
Ел мүддесі бәрінен жоғары
Бақтыбай АБАЙ
14 ақпан, 2014
Ауданымызда негізгі сала – ауыл шаруашылығы. Ол әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың, халықтың бақуат тұруының негізі. Аудан әкімі Б.Көпбосынов 6-ақпанда Жаңатоған ауылдық округінде тұрғындармен өткен есепті кездесуінде өнеркәсіп, өзге де салалармен қатар агросекторды өркендетуге баса көңіл бөлініп, үлкен қолдау көрсетіліп келе жатқандығына баса тоқталды.
– Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өндіру жұмыстарына 2013 жылы Үкімет тарапынан субсидиялық қолдау бағдарламасы бойынша 120 млн. теңге бөлініп, толық игерілді, – деді ол, – Ал, «Сыбаға» бағдарламасына қатысып отырған фермерлік шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан 17 млн. 208 мың теңге субсидия берілді.
Аудан басшысы үстіміздегі жылы іске асыру жоспарланып отырған ірі инвестициялық жобалар бойынша үлкен мал бордақылау алаңдары салынып, асыл тұқымды ірі қара малын сатып алу жалғасатынын, 60 га алқаптағы егістік үшін тамшылатып суару қондырғысы орнатылып, сонымен қатар жаңадан интенсивті бақ өсіру көзделіп отырғанын нақты дәйектемелер келтіріп, атап көрсетті.
Ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, кәсіпкерлікті, қызмет көрсету салаларын жаңа сатыға көтеру – бәрі де халықтың қамы, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында көрсетілген міндеттер – Мәңгілік Ел болуда, ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуда меркіліктердің де үлесі болсын деген игілікті әрекет, ортақ мақсат. Ел мүддесінен жоғары, қымбат ешнәрсе жоқ. Халық бүгінде жақсы үйлерде тұрып, балаларының жан-жақты білім беретін мектептерде оқып, балабақшаларда тәрбие алуын, мәдени, медициналық қызметтің де талап дәрежесінде болуын қалайды.
Осыған орай Бақтияр Бейсембайұлы өз есебінде әлеуметтік қорғау, газбен, ауызсумен қамтамасыз ету, оқу- тәрбие, мәдениет және медицина салаларында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Айта кетсек, есепті кезеңде ауданда 86 млн. теңге мемлекеттік балалар жәрдемақысы тағайындалып, төленді. Табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға 8,9 млн. теңге әлеуметтік көмек көрсетілген. Алдағы уақытта қолға алар шаруалар да едәуір. Ауданда жаңа мектептер, балабақшалар салынып, шалғай ауылдар – Беларықта, Тәтті мен Кеңесте, сондай-ақ, Ақаралда клубтар мен мәдениет үйлері жөнделмек. Денсаулық сақтау саласы бойынша да бірсыпыра қызмет көрсету орындары салынып, ел игілігіне берілмек.
Қостоған ауылының клубында осы жиналысты ашып, аудан басшысына сөз берген ауылдық округ әкімі Оразбай Жантайбеков есепті баяндамадан соң сөз кезегін облыстық мәслихаттың депутаттары Совет Қалманбетов пен Қанат Шайхиевке ұсынды.
С.Қалманбетов облыстық мәслихат деңгейінде шешу үшін меркіліктердің талап-тілек, өтініштерін ескеріп, қарап, әрі қарай жұмыс жүргізетіндіктерін, әрбір құрылыс нысанын салуды бастау үшін төлқұжат, жобалау керектігін айта келе:
– Ауданда жолға бұрын 5-ақ млн.теңге бөлінетін. Жағдай қазір көп жақсарды. 2013 жылы 313,7 млн. теңге бөлінді, – деді ол, – Тәтті – Сарғобы жолының маңыздылығын биылғы мал қыстату барысы да айқындап берді.
Бұл жолды жөндеу биыл басталып кетпек. Орман шаруашылығына өтіп кеткен жер шаруашылықтарға кері қайтарылса, мал өрісі кеңейіп, ауыл шаруашылығын өркендету үшін жұмыстар көптеп жүргізілетін болады.
Қ.Шайхиевтің аудан әкімінің тапсырмасымен өткен жылы Түркияға барып қайтқаны белгілі. Көпшілік алдында шығып сөйлеген ол ондағы жағдайды, дақылдарды өсіру тәжірибесін әңгімелеп берді. Айтуынша, түрік ағайындар тамшылатып суару тәсілін пайдаланып, әр гектардан біздің ақшаға шаққанда 1-2 млн. теңгенің өнімін алады екен.
Енді, сол Түркиядан алдағы наурыз айында біздің «Сыпатай батыр» серіктестігіне диқандар агроном мамандарымен келмек. 5 га қант қызылшасын, осынша жүгері егіп, тамшылатып суарып, күтімдеуді үйретіп кетеді. Басты мақсаттары – қажетті қондырғы-жабдықтарды жарнамалау.
