top of page

Ісін жаңа бастайтындар кәсіпкерліктің жедел курсын оқыды

Бейбіт СЕРІКБАЙ

25 маусым, 2014

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында елімізде кәсіпкерлікті дамытуға зор маңыз берді. «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы», – деді Ұлт көшбасшысы халқына Жолдауында. Бұл салада біздің ауданымызда да алға қойылған нақты, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша кәсіпкерлікті қолға алған субъектілер саны жылдан-жылға арту үстінде. Бұл үрдіске әрине мемлекеттің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар көп септігін тигізуде. 

Үкімет тарапынан жаңа бизнес көзін ашамын деушілерге материалдық және ақпараттық көмек үнемі беріліп тұруда. 

Соның бірі өткен аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ұйымдастырылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының төртінші бағыты аясында облыс бойынша өткізілетін екікүндік «Бизнес-кеңесші» атты кәсіпкерліктің жедел курсын оқу тренингін Жамбыл облысы бойынша «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның аумақтық филиалы өкілдері мен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Тасқараев пен бас маманы М.Махановтар жоғары дәрежеде ұйымдастырып өткізді (суретте). 

Ауданымыздағы жаңадан ісін бастаған және енді ғана кәсіпкерлікке бет бұрған жерлес азаматтарымызға бұл күні Тараз мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты А.Молдашева, осы жоғары оқу орнының «Заңгер» кафедрасының аға оқытушысы Е.Сатылғанов «Бизнес кеңесші» жедел курсының экономикалық және құқықтық аспектілерін қамтитын 10 тақырып бойынша дәріс оқыды. Семинар тренингте бірінші сөз алған тараздық қонақ А.Молдашева қатысушыларға шағын, орта және ірі бизнестің айырмашылығын ашып айтып, қазіргі таңда дүниежүзінде шағын кәсіпорындар саны барлық жұмыс істейтін кәсіпорындар жалпы санының 95 пайызынан асатынын, сондай-ақ, шағын бизнесте 60 пайыздан астам кәсіпкер өздерінің нәсібін тауып жүргендіктерін жеткізді. 

«Бизнес кеңесші» кәсіпкерліктің жедел курсын оқытудың мақсаты да – кәсіпкер бизнесті қалай бастау, оны жүргізу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беру, кәсіпкерліктің ерекшеліктері және бизнесті жүргізу психологиясы, жаңа кәсіпті бастағанда өз тұтынушысын қалай табу, таңдау, ұстап қалу керектігін үйрету» – деді экономика саласының өкілі А.Молдашева. 

Сондай-ақ, дәріскер ауданымыздың кәсіпкерлікке жаңа қадам басқан азаматтарына бизнес- жоспарды қалай жасау, бизнесті ашу және өз кәсібін бастағаннан кейін маркетингтік қызмет жайында да ақпарат берді. 

Өз кезегінде Тараз мемлекеттік университетінің «Заңгер» мамандығының аға оқытушысы Е.Сатылғанов жеке кәсіпкерлердің салық, әділет органдарында тіркелуі, патентті қалай алуға болатыны мен оның артықшылықтарын тізіп айтып өтті. 

Сонымен қатар аудан кәсіпкерлеріне шағын бизнес өкілдеріне салық салудың ерекшеліктері мен пайдалануға болатын жеңілдіктерін, мемлекеттік бақылау органдарының тексерісті қай кезде жүргізуге құқылы екендігі туралы да ақпарат берді. Заңгер маманы бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жасауға мораторий жарияланғанынан хабардар етіп, кәсіпкерлікке бет бұрып өз ісін бастағандарға бұл зор көмек, қолдау екендігін атап өтті. 

Семинар тренинг соңында өздеріне кәсіпкерлікті бастауда керекті мағлұматтар алып сауатын ашқан меркілік 15 кәсіпкерге «Бизнес кеңесші» жедел курсының тыңдаушылары болып табылатындығын растайтын «Сертификаттар» беріліп, жедел курс үйлестірушілері жерлестерімізге кәсіптерінде табысты болып, бизнесті сауатты жүргізуіне тілектерін жеткізіп, ақ жол тіледі. 

Please reload

bottom of page