top of page

Ынтымағы берік елдің шекарасы да мығым болады

Айдар ОСПАНАЛИЕВ

21 мамыр, 2014

Меркі – республиканың өзге мемлекеттермен шекаралас жатқан аймақтарының бірінде орналасқан аудан. Ал, шекара – күніне мыңдаған тонна тауар, көліктер мен азаматтардың ағылып жататын жері десек, осындай қарбалас тіршілікті пайдаланып, мемлекеттер арасында заңсыз тауар тасымалдап, шекараны пайда көзіне айналдыруға тырысып жүргендер жетерлік. Ең сорақысы шекарадан контрабандалық тауар тасымалдау әрекетін пайда көзіне айналдырушылардың арасында жергілікті тұрғындар да кездесіп қалатын көрінеді. Өкініштісі бұл мәселе уақыт өткен сайын өзектілене түсуде. Бұны «Нұр Отан» партиясы өкілдері растап отыр. Осыған байланысты жуырда партия өкілдері Меркі ауданының Қырғызстан мемлекетімен шекаралас жатқан аймақтарының бірі – Кеңес ауылдық округінде болып тұрғындармен жүздесті.

Кездесу барысында шекарашылар аудан арқылы контрабандалық тауар тасымалдаумен жергілікті тұрғындардың да айналысып жүргендіктерін айтты. Бұл іспен тіпті ауылдық мектеп оқушылары да айналысуға қаймықпайтын көрінеді. 

Ал, контрабандалық тауар тасымалдау ауыр қылмыс. Соған қарай оған артылатын қылмыстық жауапкершілік те зор. Сондықтан жергілікті тұрғындар, әсіресе жергілікті жастардың ата-аналары балаларының осындай қиын жағдайға тап болмауын қадағалағандары жөн. Кеңес ауылы тұрғындарына осындай кеңес беріп кеткен нұротандықтар жақында осындай жүздесуді Андас батыр ауылдық округінің тұрғындарымен де өткізді. Тараз қалалық шекарашылар отрядының тәрбиелік, әлеуметтік, құқықтық жұмыс бөлімінің бастығы, подполковник Мұстафа Шидиевтің айтуынша, шекарадағы қылмыстар негізінен сол Қырғызстан мемлекетінен елімізге заңсыз тауар, мал, есірткілік заттар алып өтумен байланысты. Заңсыз тауар тасымалдаушылар тауарларын әдетте шекарашылар жоқ жерлерден алып өтуге талпынады. Олай болмаған күнде олар мемлекет тарапынан қойылған құны миллиондаған теңге тұратын арнайы инженерлік құрылғыларды бұзып өтеді. Сөйтіп, қарақшылар елімізге заңсыз тауар өткізгенімен қоймай, мемлекетті де зор шығынға батыруда. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының өкілдері биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік шекараны бұзбақ болған 2 мыңға жуық адамды ұстады. Сондай-ақ, 79 бас мал мен 17 тонна халық тұтынатын тауарларды алып өту әрекеттерінің жолын кесті. Бұған қоса шекарадан есірткі алып өту жағдайының 90 фактісінің алдын алдық», – дейді М.Шидиев. 

Оның мәліметтерінше, шекарада әскери азаматтардың назарына түскен контрабандашылар шекарашылардан қашып, оларға қарсылық көрсету сияқты әрекеттерге де барып жатады. «Біздің білуімізше мұндай жағдай кей кездері жергілікті тұрғындар тарапынан да орын алған. Тұрғындар мемлекеттік шекарамыз берік болсын десе, біздің жұмысымызға кедергі келтірмей керісінше, қолғабыс еткендері дұрыс. Бүгінгі таңда біз жергілікті азаматтардың шекара аймағында емін- еркін жүріп, тұруларына қажетті барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз. Осыған қарай, тұрғындардан біз де қолдау күтеміз», – дейді бөлім бастығы. 

Осы жүздесуде тұрғындар да шекарашыларға өздерінің өкпе- наздарын білдіріп, шекара маңында жүріп, тұрудың қиындығын айтты. Әсіресе олар тиісті рұқсат қағаздарын рәсімдеуден зәре-зап болып келе жатқан көрінеді. Көп жағдайда құжаттарды рәсімдеу үшін сонау Тараз қаласына барып келуге тура келеді. Сондықтан осы мәселелер болашақта реттеліп жатса, үлкен мәселенің шешілгені. Бұл сауалға жиын барысында ҰҚК-нің Шекара қызметі директорының орынбасары Назым Мұздыбаев жауап берді. Оның сөзінше, тұрғындардың рұқсатнама қағаздарын рәсімдеуді оңтайландыру жұмыстары осы уақытта жүзеге асырылуда. Тұрғындар оның нәтижелерін жақын күндерде көретін болады. Ал, әзірге ол шекарашыларға шекарада қандай да бір қиын мәселе туған жағдайда жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруына барынша қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, ол әскери азаматтардың тұрғындардың өтініш-тілектерінде айтылған мәселелер бойынша жағдайды анықтап, жедел түрде өзіне баяндауды міндеттеді. «Бұған қоса шекара аймағындағы заңсыз әрекеттер туралы бұқаралық ақпарат құралдарына да ұдайы ақпарат беріп, сол арқылы жергілікті халықты аймақтағы жағдайдан тұрақты түрде хабардар етіп отыру керек», – деп ескертті Н.Мұздыбаев. 

Жиында аудан әкімінің орынбасары Төленді Рысқұлбеков шекара жаны аумағы тұрғындарының назарын тазалық мәселесіне аударды. «Шекара деген шет мемлекеттен келетін азаматтардың ең бірінші аяқ басатын жерлері. Ол аймақ қандай болса, елге келуші қонақтардың еліміз туралы көзқарастары да солай болмақ. Тазалық мәселесіне құзырлы органдарды жұмылдырып жатырмыз. Бірақ олар тазалық мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Оған халық болып, көп болып жұмылуымыз керек. Тұрғындардың әрқайсысы өзінің үйінің аймағындағы тазалықты сақтап, өзгелерді де соған үндесе үлкен іс бітеді. Сіздер осыған болашақта жіті көңіл бөледі деп үміттенемін», – деді.

Өз кезегінде «Меркі аудандық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қамбар Иманалиев бірлік бар жерде тірліктің де болатындығын алға тартты. «Шекарада қалыптасқан мәселе өте көп. Бірақ кез-келген мәселенің шешімін табуға болады. Ол үшін өзара келісім болса болғаны. Сол себепті, жергілікті халық өздерінің мұң-мұқтаждарын қажетті органдарға жеткізіп, өздері солардың жұмысына біршама қолғабыс етсе «алынбайтын қамал» жоқ. Әңгіме қайтадан сол ауызбіршілікке алып келеді. Сондықтан «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып» бірігіп жұмыс істегеніміз абзал», – деп қорытты сөзін. Басқосуда ауыл тұрғындары өздерін толғандырған көптеген сауалдарға жауап алды. Жиынға Андас батыр ауылдық округінің әкімі Бейбіт Тәнекеев пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды. Бүгінгі басқосуды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясының Меркі аудандық филиалының төрағасы Марат Қасым, бүгінгідей тұрғындармен басқосудың бірінші рет өтіп жатпағандығын, алдағы уақытта да халықты мемлекеттік орган өкілдерімен диалогқа шақыратын кездесулердің бола беретіндігін атап өтті. «Біз партия ретінде қалың көпшілікке қашанда ашықпыз. Қандай мәселе болмаса да заң аясында қол ұшын созуға дайынбыз», – деді М.Қасым мырза.

Please reload

bottom of page