top of page

Елбасы жастарға сенеді

Нұрбану КАМАЛ

29 қаңтар, 2014

Елбасымыздың биылғы Жолдауын насихаттау мақсатында келген ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мен ауыл тұрғындарының кездесуі Меркі ауылдық округіндегі «Үміт» балалар мен жасөспірімдер сарайында да өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің «Жастар орталығының» директоры Ерболат Әмірбеков және «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елгенбаевалардың қатысуымен өткен жиналыста Жолдаудың жастар саясаты, білім беру, әлеуметтік саясат бағыттары кеңінен талқыланды.

Жиналысты Меркі ауылдық округінің әкімі Есбол Қосуақов ашып берді. Сөз кезегін алған Ерболат Әмірбеков «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруда жастардың атқарар міндеттеріне айрықша тоқталды. 

«Жастар – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырушы және оның игілігін көруші ұрпақ. Елбасымыз осындай ауқымды жоспарларды жүзеге асыруда, әсіресе, жас буынға сенім артып отыр. Ұлт Көшбасшысының сенімін ақтау – әрбіріміздің азаматтық міндетіміз», – деген Ерболат Әмірбеков жастар саясаты мен әлеуметтік салаға биылғы Жолдау әкелген жаңалықтар, шағын және орта бизнесті дамыту шаралары, Жолдаудың басқа да бағыттарын жеке-жеке талдап, тұрғындарға түсіндірді. 

«Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елгенбаева да жастар саясатына тоқтала келіп, Жолдаудың алтыншы бөліміндегі белсенді, білімді, денсаулығы мықты азаматтар тәрбиелеу жөніндегі тапсырмалары туралы тарқата айтты. 

Облыстан келген насихаттық топ мүшелерімен бірге ауыл тұрғындары да Елбасымыздың биылғы Жолдауын талқылап, өз ой-пікірлерін білдірді. 

«Сендер бақытты жастарсыңдар. Кезінде біз партия үшін қызмет еттік, ал сендер Егемен ел үшін, қазақ үшін еңбек етудесіңдер. Қазіргі заманда кімнің білімі бар болса, оған жұмыс та табылады. Сондықтан да, Елбасымыз сендердің білімді болуларың үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда», – деген ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазихан Жұмалиев жастарға білім алу, денсаулығын сақтау туралы ақыл-кеңестер айтты. Бұдан соң сөз алған ауыл ақсақалы Дәуіт Кәдірханов соңғы жылдарда Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын жүзеге асыру нәтижесінде республикамыздың медицина саласында орын алған оң өзгерістерді айтып өтті. 

Жиналысты қорытындылаған ауылдық округтің әкімі Есбол Қосуақов ауыл тұрғындарын Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға жұмыла атсалысуға шақырды.

Please reload

bottom of page