Жарыссөзде алдымен сөз алған қостоғандық еңбек ардагері, округтегі әйелдер кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татығұлова (суретте) аудан әкіміне қайырыла:
– Келгеніңізге рахмет. Мерейлеріңіз үстем болып, жылқы жылы қолдап, қорғап жүрсін. Есеп өте тұжырымды, бәрі қамтылған, – деді. Үш елді мекеннен тұрамыз. Жақсы ауыл, көпұлтты ауыл, татулығы керемет. Қостоғанда бұрынғы мешітті балабақшаға айналдырғанбыз. 20 орындық. Сұранатынымыз 80 орындық жаңасы салынса, жоспарға енгізіп қойсаңыз. Ал, 1968 жылдан жөндеу көрмеген мектебіміз жөнделіп дұрыс болды. Қызылсайда 100 пайыз, Қостоғанда 80 пайыз газ бар. Жиналысқа қатысып отырған депутатқа айтарым: үлкен жолдың бойына үш шақырым жаяу жүргіншілер жолы керек, биыл соны салып берсе.
Қ.Татығұлова аудан басшысын округ орталығындағы клуб, емдеу орны туралы да біраз хабардар етті. Атап айтқанда клубтың жұмысын бір-ақ адам жүргізеді. Қосымша штат керек. Салынып жатқан емдеу орнының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Төбесі пластик бұл ғимаратты пеш қалай жылытады? 30 орындық емдеу орнына зертхана да қажет. Қостоғандықтар ауызсудың да қиындығын көруде. Мектептің жоғары жағындағы артезианның тереңнен су тартатын сорабын (моторын) әлдекімдер алып кеткен. Тұрғындар өзінен-өзі шығып жатқан суды алыстан тасып, әуре-сарсаңға түсуде. Газет-журналдың уақтылы жеткізіліп берілмеуі, автокөлік көп жүретін Тойлыбаев көшесіне асфальттың кеңірек төселмеуі қостоғандықтардың орынды ренішін тудыруда.
Осынша көңілде алаңдаушылық тудыратын мәселелерді Қ.Татығұлованың бір өзі жік-жігімен, түсінікті етіп айтып, жолға қоюды өтінді. Жарыссөзде он адамның сөйлегенінен гөрі, ауылды, округті жақсы білетін бір адамның халық мүддесі үшін нақты жағдайды ашып көрсетіп, түйіндеп жеткізгені артық па дейсің. Бұрын жергілікті кеңесті, орта мектепті басқарған, тәжірибелі, анау- мынау ер-азаматтардан да сөзі өтімді қайсар Қайнаркүл әпкейдей ауыл белсендісі әр округке керек-ақ.
Қызылсайлық зейнеткер Тыныш Рашидов ақсақал «Сыбаға» бағдарламасы бойынша баласы 9 айдан бері несие ала алмағанын, бұл несиеге қолы жеткен ауылдасы А.Жақсыбаев 3 га жер ала алмай жүргенін ортаға салды. Ол сонымен қатар сырттан келген мал ауру жұқтырып, малдары шығын болғанын, медпункт ғимаратын соғып, жұмысын жолға қою қажеттігін де жеткізе отырып, ауылында ауызсу мәселесі енді шешілетінін, бұл үшін аудан басшысы Б.Көпбосынов судың басына барып көріп, қиындықтан біржола шығудың жолын айқындап бергенін әңгімеледі.
Мыңқазан ауылының тұрғындарын газ, ауызсу мәселесі көптен толғантып жүр. Газды үй-үйге ақысын төлеп кіргізейін десе – тым қымбат. Бұл мәселені шешу үшін тұрғындар аудан әкіміне дейін барған. Осы ауылдың азаматы Б.Қартайғанов Бақтияр Бейсембайұлына сөзін бағыштап:
– Өзіңіз жол көрсетіпсіз, жігіттер Шымкентке кетті. Енді көшелеріміз түнде қараңғы, әр жерде болса да жарық орнатып берсеңіз,- деп ауылдастарының өтінішін білдірді.
Жиналысқа қатысып, көпшіліктің бірқатар талап- сұраныстарын тыңдаған аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы М.Ережепов орталық базар алдында автокөліктердің көптеп тұрып, жүруге жол бермейтіндігіне, мал ұрлығына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша базар алдында жолды мүлдем жауып тастауға болмайды. Ауданда 14 мың автокөлік бар. Жүргізушілер де күнделікті нәпақасын адам, жүк тасумен тауып, бір-бір отбасын асырап жүрген жандар. Сондықтан базар айналасындағы жол бір бағытта болады. Маңынан автотұрақ салынады.
Мал ұрлығы 2012 жылы 11 пайыз ашылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 35 пайызды құрады. Ұрлықты ашумен айналысатындар үшін із кесуші бір ит алынды. Оның айтарлықтай жәрдемі тиюде. Кейінгі кезде осы иісшіл иттің жәрдемімен бір мал ұрлаушы базарда, екіншісі қасапханада «олжалаған» малымен ұсталды.
Жалпы ішкі істер органында жұмысты жолға қою үшін талап-тәртіп күшейтілуде. Бұған көнбегендерге сақшылар арасында орын жоқ. Жұмыстан шығаруға дейін шаралар қолданылуда. Жұмысына сай келмегендіктен аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бір орынбасары босатылған. Жиналыста жарыссөзде пікір, ой, тілектерін білдіргендер аудан әкімінің есебін қанағаттанарлық деп тапты. Тұрғындармен кездесуді Б.Көпбосыновтың өзі қорытындылады.


