дауды шешуде, ең тиімді тәсіл

Бақтыбай АБАЙ

13 маусым, 2014

Өткен сейсенбіде аудандық әкімдіктің кіші залында медиация мәселесіне арналған кездесу болып өтті.

Облыстық «Бітімгер» медиация және құқық орталығының басшысы, облыстық «Новый регион» газетінің бас редакторы Л.Сафонова, облыс аудандарынан медиаторлар, біздің ауданнан құқық қорғау орындары өкілдері қатысқан жиынды аудан әкімінің орынбасары Т.Рысқұлбеков ашып, сөз болғалы отырған мәселенің маңыздылығын қысқаша айта келе, меркілік медиатор Ш.Хамироваға сөз берді. 

Жиналғандар алдында медиация туралы кең түсінік берген ол: 

– Медиация дегеніміз – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі, – деді ол, – Дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету медиация мақсаттары болып табылады. 

Медиация – еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттары негізінде жүргізіледі. 

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар медиацияның қолданылу саласы болып табылады. 

Медиатор – кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға. 

Даулы тараптар кезінде дауды немесе дауларды шешу үшін билерге шағымданған, ал билер өз тарапынан дауларды шешіп, қажетті шешімдерді шығарған. Дауласқан тараптар қазір медиаторларға шағымданады, ал олар өз тарапынан шешім қабылдамай, тек екі жақтық ортақ шешімге немесе келісімге келуіне көмектеседі. 

Медиация даулы тараптарға мына жағынан да тиімді: 

Ақша үнемделеді, өйткені медиаторға жүгінгенде мемлекеттік баж төленбейді және қорғаушылардың қымбат бағалы қызметтері керек емес. 

Сотқа қарағанда бұл процедура едәуір қысқа. 

Барлық тараптар дауды өзара тиімді шешу жолдарын табуға ұмтылады. 

Дау құпиялықпен шешіледі. Медиативтік келісімдер шарттарының ерікті түрде орындалуы қамтамасыз етіледі. Соттасуды қажет етпейді. Қатынастар сақталады. 

Кездесу тақырыбын Л.Сафанова одан әрі жалғастырды. 

– «Медиация туралы» заңның қабылданғанына 3 жыл болды, - деді ол, - облыста медиаторлар көп керек. Сіздердің Меркі ауданында 2-ақ кәсіби медиатор жұмыс істеуде. Жуалы, Байзақ аудандарында бұл іспен айналысатындар жақсы қырларынан көрінуде. 

Қазақтар ежелден бөтен жерлерді жаулап, соғысқан емес. Тыныштық сүйгіш, әділ шешімге пейіл халық. Билер өз шешімдерін  айтып, небір даулы мәселелерді реттеп келген. Яғни медиация бітімгерлік, бұл ел үшін жат емес. Көп түйткілдерді сотта емес, медиация арқылы шешіп, жөнге қоюға болатындығын Елбасы Н.Назарбаев та айтқан болатын. 

Келешекте оқу орындарында медиация жөнінде пән оқытылып, әкімдердің, заң орындарының жұмысын бағалағанда (рейтинг) оның қандай жағдайда екені ескерілмек. 

Одан әрі Лариса Владимировна татуласуға тиісті екі жаққа келісімді қалай жасау керектігін, іске бітімгерлер сотқа дейін, сот үстінде де араласа алатындығын айтты. 

Сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Иманалиев медиация бізге тіпті де жат емес екендігін алға тартты: 

– Ата бабаларымыз өзара келіспей, сөзге келіп қалғандарды заң орындарына жеткізбей жарастырған. Қара қылды қақ жарған өзара сыйластықты, түсіністікті дәріптеп отырған. Бітімгершілікті енгізу еліміздің, Елбасының үлкен саясаты. Бұған қолдау көрсету қарияларымыздың абзал борышы. Бүгінгінің алқабилігіне лайық деп ауданда 22 адамды ұсынып отырмыз. 

Төле биді, Әйтеке биді, Қазыбек биді неге осы уақытқа дейін қадір тұтамыз. Үлгі-өнеге етеміз. Өйткені еш жаққа бұрмай, әділдігін айтқан олар. Ендігі алқабилікке ұсынған кәриелеріміз де істі әділ шешіп, ел қадірлісі болады деген сенімдеміз. 

Сөз кезегі жеткен аудандық соттың төрағасы Б.Серғазиев те бүгінгі қаралып отырған мәселенің маңыздылығына баса тоқталды: 

– Саясатқа байланысты дауларды реттеу туралы заң қолданысқа енгізілді. Заңның талабы үлкен. Кәсіби медиаторлармен қатар ақылман ақсақалдар да іске араласайын деп отыр. Қандай келісім, шешім болмасын ол азаматтық заңға, қылмыстық заңға сәйкес келуі керек. 

Қылмыс онша ауыр болмаса екі жақ келісіп, шығынды төлеп, мәмілеге келе алса дау сотқа жетпей шешілуі керек. Түсіністікпен қарап, медиаторларға көмектесеміз. 

Жамбыл ауданы, Аса ауылынан келген кәсіби медиатор Нұрлыгүл Әмірованың да пікір ойын, меркіліктерге де керек болар деп келтіре кетейік: 

– 2 жыл болды осы кәсібіммен айналысқалы. Көпшіліктің жиі қайырылатын мәселелері – үй, жер жағдайы, жастардың тіл табыспай ажырасып кетіп жатуы, т.б. Қателеспейтін адам болмайды, санасына жеткізе түсіндіріп, сендіре білсе, жағдайды дұрыстауға кім болса да илігеді. (Н.Әмірованың сөзін өзінше толық жариялап отырмыз). 

«Дөңгелек үстел» басындағы кездесуде Л.Сафонова кәсіби емес медиаторлардың қалай жұмыс істейтіндігін, арнайы куәліктер берілетіндігін түсіндіріп айтқан соң ол және осында қатысып отырған меркілік кәсіби медиатор А.Тортаев, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Ж.Мамытов қойылған сұрақтарға жауап берді. 

Кездесуде кәсіби емес медиаторлыққа ұсынылған аудан азаматтарының қайсысы болмасын өз ауылдарында беделді кәриелер, еңбек ардагерлері. Ел сыйлаған, көргені де, айтары да көп мұндай жандар өз ауылдарында кездесіп қалып отыратын даулы мәселелерді шешуде бітімгершілік жасап, ауылдас ағайынның татулықта өзара түсіністікте жұмыс жасауына ұйытқы болады деп ойлаймыз. 

Өз округтерінде кәсіби емес медиаторлық жұмысқа кіріскелі отырған ауыл тұрғындары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан іс-шараны Л.Сафонова қорытындылап, ауданда бастауын жаңа алып келе жатқан медиация қызметіне сәттілік тіледі.  

Please reload

bottom of page