
Жемқорлықпен күрес шаралары талқыланды
Нұрбану КАМАЛ
13 тамыз, 2014
Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (ЗТМО) – аудан тұрғындары көп қайырылатын мекемелер. Түрлі құжат мәселелерін реттеп, халыққа қалтқысыз қызмет етуі тиіс бұл мекеме қызметкерлерінің ел алғысына әрдайым бөлене бермейтіні жасырын емес. Сондайда тұрғындар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалына келіп, арыз-шағымдарын айтады. Мекеме қызметкерлерінің өрескел мінез көрсетіп, жемқорлыққа жол беретіндігіне, қызмет көрсету сапасына деген наразылықтар мен аталмыш мекемелердің ғимараттарының талапқа сай еместігі, соған орай жаңа ғимарат салу жолдары және халықты толғандырған өзге де мәселелер өткен аптада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінде өткен жиында кеңінен талқыланды.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысына партия аудандық филиалының саяси кеңесінің мүшелері, саяси кеңес бюросының мүшелері, «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияларының мүшелерімен бірге, жоғарыда аталған мекемелердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері т.б. қатысты.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер – аудандық зейнетақы төлеу орталығының және халыққа қызмет көрсету орталығы басшыларының аудандағы және өздері басқарып отырған мекемелердегі жемқорлыққа қарсы күрестің жағдайы туралы есептерін тыңдау.
Бірінші мәселе бойынша баяндама оқыған аудандық зейнетақы төлеу орталығының басшысы Нұрғұлан Мұхашев мекемеде жемқорлыққа қарсы шаралардың арнайы бағдарлама бойынша жүргізілетіндігін жеткізді. Нұрғұлан Мұхашевтің сөзінше, аудандық зейнетақы орталығында жемқорлықтың алдын алу мақсатында тиісті шаралардың бәрі жасалған: кабинеттерде және мекеме ауласында бейнекамералар орнатылған, зейнетақы тағайындау және төлеу, әлеуметтік сақтандыру және жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық- насихаттық тақталар ілінген, тақталарда сенім телефондары жазылған. Сондай- ақ, мекемеде арыз-шағымдар мен ұсыныстарға арналған жәшік орнатылып, арнайы пломбамен бекітілген.
Мекеме басшысы әр апта сайын қызметкерлерге қызмет этикасы, азаматтарды қабылдау, жемқорлықтың алдын алу жолдарын үйрету мақсатында оқыту жүргізсе, ЗТМО Жамбыл облыстық филиалының директоры ауданымызға тоқсан сайын келіп, азаматтарды жеке қабылдайды екен.
Бір сөзбен айтқанда, мекеме басшысының сөздері аудандық зейнетақы төлеу орталығында барлық жұмыстар еш кедергі-кемшіліксіз, ойдағыдай атқарылуда дегенге саяды. Алайда, аталмыш мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізген арнайы комиссияның қорытындысы бұл пікірді растамады. Отырыс төрағасы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Қасым үстіміздегі жылдың 22-шілдесі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанында арнайы комиссия құрылып, халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық зейнетақы төлеу орталығында жемқорлыққа қарсы күрестің жағдайы және осы мекемелерде ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңының орындалуына қоғамдық қабылдау жасау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Құрамында Партия аудандық филиалы саяси кеңесінің, «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері және партиялық бақылау комиссиясының хатшысы болған арнайы комиссия жүргізген зерделеу жұмыстарының қорытындысымен таныстыру мақсатында сөз «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Айдар Оспаналиевке берілді.
«Мекеме басшысы бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке сұрақтармен күнделікті қабылдауы керек. Бірақ, зерделеу барысында мекеме басшысының жыл басынан бері мүлдем қабылдау жүргізбегені анықталды. Қабылдау кітабы ашылған, тігіліп, мөрленген. Алайда, жыл басынан бері кітапқа бірде-бір азамат тіркелмеген. Бұл – мекемедегі кестенің тек қағаз жүзінде ғана жасалғанын, оның орындалуына бақылаудың жоқ екенін білдіреді», – деген комиссия мүшесі Айдар Оспаналиев жоғарыда мекеме басшысы атап өткен ақпараттық-насихаттық тақта және сенім телефоны мен жәшікке қатысты да сын айтты. Яғни, сенім телефоны жұмыс істеп тұрса да, оған жыл басынан бері бірде-бір азамат хабарласпаған, тоқсанына бір рет ЗТМО Жамбыл облыстық филиалы қызметкерлерімен бірге ашылатын сенім жәшігіне де ешқандай хат түспеген. Айдар Оспаналиев бұл жағдайдың зейнетақы төлеу орталығының жұмысында проблемалардың бар екенін айғақтайтын фактор екенін жеткізді. Өйткені, мекемедегі сенім жәшігіне арыз-шағым түспегенімен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне жәрдемақы немесе зейнетақы мәселелерімен тұрғындар көптеп қайырылады. Бұдан соң сөз алған аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Дастан Әміреқұл да мекемедегі жұмыстардың өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Дегенмен, аталмыш мекемеге жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысымен таныстырған партиялық бақылау комиссиясының хатшысы Расул Маллабаевтың сөздері жоғарыдағы пікірге қайшы келді. Халыққа қызмет көрсету орталығына барған азаматтардың көлік қоятын орын таппай қиналатынынан бастап бірқатар келеңсіз жәйттерді ашып айтқан Расул Юсупұлы: «Мекеме ғимараты аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының талаптарына сай келмейді. Комиссия мүшелері барған кезде ғимараттың күту залында ине шаншар жер болмады. Ұзын-сонар кезектің соңы дәлізге дейін жалғасқан. Кезекте тұрған азаматтар бір анықтаманы алуға жарты сағаттан аса уақыт кететінін, тіпті кейде, ХҚКО қызметкерлерінің таныс-тамырларының құжаттарын кезексіз өткізіп жіберетініне байланысты уақыттың созыла түсетіндігін де жеткізді», – деді. Сондай-ақ мұнда да «сенім телефонына» ешкім хабарласпаған, ал, сенім жәшігі тіпті, мөрленіп, бекітілмеген де. «Бұл – «сенім телефонына» халықтың сенбейтіндігін көрсетеді» деген Расул Маллабаев: «Нұр Отан» партиясына қоғамдық қабылдау күндері аудан азаматтарынан осы халыққа қызмет көрсету орталығына наразылықтарын білдірген арыздар баршылық. Басым көпшілігі құжаттың дайындалу мерзімінен кешіктірілгенін, құжаттарды дайындау кезінде мамандардың толыққанды түсіндірмей, дұрыс жауап бермейтіндігін айтып жиі шағымданады», – деп атап өтті.
Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалы тарапынан аталмыш екі мекемеге деген халықтың пікірін білу, жалпы, осы мекемелердің жұмысына аудан азаматтарының сенімін бағалау мақсатында жүргізілген сауалнама қорытындысы жарияланды. Бұл анонимді сауалнама қорытындылары жоғарыда комиссия мүшелері атап көрсеткен проблемаларды одан әрі нақтылай түскендей. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына қатысты «Құжаттарыңызды өткізуде қиындықтар туындай ма?» деген сауалға сауалнамаға қатысушы азаматтардың 64 пайызы «иә» деп жауап берген. Ал, зейнетақы төлеу орталығының жұмысына байланысты дәл осы сауалға 51 пайызы «иә» деп жауап беріпті. ХҚКО қызметкерлеріне қатысты «Қызметшілер сізбен сыпайы сөйлесе ме?» деген сауалға 57 пайыз қатысушы «жоқ» деп жауап беріпті. «ХҚКО-да жемқорлық деңгейін қалай бағалайсыз?» деген сауалға 38 пайыз қатысушы «жоғары» деген жауапты белгілесе, 19 пайызы ғана «жемқорлық жоқ» деп жауап беріпті. Ал, ЗТМО-ға қатысты осы сауалға 49 пайыз қатысушы «жемқорлық жоқ» деп жауап берген.
Сауалнама қорытындылары таныстырылған соң сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Қасым: «Бұл сауалнама қорытындылары аталмыш мекемелердің басшыларының және қызметкерлерінің жұмысына елдің беріп отырған бағасы. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы елдің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеп, оның жобасын ұсынып отыр. Қазір осы бағдарламаның жобасы аймақтарда талқылаудан өтуде. Аудандық филиалдың ұйымдастыруымен де барлық бастауыш партия ұйымдарында жиналыстар өткізілді. Мекеме басшылары және «Нұр Отан» партиясы бірігіп, жемқорлықтың алдын алуға күш салуымыз керек. Мекеме басшылары арнайы жиналыстар өткізіп, қызметкерлер арасында жемқорлықтың зиянды салдары мен оның алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек», – деді. Жиналыста сөз алған аудандық тұтынушылар құқығын қорғау одағының басшысы Қалдыбай Шолпанқұлов та бұл пікірді қолдады.
Өзі басқарып отырған мекеменің жұмысына байланысты комиссия мүшелері айтқан сын мен сауалнама қорытындыларына қатысты түсініктеме берген аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Дастан Әміреқұл мәселелердің барлығы ғимараттың талапқа сай болмауынан туындап отырғанын айтты. Осы мәселені шешу мақсатында Дастан Әміреқұл ХҚКО-ның ауласындағы жерді заңдастырып, қосымша ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттарын да жасатыпты. Алайда, қаржы мәселесінің шешілуі екіталай. Құрылысқа 20-25 млн. теңге керек, бірақ, республикалық баланстағы мекемеге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбейді.
Бұдан соң сөз кезегін арнайы шақырылған халыққа қызмет көрсету орталығы Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Батырхан Мамасеріков алды. Ол өз сөзінде ауданымыздағы халыққа қызмет көрсету орталығын талапқа сай ғимаратпен қамтамасыз ету мақсатында басқа да шаралардың қарастырылып жатқанын жеткізді. «Ғимарат мәселесі біріге отырып шешетін ауқымды мәселе. Біз халыққа қызмет көрсету орталығына лайықты бір ғимаратты таптық. Сол ғимаратты арзандау бағамен алуымызға аудан әкімдігі ықпал жасаса мәселе оң шешімін табар еді. Немесе жаңа ғимарат салу үшін жер бөлінсе, заман талабына сай, тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасалған ғимарат салар едік. Республикалық бюджеттен қаржы қарастырылу үшін жоғарыға, тиісті органдарға хаттар жолдап жатырмыз. «Нұр Отан» партиясы да бұл мәселеде атсалысады деп сенеміз», – деп атап өтті Батырхан Мамасеріков.
Жиналыста аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Еренсіз Абашов, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Тлеубердиевалар да өз ойларын білдірді. Сондай-ақ, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданды. Шешімде мекеме басшыларының баяндамалары және комиссия мүшелері жүргізген зерделеу жұмысы туралы ақпарат назарға алынып, айтылған кемшіліктерді жою үшін аталмыш мекемелерге бір ай көлемінде уақыт берілді. Бір айдан соң комиссия мүшелері мекемелерді қайтадан тексеретін болады. Ал, депутаттар мен аудан әкімдігі және аталмыш мекеме басшылары халыққа қызмет көрсету орталығы және зейнетақы төлеу орталығын заман талабына сай жаңа ғимаратпен қамтамасыз ету мақсатында күш біріктіре жұмыс атқаратын болып келісті.


