
Жастарға берілер білім мен тәрбие ата-баба жолымен астасып жатуы керек
Айдар ОСПАНАЛИЕВ
18 шілде, 2014
Қазақ жастарының дұрыс тәлім-тәрбие алып, таңдаған бағытының дұрыс болуына қоғам болып, көп болып атсалысуымыз керек. Ал, дін жолын ұстанған жастар дәстүрлі ата-баба жолымен жүрулері керек. Осы аптада ауданымызда болған дәстүрлі дінімізді насихаттау жөніндегі облыстық ақпараттық-насихаттық топ өкілдерімен болған дөңгелек үстел отырысында осындай ой айтылған болатын. Аталмыш отырысқа аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды.
Жиынды алғы сөзімен ашқан аудан әкімі Б.Көпбосынов бүгінгі жиынның халық арасында дәстүрлі дінді насихаттау, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың теріс жолға немесе, өзге күдікті діни ортаға еніп кетпеуіне жол бермеу сияқты мәселелерді қамтитындығын атап өтті. Сондай-ақ, отырыста жалпы бүгінгі таңда ауылдық аймақтардағы әкімдердің діни жат ағымдармен күресу үшін нендей мәселелерді білулері керек, ауыл молдалары дәстүрлі дінді насихаттау ісіне қаншалықты үлес қосып отыр және онда қандай проблемалар бар деген сияқты мәселелер де талқыға түсті.
«Бүгінгі таңда Меркі ауданында 23 мешіт бар болса, онда 18 имам жұмыс істейді. Оның тек 8-нің ғана жоғары білімі бар. Қазіргі таңда қалың көпшілік өзіне қажетті ақпараттарды, соның ішінде діни бағыттағы ақпараттарды көбіне интернеттен алады. Ал, ондағы материалдардың барлығы таза әрі біздің болмысымызға сай деп айта алмаймыз. Осы орайда көпшіліктің діни мәселелерге қатысты рухани сұраныстарын имамдар қанағаттандырулары керек. Ол үшін әрине, имамдардың өздерінің білімдері терең болғаны жөн. Өкінішке қарай, бүгінде ауданымыздағы имамдардың барлығының білімі жоғары емес. Сол себепті біз өзіміздің діни бағыттағы толғандырып жүрген сауалдарымызға жауап алып, діни сауатымызды тереңдету мақсатында дәстүрлі дінімізді зерттеу, насихаттау ісімен тұрақты айналысып жүрген азаматтарды шақырып, жүйелі түрде осындай жүздесулерді ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Оның үстіне өздеріңізге белгілі, елімізден сырт жақта оқып, діни білім алған кейбір азаматтар ел арасында қазақ халқының дәстүріне сай келе бермейтін күдікті діндер туралы мәліметтерді таратып жүргені белгілі. Бұл туралы осыған дейін айтылуындай-ақ айтылды. Сондықтан бүгінгідей отырыстардың біздің рухани дүниемізді байытып, көзқарасымызды кеңейте түседі деген ойдамын», – деді аудан әкімі.
Отырысты жалғастырған үгіт-насихат тобының өкілі, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Ғани Күзембаевтың сөзінше, қазіргі таңда дәстүрлі дінді насихаттау жөніндегі үгіт-насихат топтары облыста ғана емес, барлық ауылдық окургтерде ұйымдастырылған. Бұл үгіт-насихат топтарының немен айналысулары керек деген мәселеге облыстық ақпараттық насихаттық топ өкілі, «Жиде» қоғамдық қорының дінтанушысы Таңжарық Тұрғанқұлов жауап берді. Оның сөзінше, соңғы уақытта қоғам арасында дәстүрлі Ислам деген жаңсақ түсінік пайда болды. Шын мәнінде, Исламның бұрынғысы немесе кейінгісі деген ұғым жоқ. Ислам біреу ғана. Ал, танымдық мәселеге байланысты Исламның дәстүрлі діни танымы десе әңгіме басқа. Өйткені, сенім біреу немесе Алла біреу, ал таным дегеніміз адамдардың географиялық орналасу жағына байланысты өзгеріп отырады. Дәстүрлі діни таным деген мәселе осыдан туындайды.
«Жалпы біздегі діни танымды қазақ мұсылмандығы деп те атаса болады. Өкінішке орай, біз осы қазақ мұсылмандығы қандай болуы керек деген мәселеге әзірге жауап бере алмай келеміз. Өйткені, біз діннің не екенін әлі толық түсінбей келе жатқан жайымыз бар. Тереңірек үңілетін болсақ, біздің дәстүрлі дініміз дегеніміз ол біздің тарихымыз. Өйткені, қазақ өзін әлімсақтан мұсылманбыз деп атап келген. Әрине, бұл дәстүр Кеңес Одағы тұсында біршама үзіліп қалған да болар, бірақ біздің осы күнге мұсылман екенімізді есімізге салып келген осы қазақы дәстүріміз. Сондықтан қазақы мұсылмандық дегенде бізге бірінші кезекте ата-бабамыздан мирас болып қалған мәдениетіміз, салт- дәстүріміз еске түсуі керек. Бізге арабтың болмаса басқа елдің мәдениетінің қажеті жоқ.
