
Мемлекеттік қызметші күні тұңғыш рет атап өтілді
Нұрбану КАМАЛ
25 маусым, 2014
23-маусым – мемлекеттік қызметші күні. Елбасымыздың Жарлығымен биылғы жылы алғаш рет атап өтілген бұл мереке мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыруға, патриотизм мен отаншылдық идеясын насихаттау жұмысын жандандыруға қызмет етеді. Мемлекеттік қызметші күні ауданымызда да тұңғыш рет атап өтілді.
Қазіргі таңда ауданымызда ауылдық округтер мен бөлімдерде барлығы 176 мемлекеттік қызметші табысты еңбек етуде. Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залына жиналған мемлекеттік қызметшілерді кәсіптік мерекелерімен аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов құттықтады. Ол өз сөзінде мемлекеттік қызметшінің міндеті мен мәртебесіне айрықша тоқталды.
«Мемлекеттік қызметші – халық пен қоғам арасын жалғастырып отырған алтын көпір. Ал, халыққа, жалпы қоғамға сапалы қызмет көрсету әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы. Жылдар өткен сайын мемлекеттік қызметшіге деген талап жоғары және жүктелетін міндеттің ауқымы да артып келеді. Өз халқың үшін қызмет ету – түсіне білгенге зор бақыт. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, қолдан келгенше түсініп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз», – деген болатын. «Біз осыны әрдайым есте сақтауымыз керек», – деді аудан әкімі.
Иә, қазіргі таңда ауданымызда мемлекеттік қызметте нәтижелі жұмыс жасап, жас мемлекеттік қызметшілерге үлгі көрсетіп жүрген тәжірибелі мамандар жетерлік. Сонымен қатар, болашағынан үміт күттіретін жас мемлекеттік қызметшілер де ауданымыздың дамуы үшін өз үлестерін қосуда. Мерекеге орай өткен салтанатты жиында мемлекеттік қызметші атануға ынта танытып, бос лауазымдық орындарға орналасқан жас мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі де өтті. Қызмет баспалдағының алғашқы сатыларына қадам басқан мемлекеттік қызметшілер өз қызметін жауапкершілікпен атқаруға, халқына адал қызмет етуге ант берді.
Мерекелі жиында бір топ мемлекеттік қызметшілер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері мен қызметтегі жетістіктері үшін аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Рысқұлов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман қаржы агенті Гүлжан Макаева мен Сұрат ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман қаржы агенті Жақыпбек Шырышбаев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан соң аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов құттықтау үшін сөз алды. Ол жас мемлекеттік қызметшілерге өз қызметін адал атқарып, алға қарай өрлеуінде қажет болатын ақыл-кеңестерін де айтты.
«Келешек министрлер, келешек сенаторлар, келешек президенттер де сіздерден шығады. Тек қана адал еңбек керек. Абай атамыз айтқан бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық болыңыздар. Талап, еңбек, терең ой, қанағат рақым – міне, осы қасиеттер әрбір мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы тиіс», – деп атап өтті ол өз сөзінде.
Мереке ауданымыздың көркемөнерпаздары дайындаған ән шашумен жалғасын тауып, Мадияр Шалабаев, Мадина Оспаналиева, Гүлнұр Нұрлыбаева, Сағыныш Қоянбаевалар мемлекеттік қызметшілердің құрметіне өнер көрсетті. Концертте «Қазақ елі», «Қазақстаным» әндері, Н.Тілендиевтің «Саржайлауы» мен меркілік ақын М.Әбжанованың сөзіне жазылған, Б.Бәбіжанның «Меркі» әндері орындалды.


