
Қоғамдық қабылдау –халық пен билік арасындағы алтын көпір
Нұрбану КАМАЛ
28 ақпан, 2014
«Нұр Отан» партиясының негізгі мақсаттарының бірі әрдайым халықтың жанынан табылып, олардың мақсат-мүддесін қорғау болса, бұл мәселеде Партия аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі үлкен рөл атқарады.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау қызметі партия құрылған уақыттан бері жұмыс істеуде. Бұл уақыт ішінде аудан тұрғындары өздерінің әлеуметтік, құқықтық, жеке мәселелерімен де қайырылып, партиядан көмек сұрады. Алғашқы уақыттарда қоғамдық қабылдауды партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары мен партияның аудандық мәслихаттағы депутаттары өткізетін. Халықтың мұң-мұқтажын тиісті орындарға жеткізіп, оның оң шешілуіне де осы депутаттар ықпал ететін. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де аз болған жоқ, әрине. Мәселен, соңғы үш жылда қоғамдық қабылдауға келушілердің де, шешілген мәселелердің де саны артқан. Бұл партияға деген халықтың сенімінің арта түскенін дәлелдесе керек.
Өткен жылы, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінен соң, партия жұмысында бірқатар жаңғыртулар жүзеге асырылып, нәтижесінде қоғамдық қабылдау қызметі де жандана түсті. Арнайы қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылып, бұрын айына 3-4 рет өткізілетін қоғамдық қабылдау енді айына 8 рет өткізіле бастады. Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауды бұрынғыдай депутаттар мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары ғана емес, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары да өткізетіні бұл бағыттағы жұмыстың жандана түсуіне сеп болды. Әр аптаның дүйсенбісінде депутаттар қабылдаса, әр аптаның сәрсенбісінде аудандық соттың төрағасы, аудан прокуроры, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, т.б. қоғамдық қабылдау өткізеді. Бұл тұрғындар мен басшылар арасында тікелей байланыс орнауына жол ашты.
Өткен жылы "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне 373 адам қайырылған. Олардың негізгі мәселелері – жұмысқа орналасу, заңдық кеңес алу, әлеуметтік көмек алу т.б. Әрине, бұл мәселелердің бәрін қоғамдық қабылдау бөлімі ғана шешіп жатыр деуге болмас. Бұл тұрғыда олар әртүрлі мемлекеттік, құқық қорғау органдарымен бірлесе, ауызбіршілікпен жұмыс атқаруда. Мәселен, жұмысқа орналасу бойынша ауданымыздағы «Жұмыспен қамту» орталығымен тығыз байланыс орнатылған. Жоғары білімі жоқ немесе өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған азаматтарға «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы көп көмегін тигізуде. Қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтарға осы бағдарламаға қатысып, жұмысқа орналасу, жеңілдетілген несиелер алу жолдары түсіндіріледі. Ал құқықтық мәселелер құқық қорғау органдарының басшылары өткізген қоғамдық қабылдауларда көбірек айтылады.
Қоғамдық қабылдау бөлімі қоғамдағы шиеленісті жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмыс істейді. Сондықтан да, қабылдауға келген азаматтардың өтініш тілектері, қандай да болсын мәселелері қоғамдық қабылдау өткізген депутаттар мен басшыларды бей- жай қалдырмайды. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының консультанты Мұрат Тілеубердиев: "Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Нұр Отан" партиясы билікті халықпен барынша жақындастыра түсетін алтын көпірге айналуы тиіс", – деген болатын. Партия аудандық филиалының атқарып жатқан жұмыстары осы мақсатқа жұмылдырылған. Сондықтан да, біз қоғамдық қабылдауда айтылған мәселелердің оң шешілуінің барлық заңды жолдарын қарастырамыз", – дейді.
Жыл басынан бері қоғамдық қабылдауға келіп түскен 41 өтініштің 26-сы оң шешімін тапқан, 10 мәселе бойынша заңдық кеңес берілген. Қалған мәселелер тиісті орындарға жіберіліп, қаралу үстінде. Мәселен, Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Фатима Аманбаева портал арқылы ауруханаға жолдама алу мәселесінде қиыншылықтар болғанын айтып, қоғамдық қабылдауға келгені, нәтижесінде көп өтпей «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының араласуымен ауруханада ем қабылдауға жолдама алғанын айтады. Ал, Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны, зейнеткер Дәметкен Рысбаева қоғамдық қабылдау бөліміне қысқы отынының жоқтығын айтып, көмек сұрай келген. "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының жеке кәсіпкерлермен де тығыз байланыста жұмыс істеуінің нәтижесінде зейнеткердің үйіне қажетті мөлшерде көмір түсірілген.
Иә, қазіргі таңда аудан тұрғындарының партияға деген сенімі арта түсті деуге болады. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев төрағалық ететін партияның 15 жыл ішінде халықпен бірге болып, нақты жұмыстарды атқаруының, елдің мұңын мұңдап, халықтың мүддесін шынайы қорғай білуінің нәтижесінде қол жеткізген жетістік.


