top of page

Жайна, жаса, Астана!

Нұрбану КАМАЛ

09 шілде, 2014

Астана күнін меркіліктер үлкен қуанышпен қарсы алды. Өткен аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде «Жайна, жаса, Астана!» атты салтанатты жиын өтіп, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов меркіліктерді мерекемен құттықтады. Астана күніне орай елордадан келген әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Желдібаева «Елім деп ән саламын» атты шығармашылық кешін тарту етті.

Мемлекеттік Әнұран орындалып, салтанатты жиын ашық деп жарияланған соң кештің жүргізушілері Мадияр Шалабаев пен Динара Мырзаханова Астана қаласының тарихынан мәліметтер айтып, бүгінгі күні елімізді әлемге танытып отырған көрікті қаланың үлкен еңбектің, жасампаздықтың арқасында дүниеге келгендігіне тоқталды. Елордамыздың бүгінгі келбеті, жетістіктері жайлы да кеңінен айтылды. 

Құттықтау сөз алған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов: «Астана күні – бүкіл қазақстандықтар үшін үлкен мереке. Астана – халқымыздың айбыны, Астана – Қазақстанымыздың символы. Ендеше, Астана күні құтты болсын! Болашақты болжай білетін Елбасының батыл идеясымен дүниеге келген елордамыз Қазақ елінің мерейін асқақтатып, сәулетімен бар әлемді таң қалдыруда. Әрине, Тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекет үшін Астананы салу оңай шаруа болған жоқ. Бүгінде Астанамыз экономиканың, қаржы, кәсіпкерлік салаларының дамыған орталығы ғана емес, рухани байлықтың, өнер мен мәдениеттің, ғылым мен білімнің өркендеген ордасына айналды. Елбасымыз: «Астана – Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орын. Астанаға қарап, бүкіл мемлекетіміздің дамуы туралы пікір жүргізуге болады», – деген еді. Ендеше, жаңа тарихымыздың беттері жарқын істерге толы болсын! Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі – Астана асқақтай берсін, ағайын!» – деп, ізгі лебізін жеткізді. 

Жиында «Нұр Отан» партиясының жаңа мүшелеріне партбилет табыстау рәсімі өтті. Астана күні қарсаңында ауданымызда барлығы 5 адам «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды. 

Салтанатты жиын жабық деп жарияланып, мереке концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Желдібаева «Елім деп ән саламын» атты шығармашылық кешін А.Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнімен бастады. «Туған жерге сағыныш» әнін, жерлес сазгер, көптеген ән-күйлердің авторы Ә.Желдібаевтың «Сұлутөр» әнін, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін, басқа да халық әндерін әуелете орындаған әншінің өнері көпшілік көңілінен орын алды. Сондай-ақ, шығармашылық кештің жүргізушісі, Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, әнші сазгер Жандос Омаров шәкірті Аяужан Жандосовамен өзінің «Ақ тілегім еліме», «Қазақтай еліміз ғаламат» әндерінің тұсаукесерін де жасады. Мерекені аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары да әсем әндерімен әрлеп отырды. 

Астана күніне орай ұйымдастырылған концерт жиналған қауымға мерекелік көңіл- күй сыйлады.

Please reload

bottom of page