top of page

Аймақтық бақ өкілдерімен кездесті

Айдар ОСПАНАЛИЕВ

02 шілде, 2014

Өткен аптада Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне арнайы ұйымдастырылған кездесуге облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай» сияқты өзге де бірқатар басылымдар мен «Қазақстан-Тараз» телеарнасының басшылары және тілшілері, сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» басылымының аймақтағы меншікті тілшісі мен аудандық деңгейдегі басылымдардың редакторлары қатысты.

Кездесуде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс басшысы журналистер қауымының отбасыларына амандық жұмыстарына табыс тіледі. «Сіздердің кәсіптеріңіз бір жағынан күрделі, жауапкершілігі үлкен, бір жағынан қызықты. Облыста болып жатқан кез- келген іс-шара, кез-келген әрекет сіздердің көз алдыларыңызда, әрі сіздердің қолдауларыңызбен іске асуда. Аймақтағы жаңалықтар мен әлеуметтік-экономикалық салада болып жатқан жетістіктерді сіздер ұдайы халыққа жеткізіп, олардан қалың көпшілікті кеңінен хабардар етіп келесіздер. Сол себепті мен бүгін сіздердің еңбектеріңізге тағы да үлкен табыс тілеймін», – деді Кәрім Көкірекбаев. 

Сондай-ақ, ол сөзінде соңғы уақытта аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшылығында үлкен өзгерістер болғандығын айта келе: «Елімізге танымал, тәжірибелі журналист Көсемәлі Сәттібайұлының «Ақ жол» газетіне келуіне орай онда үлкен игі өзгерістер болады деген үміттеміз. Біз бұл кісінің еңбектерін осыған дейін «Егемен Қазақстан» басылымынан талай оқығанбыз, көргенбіз. Сондықтан К.Сәттібайұлының игі істері «Ақ жол» басылымында да жалғасын табады деген ойдамыз. Сондай-ақ, бүгінгі таңда «Знамя труда» басылымының басшылығына Бекет Момынқұлдың келуіне орай облыстық газетті үлкен жемісті істер күтіп тұр деуге болады», – деді облыс әкімі. 

Бұған қоса К.Көкірекбаев аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарын қаржылай қолдау бағытында да қомақты шаралар қолға алынып жатқандығын атап өтті. Мысалы, биылдың өзінде осы бағытқа 516 миллион теңге бөлінген. Бұл былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 31 миллион теңгеге артық. Яғни, ақпарат құралдарын қолдауға бағытталған қаржы жылдан жылға артып келеді. «Қалам ұстаған қауымға қажетті жағдай дұрыс болса, облыс көлемінде таратылатын ақпараттардың да сапалы әрі дәйекті болатындығына біз сенеміз», – деп атап өтті облыс басшысы. 

Сондай-ақ, ол жиналғандарға облысымызда әлеуметтік, экономикалық ауыл шаруашылығы сияқты өзге де бірқатар салаларда қол жеткізілген жетістіктері туралы баяндап, алдағы міндеттер 

 жөнінде ой бөлісті. «Енді міне, 2-3 күннен соң біз биылғы жылдың жартысында атқарылған істердің қорытындысын шығарамыз. 5 айдың ішіндегі көрсеткіштер біздің алға қойған міндеттеріміздің толығымен орындалғанын көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан үлкен маңыз беріліп отырған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама Жамбыл жерінде өте белсенді жүзеге асырылуда. Бұл бағыт бойынша соңғы 4 жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс 41 жобаның 27- сі сәтті іске қосылып, 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал, биылғы жылы біз құны 25,4 миллиард теңгені құрайтын тағы 7 жобаны іске қоспақпыз. Оның нәтижесінде 1 мың 200-дей жұмыс орны ашылады деп болжап отырмыз. Тағы екі жоба биылғы жылдың жартысында бітеді. 

Аграрлық сала бойынша біз шетелдік компаниялармен құны 350 миллион доллар тұратын мүйізді ірі қара малын өсіруге қатысты құжатқа қол қойдық. Мүйізді ірі қараны жетілдіру бағытында тағы 5 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, оған қажетті 10 мың гектар жерді Мойынқұм ауданынан бөліп, қазіргі таңда бұл жоба бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысында болған сапарында бұл аймаққа неліктен ет пен сүттің, бау-бақша өнімдерінің сырттан тасымалданатынын сұрап таң қалған болатын. Өйткені, Жамбыл өңірі республика бойынша агроөнеркәсіпті дамытуға өте ыңғайлы аймақтардың бірінен саналады. Сол себепті де біз қазір негізгі күшті осы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға салып отырмыз. Оның үстіне ауыл шаруашылығын дамытуға қазір мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетілуде», – дей келе К.Көкірекбаев облыста орын алып отырған бірқатар проблемалық мәселелерге де тоқталды. 

«Жамбыл жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы қалам ұстаған қауымның қолдауымен іске асуда. Сондықтан сіздерге менің алғысым шексіз», – деді журналистерге қарай айтқан сөзінде облыс басшысы. 

Жиын соңында облысымыз бен аудандардың бірқатар ақпарат құралдарының басшылары мен тілшілері белсенді еңбектері үшін облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.

Please reload

bottom of page