
Саяси кеңес бюросының отырысы
Бақтыбай АБАЙ
18 маусым, 2014
Өткен дүйсенбіде аудандық әкімдіктің кіші залында «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы болды.
Отырысты партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Б.Көпбосынов ашып, күн тәртібімен таныстырып, ондағы бірінші мәселе – «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі аумақтық жоспарда айқындалған жайлы өмір сүру бағыты бойынша Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы, партия мүшесі С.Бәбіжановқа есеп беру үшін сөз берді.
С.Бәбіжанов 2013-2014 жылдары атқарылған жұмыстар, сондай-ақ алдағы бес жылда аудандағы коммуналдық жүйелерді жаңарту бойынша көзделіп отырған іс-шаралар жөнінде баяндады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының үстіміздегі жылдың өткен бес айында атқарған қызметі туралы комиссия төрағасы Б.Иманбетов баяндама жасады. Отырыста партияның аудандық филиалының биылғы жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары, аудандық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінің биылғы ІІ жартыжылдыққа арналған қабылдау кестесі қаралып, бекітілді.
Бюро отырысында сөз алған партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Қасым партия жұмысында жаңартулар жүріп жатқанын айта келіп:
– Қоғамдық қабылдау бөлмесінің ІІ жартыжылдыққа арналған қабылдау кестесінде аудан әкімінің, оның орынбасарлары мен бөлім басшыларының қабылдау уақыттары көрсетілген. Кесте аудандық газетте жарияланатын болады, – деді.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
(Бюро отырысында қаралған мәселелер газетіміздің алдағы нөмірінің бірінде кеңірек жарияланатын болады).
Отырыс алдында Б.Көпбосынов Жамбыл ауылдық округінің әкімі М.Көкірекбаевқа «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының Құрмет грамотасын тапсырды.