Өкініштісі, бүгінгі қоғамда дәстүрлі қазақ мәдениетін, Ислам мәдениетін бөліп қарайтын екі топ бар. Олардың біріншісі біздің аға буын өкілдері десе болады. Олардың басым көпшілігі сол Кеңес Одағы тұсындағы атейстік идеологияда қалып қойған. Дін – апиын деген стереотиппен ойлайды. Олар Ислам діні қазақ мәдениетімен араласса, ол белгілі бір догмаға, апиынға айналып кетеді деп қорқады. Екіншісі дәстүрлі қазақ мәдениеті Ислам дінінен бөлек деп қарастырады. Олар негізінен бүгінгі толқын – жастар. Әрине жастардың барлығы сондай деу қисынға келе қоймас. Біздің сөз етіп отырғанымыз діни білімді шет мемлекеттерде алып, сол елде ұзақ өмір сүріп қалып, сол мемлекеттің мәдениетін сіңіріп, ықпалына ұшыраған жастар. Бұл екі топтың да қателігі – олар Исламның тарихын білмейді. Екінші топ қазақ жеріне Ислам діні қалай келді деген мәселені білмегендіктен дін біздің елімізде проблемаға айналып келеді. Бұдан шығатын жол біреу ғана. Ол ата-баба жолын, яғни, тура жолды насихаттау. Қазақ шариғат заңдарын толық орындаған және осы мәселелердің барлығы дәстүрмен реттеліп отырған. Яғни, бұл қазақтың діни тәжірибесі», – деді дінтанушы.
Оның пікірінше, қазіргі жастардың арасында араб мәдениетіне бойұсынушылық басым. Яғни, оларда арабтан басқа халық таза мұсылман емес деген біржақты түсінік қалыптасқан. Жалпы бүгінгі толқын қазақ қазан революциясына дейін мұсылман болған ба? – деген сауал қойып жүр. Бұл сауал неден туындады? Бүгінгі қоғамда қазақ халқының діни тәжірибесі туралы көп айтыла бермейді. Жастар дін туралы мәліметтерді көбіне интернеттен алады. Ондағы дінге қатысты көптеген аудио және бейнематериалдарды іздеп тауып қарап отырады. Ал, осы материалдарда қазақ халқының діни дәстүрлер тәжірибесі туралы мүлдем айтылмайды. Яғни, ондай материал жоқ. Құранда, шариғатта талап етілген дүниелерді біздің ата-бабаларымыз қалай жүзеге асырған деген дүние айтылмағандықтан жастар арасында бүгінгі таңда осындай сауал туындап отыр. Яғни, кей жастар өзінің ата-бабасының мұсылман болғандығына күмәнданады. Олар тарихты 90-шы жылдан бері қарай, яғни өздерінен бастайды. Олардың түсініктері бойынша, 90-шы жылдарға дейін қазақ жерінде мұсылмандық емес шаманизм болған. Бұл дегеніңіз масқара емес пе? Сондықтан мұсылмандықтың қазақ жерінде қалай болғандығын кейінгі буынға жеткізіп, түсіндіріп отырудың маңызы зор.
Ал, имамдарға қойылатын талап – олар тек шариғатты ғана білулері керек емес. Имам сонымен қатар философ, тарихшы, психолог-педагог, тіпті жыршы, термеші болса да артықтық етпейді. Бүгінгі қоғам бізге осындай талап қойып отыр. Түптеп келгенде бұл тек имамның ғана атқаратын ісі емес, сонымен қатар ауыл ақсақалдарының назарында болуы тиіс мәселе.
Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Ғани Күзембаев ауылдық округтерде қандай да бір діни топтардың пайда болуы, дәстүрлі дінге кереғар көзқарастардағы азаматтардың жүруі барлығы да әкімдерге және жергілікті тұрғындарға байланысты екендігін ерекше атап өтті. Сол себепті ауыл әкімдері ең құрығанда өзге ағымды насихаттап жүрген азаматтарды бірінші кезекте неден тануға болатындығын білулері керек. Яғни, оларда жат діни ағым өкілдеріне қарсы тұратын қорғаныс қабілеті (иммунитет) болуы керек. Ал, әзірге көптеген округтерде дінді насихаттау, жат пиғылды дін өкілдерімен күрес жұмыстары жетілдіре түсуді қажет етеді.
Отырыс барысында ауылдық округ әкімдері аймақта қалыптасқан және өздерінің жеке бастарын толғандырып жүрген дінге қатысты мәселелер бойынша сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Ал, ауданның бас имамы Батырбек Қасымалиев ауылдық округтерге имамдардың жетіспеушілігі үлкен мәселе тудырып отырғандығын алға тартты. Оның сөзінше, ауылға имам болуға жастар ұмтыла бермейді. Мұның өзіндік себептері де бар. Біріншіден діни білімі бар жастар қазір жоқтың қасы. Оның үстіне имамдарға тұрақты төленіп отырған жалақы да жоқ. «Соған қарамастан имамдар тұрғындарға кез-келген уақытта қол ұшын созуға дайын. Осыны қалың көпшілік дұрыс түсіне білулері керек. Әйтпесе, соңғы уақытта имамдарға қатысты тұрғындар арасында сыңаржақ пікірлер де жоқ емес. Сондықтан ондай біржақты пікірлерден аулақ болып, жұмылған жұдырықтай әрекет етуіміз керек», – деді бас имам. Отырыс соңында бүгінгі басқосуға қатысушыларға облыстан келген қонақтар дін ұстанымдарына қатысты түрлі материалдар таратты.
Үгіт-насихат тобының өкілдері осындай жүздесуді аудандық емхана қызметкерлерімен де өткізді.


