top of page

Жаңа бағдарлама жобасы нұротандықтардың талқылауында

Нұрбану КАМАЛ

15 тамыз, 2014

Осы аптада, сәрсенбі күні аудан әкімдігінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Саяси кеңестің мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партия активтері, бірқатар аудандық мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, білім, денсаулық салаларының қызметкерлері т.б. қатысқан отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасын талқылау.

Сондай-ақ, күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 Мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі аудандық жоспардағы «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша медицина қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, қажетті өмір сүру жағдайын жасау шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қаралды. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама оқыған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Қасым аталмыш бағдарламаны дайындаудағы мақсат-міндеттерге тоқталып, басымдықтары туралы тарқата айтты. 

– Бұл бағдарлама осы уақытқа дейін қолданылып келген бағдарламалардағы кемшіліктерді толықтырып, әлемдік озық тәжірибені негізге ала отырып, отандық заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Бағдарлама негізі 7 бөліктен тұрады, – деген Марат Қасым «Нұр Отан» партиясының негізгі мақсаты Тәуелсіздігімізге қауіп төндіріп, қоғам мен мемлекеттің өзегіне балта шабатын қауіпті індеттің салдарымен күресуге емес, оны пайда ететін факторларды жоюға бағытталатынын атап өтті. Аталмыш бағдарламаның да негізгі мақсаты – қоғамның барлық топтарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту. Сондай-ақ, бұл құжатта тек қана мемлекетке емес, қоғам мен әрбір азаматқа жауапкершілік жүктелетінін айтқан Марат Қасым бағдарлама жобасының әрбір бағытына жеке-жеке тоқталып, мазмұн-мағынасын түсіндірді. 

Баяндаманы талқылау үшін сөз алған партия мүшелері бағдарлама жобасын қолдайтындықтарын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын да айтты. Партия мүшесі, «Меркі-Шапағат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әтіркүл Исаева бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы үшін әзірленетін жол картасының әр 5 жылға емес, әр 3 жылға жасалуын және барлық бастауыш партия ұйымдарында бағдарлама негізінде арнайы іс-шаралар жоспарын жасауды міндеттеуді ұсынды. Ал, «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, №5 орта мектептің директоры Нұрила Қойшыманова сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша білім беру мекемелерінде сауықтыру курстарын енгізуді ұсынса, «Тәтті» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қырықбай Мамырбаев мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған жемқорлыққа қарсы түрлі мультфильмдер мен қысқаметражды фильмдер көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді. Жарыссөз тоқталып, келесі кезекте сөз алған Жамбыл облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Гүлдара Нұрымова еліміздің тек қана бақуатты, дамыған ел ретінде емес, «жемқор мемлекет» ретінде де әлемге әйгілі болғанын дәлелдейтін бір мысалды айтып өтті. 

– Жақында Англияда болғанымда такси жүргізушісі менен: «Сіз орысша білесіз бе? Қай елден келдіңіз?» деп сұрады. Мен: «Қазақпын, Қазақстанда тұрамын» деп жауап беріп едім, такси жүргізушісі: «Иә, мен Қазақстанды білемін, өте бақуатты, сонымен бірге, соншалықты жемқорлық өрістеген мемлекет» деп айтты. Елімізде бір рет болмаған өзге елдің азаматы біздің ел туралы осындай ойда болғанына қатты ыңғайсыздандым, – дейді Гүлдара Алданышқызы. Сондай- ақ, ол осы бір індетпен күресте «Нұр Отан» партиясының мүшелері белсенділік танытуы қажеттігін атап өтті. 

Саяси кеңес отырысының күн тәртібіне қойылған екінші мәселе бойынша партия мүшесі, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Раушан Махатова баяндама оқыды. Баяндамаға сүйенсек, 2014 жылға жоспарланған медицина нысандарының бірқатарының құрылысы аяқталған, жыл соңына дейін Ақтоған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Раушан Махатова, сонымен қатар, кадр мәселесі, демографиялық көрсеткіштер, емдеу-профилактикалық жұмыстар, т.б. жөнінде «Нұр Отан» партиясы тұғырнамасы шеңберіндегі жоспарларды жүзеге асыру қорытындыларын айтып өтті. Жарыссөзге шыққан «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі Әлжан Керімқұлов пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Айдар Оспаналиев баяндаманы жан-жақты талқылады. Ауданымызға жаңа емхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасалса да, біраздан бері құрылысты бастауға бірқатар мәселелердің кедергі келтіріп тұрғаны белгілі. Сондай-ақ, медицина саласындағы кадр мәселесі де кезек күттірмей шешімін табуы тиіс. Айдар Оспаналиев осы мәселелер жөнінде айтып, шешу жолдарын қарастыру керектігін жеткізді. 

Бұдан соң күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, отырыс жабық деп жарияланды. Қаулыларда баяндамашылардың және жарыссөзге шыққан азаматтардың ұсыныстары назарға алынып, нақты іс-шаралар жоспарын бекіту, оның орындалуын бақылауда ұстау тәрізді бірқатар міндеттер көзделген.

Please reload

bottom of page